Қазақ халқы ежелден-ақ ер жігітті ел қорғаны, ұлт тірегі деп білген. Қазақы тәрбие бойынша көшпелі өмір салтында ер бала ат үстінде шынығып, жауынгерлік дағдыларды жақсы меңгеруі тиіс. Бүгінгі заманда осы дәстүрдің жалғасы әскери қызмет деп айтсақ артық емес. Олай дейтініміз, әскери борыш – әр азаматтың отан алдындағы парызы ғана емес, оның жеке тұлға ретінде шыңдалу жолы. Қазір Түркістан өңірінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жүріп жатыр. Осы науқанға облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жасақталуда. Биыл Қарулы Күштер қатарын өңірдің қанша азаматтары толықтырады? Былтырғы көрсеткіш қандай? Азаматтарды әскерге шақыртуда жаңашылдық бар ма? Көкейіміздегі сауалдарды Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Көлдербаев Жандос Тынымбекұлына қойған едік.
— Жандос Тынымбекұлы, былтыр күзгі шақырылымда Түркістан облысының азаматтарының қаншасы әскери борышын өтеді? Жоспар толық орындалды ма?
— Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады. Атап айтсақ, сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін. Облыста күзгі әскерге шақыру науқаны қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып жүргізілді. Өткен жылдармен салыстырғанда әскерге шақыру кезінде қойылатын негізгі талаптарда өзгеріс болған жоқ. 2024 жылы Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға бес мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Өңірде әскерге шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар бекіткен кестелерге сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып жүргізуде. Жалпы, әскерге шақыру жоспары артығымен орындалды десек болады.
— Биыл облыста қанша азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады? Оның ішінде көктемгі шақырту кезеңде Қарулы Күштер қатарын қаншасы толықтырмақ?
— Иә, 1 наурыздан бастап облыс азаматтарын көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 14 аудандық шақыру комиссияларының жұмысы ұйымдастырылады. Айта кетейік, алдағы уақытта әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарын аяқтаған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. Жалпы биыл шамамен бес мыңнан аса азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр. Көктемде 3 мыңға жуық ер азамат әскер қатарын толықтыратын болады. Соның ішінде қарулы күштерге – мыңнан аса адам, ұлттық ұланға – мыңға жуық, ҰҚК шекара қызметіне – төрт жүзге жуық, төтенше жағдайлар министрлігіне – 30, мемлекеттік күзет қызметіне 30-дан астам адам шақырылады.
— Заң бойынша әскерге шақырудан босатылатын немесе әскери қызметті кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтар туралы толығырақ түсіндіріп кетсеңіз…
— Алдымен Қазақстандағы әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінетінін атап өтейік: мерзімді әскери қызмет (18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге), запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер мен отыз екі жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері үшін 24 ай мерзімге), келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес), әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан үш айға дейінгі мерзімде). Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 35 және 36-баптарына сәйкес жүзеге асады. Бұл қызмет электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Заңның 35-бабына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға:
1) отбасы жағдайы бойынша;
2) білімін жалғастыру үшін;
3) денсаулығы бойынша;
4) кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педогогтерге;
5) ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге;
6) Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына;
7) қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға;
8) азаматтық әуе және су кемелері экипажының мүшелеріне, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне;
9) құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.
Ал заңның 36-бабына сәйкес әскери қызметке шақырудан:
1) денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;
2) жиырма жеті жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған;
3) туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;
4) басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;
5) ҚР арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;
6) ғылыми дәрежесі бар азаматтар;
7) тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Сондай-ақ соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.
— Жандос мырза, қазіргі таңда әлеуметтік желіде әскердегі әлімжеттік хақында бейнежазбалар мен жағымсыз жаңалықтар желдей есіп жүр. Халықтың арасында наразылық көбейгенін де байқаймыз. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін министрлік қандай міндеттерді қолға алды?
— Иә, қорғаныс министрлігі бірқатар бірегей жобаларды іске асырып жатыр. Соның ішінде мерзімді қызметтер әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар беру жөніндегі іс-шараларды іске асыру аяқталды. Бұдан бөлек министрлік азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба ұсынып отыр. Тегін грант пен жеңілдік — әскерге барудан жалтаратын жастарды азайту мақсатында қолға алынған жоба.