САУРАН: БҮЙРЕК АУРУЛАРЫНЫҢ БЕЛГІЛЕРІН БІЛЕСІЗ БЕ?


Әлемдік статистикада бүйректің созылмалы ауруы өлімге алып келетін алтыншы себеп екені көрсетілген. Жалпы бүйрек дертіне шалдыққандардың саны – 850 миллион болса, жыл сайын олардың 2,4 миллионы өмірімен қош айтысады. Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарына аталған ауру белгілері туралы пайдалы ақпараттарды бөлісіп отырмыз.
Қазақстанда да бұл дерттің шырмауына түсіп, шырылдап жүрген жандар жетерлік. Сонымен, бүйрек – зәр өндіріп, оны несеп жолдары арқылы сыртқа шығарумен айналысады. Ағзадағы зат алмасу кезінде пайда болған сұйықтық пен токсиндерді сүзгіден өткізіп, зәрмен бірге айдап жібереді. Сол сияқты қанның қышқылын арттырмаудың алдын алатын қышқыл-сілтілік тепе-теңдікті реттеп отырады. Бүйрек артериялық қысымды қалыпты ұстап, грмондарды өндіруге ат салысады. Эритропоэтин секілді бүйрек гормоны жілік майындағы қан жасушаларын бақылап отырады. Онымен қоса, бүйрек D дәруменін өндіріп, қандағы кальцийдің көрсеткішіне ықпал етуге қауқарлы. Бұл дәрумен сүйектің мықтылығын сақтауға көмектесетін минералдандыру әрекетіне өте қажет.
Бүйрек күніне 24 сағат артық сұйықтық пен зат алмасудан қалған токсиндерді шығарып отырады. Сау бүйрек тәулігіне қанды 300 рет тазалауға қауқарлы. Яғни, орташа есеппен 1500 литр қан әр күн сайын бүйрек арқылы өтіп тұрады.
Көбіміз ісу, бас ауруы мен шаршаудың өзі – дәрігерге көрінудің алғашқы белгілері екенін біле бермейміз. Ағзамыздың сүзгісі болған бүйрекке – инфекция, созылмалы дерттер, нашар экологиялық ахуал, дәрілер, тағамдық токсиндер, темекі тарту, алкоголь, салауатты өмір салтын сақтамаудың барлығы да өз әсерін тигізеді. Бүйрек аурулары көбінесе білінбей жүріп, пайда болады. Алайда, адамдар сол белгілердің несеп-жыныс жүйесіне тікелей қатысы барына назар аудара бермейді екен. Өкінішті-ақ!
Есте сақтаңыз. Бүйрегі ауыратын адамдардың 96%-ы уақыт өткізіп алса, жүрек-қан тамыр ауруларына шалдығатын болады.
Зәрдегі көбік
Зәр қатты қыстап, дәрет сындырғанда көбіктің пайда болуы – қалыпты жағдай. Ал оған қосымша аурулардың қосылуы – алаңдауыңызға жақсы себеп. Дәрігерлер көбіктің зәрдегі ақуыз бен токсиндердің болмағанынан хабар беретінін айтады. Бұл бүйректің дұрыс жұмыс жасамауынан, әртүрлі қосындылар мен қан құрамын сүзгіден өткізудегі бұзылыстардан пайда болады.
Алқызыл, қызыл және қоңыр зәр
Зәрдің түсі ақ сарыдан бастап, қою кәріптас түске (янтарный) дейін түрлене беруі мүмкін. Оның түсін өзгертуге кейбір жеген тағамдарымыз әсер етіп жатады. Мәселен, қызылша, жидек, фасоль мен дәрі-дәрмектер зәрді сарғылт, қоңыр, қызыл тіпті жасыл-көк түске бояп жібереді. Ал мұндағы басты мәселе – жоғарыдағы тағамдарсыз зәрдің қызыл түске енуі. Мұндай жағдайда жылдамырақ дәрігерге барыңыз.
Зәрдің тұнық болмауы
Бұл – бүйректегі тастан немесе несеп шығару жүйесіндегі инфекциядан хабар беретін симптом. Тұнықтығын бұзатын тағы бір себеп – зәрдің сусыздануы, яғни қоюлануы. Мұндай жайсыздықты байқасаңыз, көбірек су ішуге тырысыңыз. Бірнеше литр сұйықтық зәріңізді қайта мөлдірлік қалпына келтірсе, бәрі дұрыс деген сөз. Егер олай болмаса, міндетті түрде нефролог маманның көмегіне жүгініңіз!
Бел ауруы
Ауырсыну сезімі арқада пайда болады: қабырға астында, омыртқа жотасының оң және сол жақ бөлігіне беріледі. Ол кейде ішке және жыныс жолдарына дейін жетіп жатады. Бұл ауруды омыртқамен байланыстырып, шатасатындар көптеп кездеседі. Олай қателесуге болмайды! Ауруды одан әрмен асқындырып алмас үшін кәсіби көмекке жүгіну керек.
Созылмалы шаршау мен әлсіздік
Бүйрек – эротроциттердің құрылуын бақылайтын эритропоэтин гормонын өндіреді. Оның аздығы анемия, әлсіздік пен шаршауға алып келеді. Бұл – бүйректі тексеруден өткізуге алғашқы себеп болып тұр.
Бастың ауруы немесе бас айналуы
Бүйрек жұмысының бұзылысынан ағзаға жиналып қалған токсиндер мидың дұрыс жұмыс жасауына кедергі келтіреді. Бұл есте сақтау қабілетін нашарлатып, бастың ауыруы мен айналуына себеп болады. Оған дейін жеңіл атқарып жүрген жұмыстарыңыз қиынға соғып, көп күшті талап етпек. Бүйрек жұмысының нашарлауынан анемия мен басқа да асқыну процестері жүреді. Егер бұл симптомдар жиі-жиі мазаңызды алса, несеп шығару жүйесін тексеруден өткізу керек.
Жүректің айнуы мен лоқсу
Егер тамаққа дейін және кейін жүрегіңіз айныса (бұған тамақтан улану мен асқазан жолдарындағы бұзылыстардың қатысы жоқ), бүйрегіңізді тексертіңіз. Ағзаға түсіп жатқан зиянды заттарды сүзгіден өткізуге оның шамасы келмей жатқан болар? Алдымен, лоқсудың басқа да себептерін сызып тастау үшін терапевтке барып, одан соң нефрологқа көрініңіз.
Жиі зәр шығару
Бұл жайсыздыққа несеп шығару жолдарының кез келген ауруы себепкер болуы ықтимал. Ал дәл бүйрекке қатысты айтар болсақ, инфекция (пиелонефрит), тастың пайда болуы немесе ағзадағы сұйықтықтың тепе-теңдігін сақтайтын функцияның бұзылысы адамдарды әуре-сарсаңға салады.
Ісік
Бұл – ағазада сұйықтық кідіріп қалғанда болатын жайсыздық. Соның кесірінен аяқ пен көздің айналасы ісініп шыға келеді. Ісіктің өзі сізде шынымен бір аурудың барын анықтап бере алмайды. Тұзды тамақ жеу, бір орында ұзақ отыру мен кейбір дәрі-дәрмектер адам денесінің ісініп-толынуына алып келеді. Әйелдерде ішке қабылдған су етеккір немесе аяғы ауыр кезінде ағзада ұзақ сақталуы мүмкін. Ал ісіктің беті қайтпай, жиі белгі бере беруі – бүйректегі проблемаға сілтейді.
Құрғақ, жиі қышитын тері
Бүйректің қандағы құнарлы заттар мен минералдар тепе-теңдігін сақтай алмауы, токсиндер мен артық сұйықтықтықты сыртқа шығару кезінде проблемаларға тап болуы – теріні құрғақтандырып жібереді. Әрине, теріміздің түлеуіне одан да басқа толып жатқан сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін. Бар мәселе – бүйректен болса, оны міндетті түрде шешу керек.
Артериялы қысымның лезде көтерілуі
Бүйрек – адамның гормоналды жүйесінің басты қозғаушы күштерінің бірі, ол қысым мен ағзадағы қан көлемін реттеуші. Сол себепті, олардың жұмысындағы бұзылыс гипортонияның ұстамасына алып келуі мүмкін. Айтпақшы, бұл белгі ілгеріде атап өткен белгілермен қатар пайда болса ғана, бүйректің жұмысындағы проблемалардан хабар береді.
Дене температурасының өзгерісі
Үнемі тоңып-дірілдеу мен себепсіз қысымның жоғарылап кетуі бүйректегі бұзылыстардың әсері деп біліңіз. Дәрігерлер адам температурасы бүйректің қабынуынан (әсіресе, пиелонефритте) көтеріледі дейді.
Ілгерідегі симптомдарды байқасаңыз…
Уролог немесе нефрологқа көрініп, зәр мен қанға анализ тапсырған жөн.
Сол сияқты көпшілігіміз зәрге анализ тапсырып, жақсы нәтижесін көрсек, «бүйректің халі жақсы екен» деп, іштей ой қорытуға құмармыз. Алайда, ол көрсеткіш жалпы диагностикаға жарамайды. Бүйрек жұмысына сенімді болу үшін жылына бір-екі рет зәр мен қанға анализ тапсыру қажет. Міне, содан кейін ғана бүйректің жұмысын бағалауға болады.
Көптеген бүйрек аурулары асқынып, әбден әлекке салуы мүмкін. Сол үшін жоғарыда аталған симптомдарды елемей жүрмеңіз.
Ал бүйрегіміз дұрыс жұмыс жасау үшін не істеу керек?
1. Дұрыс тамақтану
Адам ағзасының сүзгісі сіздің дұрыс тамақтанғаныңызға алғыс білдіретін болады. Сондықтан рационыңыздан қақталған, тұщы, қуырылған тағамдарды алып тастап, сәбіз, алма, тәтті бұрыш, асқабақ, шпинат пен басқа да көкіністерді көбірек енгізіңіз.
2. Таза су ішу
Күн сайын 1,5-2 л су ішуге тырысыңыз, ол бүйректің зиянды токсиндерді тезірек шығаруына көмегін тигізбек. Алайда, суды бірден көп мөлшерде ішпеу керек және түнгі уақытта аз қабылдауға тырысыңыз. Ал емдік минералды судың көмегіне тек дәрігердің тағайындауымен ғана жүгініңіз. Бүйректе тастың пайда болуына көп мөлшердегі кофе мен алкоголь де әсер етеді.
3. Балдыркөк жеу, қарбыздың қабығынан сусын әзірлеу
Бүйректі тазалауда балдыркөктің пайдасы шаш етектен. Оның шырынын бүйрек аурулары кезінде ішуге кеңес беріледі. Ал ісік пен бүйректегі тасқа қарбыздан жасалған сусынның көмегі көп болмақ. Ол үшін пеште (духовка) қарбыздың қабығын кептіріп алып, ұсақтап жібереміз де, 5 минут суға қайнатамыз. Суыған соң, күніне 2-4 рет қабылдай беруге болады.
Егер бұған дейін бүйрек ауруларының біріне шалдыққан болсаңыз, дәрігерге барып, профилактикадан өтіңіз.
4. Емделу қажет
Бүйректе дерті бар жандарға арнайы емдік шараларын қолданған дұрыс. Мәселен, судан раушаны негізінде жасалған препараттың цистит кезінде шипасы көп болмақ. Бұл өсімдік иммунитет түскенде бактериялармен күресуге ықпал етеді және суық тигенде ауру тудыратын микробтардың пайда болуының алдын алып, таралуына жол бермейді.
5. Киім мен аяқ киім
Биік тақалы аяқ киіммен ұзақ жүру жамбас сүйегіне зиян келтірмек. Ол өз кезегінде бүйректің жұмысына әсер етеді. Сондықтан биік өкшелі туфлилерді киетін нәзікжандыларға ара-тұра аяқты демалтып тұруға кеңес беріледі. Онымен қоса, тар шалбар киюден де сақтану керек. Оның кесірінен қан айналымы кедергіге ұшырап, бүйрекке оттек қажетті деңгейде жетпей қалады.
6. Салқын тигізіп алмау
Суық ауа-райында аяқтың тоңбауын қамтамасыз ету керек. Сол сияқты жылы киімнің де маңызы зор. Ең бастысы, бүйрекке суық тигізіп алмаудың қамын жасаңыз.
7. Көп қимылдау және… билеу!
Физикалық белсенділік тек бүйректің саулығын ғана емес, барлық дене мүшелерімізге пайдасы көп екенін жақсы білеміз. Көптеген ауруларды емдеу үшін жаяу жүру мен суда жүзуге кеңес беріледі. Оған қоса, фитболмен айналысып, белге валик арқылы жаттығу жасау керек. Ал бүйректің саулығын қамтамасыз ету үшін белсенді түрде белді айналдыра билеңіз.
8. Бастысы, өз-өзіңді емдеумен айналысудың қажеті жоқ!
Тіпті, зиянды әсері болмайды деген дәрілердің өзін бүйрегіміз жақтырмай қалуы мүмкін. Сол себепті, бұл ағзамыз сыр берген сәтте дәрігерге барып, жүйелі емдік шаралардан өтіп, ол тағайындаған перпаратты ғана ішкен абзал.
Бүйрек амилоидозы — бүйрек ұлпасының барлық құрылымдарында (шумақтарында, түтікшелерінде, тамырларында, интерстицийінде) ерімейтін ерекше эозинрфильді фибриллярлық белоктың жиналуынан дамитын патология. Амилоидозда бүйрекпен бірге өзге ағзалар да зықымданады. Йодты қосқанда реакциясы крахмалға ұқсауынан, аталмыш затты амилоид деп тұңғыш атаған Вирохов. Кейіндеу жүргізілген биохимиялық және электрондық микроскопиялық зерттеулер крахмал мен амиловдтың арасында ешбір ұқсастықты таппаған. Бүйрек амилоидозының макроскопиялық көрінісі ертеректе «үлкен майлы бүйрек» немесе «үлкен ақ бүйрек» түрінде сипатталған. Соңғы кездегі ғылым жетістіктерінің деректері бойынша, амилоид бір-бірімен мықты байланысқан, белоктық және полисахаридтік бөлшектерден тұратын гликопротеин боп табылды. Белоктық бөлшегі фибриллярлық (Ғ-компоненттен) және глобулярлық (Р-компоненттен) тұрады. Амилоидтың фибриллярлық белоктары, ұзындығы 7,5-10 н.м. шамасындағы талшықтардан құралады. Әр талшық, диаметрі 2 н.м., екі протофибрилладан тұрады. Протофибриллалардың биохимиялық құрамын зерттеу нәтижесінде олардың қандағы қалыпты және патологиялық белоктардың полипептидтік тізбектерінің үзінділерінен (бөлшектерінен) түзілетіндігі анықталған.
Қорыта айтканда, канның кейбір қалыпты немесе патологиялық белоктарының бөлшектері мен қалдықтары — амилоид синтезінің шикізаты болуы мүмкін. Р-компонент — амилоидттың Шифф реактивімен оң реакциясын (РАS реакцияны) беретін, молекулалык массасы 180-220 килодальтон шамасындағы а-гликопротеин. Р-протеин — қанның қалыпты белогы, амилоидтың құрамында фибриллярлык белокпен тығыз байланыста болады. Амилоидтың фибриллярлық және фибриллярлық емес белоктары антигендік қасиетке ие, бұлар ұлпалардың хоңдроитинсульфаттарымен байланысып комплестер түзеді. Түзілген комплекстерге қандағы кейбір заттар келіп қосылады: альбуминдер, глобулиндер, фибрин, циркуляциялық иммундық комплекстер. Даму тегіне қарай амилоидоздың біріншілік және екіншілік түрлерін айырады.
Амилоидоздың біріншілік түрлері:
— идиопатиялық;
— тұқымдық — тұқымды рецессивті түрде қуалайды, дамуы белок синтезінің гендік кемістігінен болуы мүмкін;
— кәрілік — табиғи қартаю процесінің салдарынан дамитын;
— локальді (ісік тәрізді), көбіне көмекейде полипоз түрінде дамиды, көрінісі құрғақ жетел, қан қақырумен білінеді.
Екіншілік амилоидоз өзге аурулардың салдарынан дамиды. Екіншілік амилоидозга алып келетін аурулар:
— өкпенің бейспецификалық созылмалы аурулары және туберкулезі — 54%;
— дәнекерлік тіннің жүйелі аурулары — 15%;
— остеомиелит — 14%;
— ревматоидтық артрит, Бехтерев, Рейтер аурулары;
— бейспецификалық жаралы колит;
— миелома ауруы, гипернефрома;
— нашақорлық.
S.Menchel, 1987 жылы 150 нашақорды зерттеп, олардың 26%-да екіншілік амилоидозды тауып, амилоидоздың дамуын нашақорлардың терісінің іріңді бөртпелермен жиі зақымдануымен байланыстырған. Амилоидоз жүйелі зақымдайтын ауру болғанымен, амилоидозға ұшыраған адамдар өлімінің негізгі себептері бүйрек және жүрек шамасыздығы. Біріншілік амилоидозда бүйректің зақымдану саны 83%, екіншілікте — 98%. Амилоидоздың биохимиялық, этиологиялық және амилоидтың жиналу түріне қарай жіктемелері құрастырылған. Белоктық шикізаттың түріне қарай амилоидоздың келесі биохимиялық түрлері бөлінген.
Біріншілік идиопатиялық амилоидоз
Біріншілік (идиопатиялық) амилоидоз жүйлі түрде дамиды, себебі белгісіз, биохимиялык тұрғыдан АL-амилоидоз болып табылады. Бұдан басқа АL-амилоидозға миелома ауруында дамитын амилоидоз жатады.
АL амилоидтың белоктық бөлшегі — молекулалық салмағы 5000-2300 шамасындағы моноклондық иммундық глобулиндердің, көбіне 1 және к типті жеңіл тізбектерінің өзгермелі бөлшектеріне ұқсайтын белок. Бұл тізбектерде аминоқышкылдардың амилоидогендік қасиетке ие ерекше тіркелу реттілігі анықталған. Аминоқышқылдары осындай реттілікпен тіркелген белоктық тізбектер миелома ауруында және гендік кемістіктен дамитын біріншілік амилоидозда түзіледі.
Амилоидоздың дамуында аталмыш белоктың синтезімен қатар оның эллиминациясының бұзылысы да маңызды роль атқаруы мүмкін. Болжамдар бойынша сүйек миында иммундық глобулиндердің амилогенді жеңіл тізбектерін түзетін плазмалық жасушалар мен В лимфоциттердің патологиялық клоны пайда болады және осы клондардын апоптоздық механизмі жойылады. Осы тізбектерден амилоидтық талшықтардың синтезін макрофагтар, плазмалақ және миеломалык жасушалар іске асырады-мыс. АL-амилоидозда басым зақымданатын ағзалар: жүрек, тіл, бүйрек, ішек, бауыр, нерв жүйесі, тері.
Созылмалы пиелонефрит — бүйректің қуыстық жүйесінің және тубулоинтерстициялық аймағының басым зақымдануымен сипатталатын созылмалы бейспецификалық инфекциялық қабыну процесі. Пиелонефрит — кең тараған аурулардың бірі, ДДҰ мәліметтері бойынша оның кездесу жиілігі жоғарғы тыныс жолдарының жедел инфекциялық ауруларынан кейін екінші орында, ал бүйрек ауруларының арасында — бірінші орында. Статистика бойынша әр он адамның біреуі пиелонфриттен зардап шегеді. Пиелонефрит — нефрогенді гипертензияның және бүйректің созылмалы шамасыздығының басты себебінің бірі. Латентті ағымға бейімділігінен 20-25% пиелонефрит алғаш рет аутопсияда анықталады. Созылмалы пиелонефрит көбіне жедел пиелонефриттің салдарынан дамиды.
Этиологиясы
Даму тегінен — пиелонефрит инфекциялық ауру. Пиелонефриттің дамуында негізгі роль атқаратын қоздырғыштар:
1. ішектік аутоинфекция (ішектің флорасы — ішек таяқшалары, энтерококтар; ішектің дисбактериозында пайда болатын факультативтік флора — ішек таяқшасыньщ гемолиздік түрі, протей, клебсиелла, алтын сары стафилококк, көк ірінді таяқшалар);
2. экзоинфекция — урология, акушерлік-гинекология, реанимация бөлімшелеріңде жатқан науқастарға несептік инфекцияның құралдармен жұғуы (көбіне іріңді коктық инфекция);
3. бактериялардың 1-түрлері және микоплазмалар (әдеттегі антибактериялық дәрмектерге төзімді); бактериялардың 1-түрлері қолайлы жағдайда әдетті түріне айналып пиелонефритті өршітуі және өрістетуі ықтимал.
Көбіне қоздырғыштар несеп жолына жыныс қатынасы кезінде және несеп жолына енгізілген аспаптармен түседі. Түскен инфекцияның жоғары қарай өрлеуіне қуық-несепағарлық рефлюкс, бүйрекішілік рефлюкс, уродинамиканың обструқциялық бұзылыстары (несепағардың стриктурасы, таспен бітелуі), жүктілікке байланысты гормондық өзгерістер септігін тигізеді. Сонымен қатар, кейбір бактериялардың, несептің ағымына қарсы төтеп беріп, бұлардың жоғары қарай өрлеуіне мүмкіндік беретін құрылымдық ерекшеліктері болады. Мәселен, көптеген грамтеріс бактериялар, уроэпителийге жабысуға мүмкіндік беретін Р-фимбрияларға ие. Бактериялардың осылайша жабысуы — бактериялық адгезия феномені аталады. Фимбриялардың көмегімен уроэпителийге жабысқан бактериялар зәрдің ағымымен әкетілмейді. Грамтеріс бактериялардың пиелонефрит дамытуындағы патогендік қуаты бұлардың К- және О- антигендеріне байланысты. К-антигендер бактерияларды опсонизация мен фагоцитоздан сақтайды, ал О-антигендер уытты әсер етеді, әсіресе несеп жолдарының тегіс салалы бұлшықетінің перистальтикасын тежейді. Осыдан болатын несеп жолдарының «физиологиялық обструкциясы» зәрдің іркілісіне әкеледі, несеп жолдарындағы зәрдің қысымы биіктейді. Қысымның биіктеуінен инфекцияның бүйрекке түсуін жеңілдететін астауша — бүйректік рефлюкс пайда болады. Бактериемия болғанда инфекция гематогенді жолмен таралады, мәселен сепсисте, инфекциялық эндокардитте, т.б. Пиелонефрит жиілігінің үш шыңын айырады: 1) 3 жасқа дейінгі балалық шақ (күтімнің жеткіліксіздігінен); 2) 18-30 жас аралығындағы жас шақ; 3) егде және кәрі жас. Жиілік шыңдардың алдыңғы екеуі әйел жынысымен байланысты болса, үшіншісі — көбірек ер кісілерде байқалады.
Пиелонефрит дамуының бейімдеуші факторлары
1. Бактериурия (1 мл несепте микробтар мөлшерінің 1 х 105 артық болуы). Бактериурияның басты себебі — шат аймағының, әсіресе үрпі маңының микробтық ластануы. Мұндай жағдай дене күтімінің жеткіліксіздігінен, мәселен жастардың жыныс қатынасының гигиеналық тәртіптерін сақтамауынан болуы мүмкін. Тұрмыска шыққан кезде дефлорациялық циститтің дамуы және жыныс қатынасынан кейін бактериурияның көбеюі байқалады.
2. Уродинамиканың бұзылыстарына әкелетін аурулар (несеп тас ауруы, қуықасты безінің аденомасы, нефроптоз, несепағардың структурасы, бүгілуі немесе сырттан басылуы, рефлюкстер, дегидратация т.б.).
3. Әйелдер несеп жолдарының жыныстық ерекшеліктері. Әйелдер уретрасының қысқалығы және кеңдігі, үрпінің артқы етіс пен қынапқа жақындығы инфекцияның уретраға және қуыққа оңай енуіне септігін тигізеді.
4. Жүктілік және гормондық контрацепциялық заттарды қолдану. Жүктілік кезінде эстрадиоддың, прогестеронның деңгейлері жоғарылайды. Жыныс ағзаларының және несеп жолдарынын эмбриональдік даму тегі бір болғандықтан, бұлардың гиперэстрогенемияға қайтаратын жауабы да ұқсас. Пиелонефрит 40 жасқа дейінгі шақта — әйелдерде, ал егде және кәрілеу шақта — жиілеу еркектерде кездеседі. Әйелдерде пиелонефрит балалалық шақтан немесе тұрмыс құру кезінен басталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы