Түркістан облысы республикада ауыл шаруашылығы саласы бойынша көш басында. Ал Сарыағаш – жылыжай шаруашылығы бағыты бойынша үздік аудан.
Осы орайда, Сауран ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен аудан кәсіпкерлері жылыжай шаруашылығын дамыту бағытында тәжірибе алмасу мақсатында Сарыағаш ауданына іссапармен арнайы барды. Жұмыс сапары барысында аудан әкімінің кеңесшісі Бекзат Абубакиров бастаған, құрамында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сәкен Оразбаев пен жергілікті кәсіпкерлер сарыағаштық кәсіпкерлермен кездесіп, кешендердің жұмысымен танысты. Алдымен, саурандықтар «Агротур» шаруа қожалығында болып, тәжірибе алмасты. Жалпы жер көлемі 15 гектарды құрайды, оның ішінде жылыжай көлемі – 4 гектар. 1 гектар аумаққа соңғы технологиямен жабдықталған көшетхана орналасқан. Ол жылына 20-25 млн дана көшет өндіруге қауқарлы. Сонымен қатар 2 гектар жылыжайда раушан гүлінің голландиялық сортын өсіріп отыр. 0,12 гектар тәжірибе алаңына айналған жылыжайда банан, папая, құлпынай өнімдері өсірілуде. Одан бөлек, аталған шаруашылық ашық алаңда құлпынай және басқа да көкөністер өсірумен айналысады.
Саурандық делегация «Жабай ата» шаруашылығын аралады. Мұнда 29 гектар жерде орналасқан жылыжай бар. Оның 7 гектар аумағына лимон өсірілуде. Қалған 22 гектар аумаққа құлпынай және көкөніс өсіріліп, еліміз бен жақын шет мемлекеттерге экспорталуда. Аталған шаруашылық жылына 3500 тоннадан астам өнім өндіреді.
Сонымен қатар саурандық кәсіпкерлер «Абдураман» шаруа қожалығында болды. Құлпынай өсірумен айналысатын қожалықтың жер көлемі 33 гектарды құрайды. Бүгінгі таңда мұнда жылыту жүйесінсіз құлпынай өсіру қолға алынған. Аталған шаруашылық жылына 500 тонна құлпынай өндіруді жоспарлауда. Бұл жылыжайдың көлемі – 2,5 гектар. Жыл соңына дейін 10 гектарға дейін ұлғайту көзделуде.
Жылыжай иелері мен жылыжай салуға ниеттеніп отырған азаматтарды қуантқан тағы бір жаңалық – 2024 жылдан бастап Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтарына қосымша 150 мың тонна шұбаркөл көмірінің жеткізілетіндігі.
Нақтырақ айтсақ, «Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында қатты отынды жеткізуге тікелей келісімшарт жасасу арқылы қосымша 150 мың тонна көмір жеткізу туралы келісімге барлық мүдделі қатысушылар: Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздердің арқасында қол жеткізілді.
Келісім аясында жылыжай шаруашылықтары үшін 1 тонна көмірдің құны 10 350 теңгені құрайды екен. Қатты отынды жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталмақ. Қызығушылық танытқан жылыжай шаруа қожалықтары келісімшарт жасасу жолдары туралы толық ақпарат алу үшін Түркістан облысы әкімдігінің энергетика басқармасымен байланысуы қажет. Өңір әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы жылдың 20 шілдесіндегі жағдай бойынша өңірге 148,8 мың тонна көмір жөнелтіліп, жылыжай шаруашылықтары ол қордан 28 мың тонна көмір сатып алған.
Сонымен бірге, әрбір өңірдің қажеттіліктері мен ерекшеліктерін ескере отырып, коммуналдық-тұрмыстық көмір сауда-саттығының нормативтерін ретке келтіру мақсатында Сауда және интегрция министрлігінің Сауда комитеті, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі және Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, биржалық сауда саласындағы заңнамаға өзгерістер енгізу жұмыстарын жүрігізіп жатыр.
Жалпы, жылыжай шаруашылықтарын қарқынды дамыту тұрғысынан алғанда Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Оны республикадағы жылыжайлардың 71 пайызы осы облыстың үлесінде екенінен және оның жалпы аумағы 1569 гектарды құрайтынынан-ақ аңғаруға болады. Бұл тұрғыда облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы аталған салаға жасалатын қолдауды күшейтіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруды тапсырған.
Оның үстіне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін алға қойға болатын. Мұндағы басты мақсат – ауыл шаруашылығы субьектілерін, бизнес өкілдерін қолдай отырып, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету десек, қателеспейміз.
Осы орайда, біршама уақыт бұрын Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында Түркістан өңірінде ерте пісетін көкөністерді өзге облыстар мен қалаларға жөнелтуге форвардтық келісімшарт жасақтау жөнінде көшпелі жиын өткен. Тиісінше, аталған келісімдер арқылы көкөністер тиімді бағада саудаланды.
Көшпелі жиналыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі егіншілік депарментінің мелиорация басқармасының басшысы, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары, қаржы мекемелері, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, ірі сауда желілерінің басшылары және кәсіпкерлер қатысты. Жиында Түркістан облысының ауыл шаруашылығын дамытуда еліміздегі ең қолайлы өңір екені айтылып, мүмкіндіктері сараланды.
Жиында белгілі болғандай, Түркістан өңірінде көкөністер басқа өңірлерге қарағанда 1,5-2 ай бұрын жиналатыны айтылды. Жылдық тұтыну нормасына сәйкес, облыс халқы картоп, сәбізбен 1,5 есе, пиязбен 4,4 есе және қырыққабатпен 6,6 есе қамтамасыз етіледі екен. Демек, Түркістан облысы диқандарының республика халқын әлеуметтік маңызы бар ерте мезгілдік картоп, пияз, сәбіз өнімдерімен қамтуға толық мүмкіндігі бар деген сөз.
Тиісінше, биыл Түркістан өңірінде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру аясында ерте пісетін картопты 9,02 мың гектарға, пиязды 2 мың гектарға, сәбізді 1,24 мың гектарға және қырыққабатты 7,54 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Нәтижесінде 186,3 мың тонна картоп, 55,5 мың тонна пияз, 30,4 мың тонна сәбіз және 187,2 мың тонна қырыққабат өнімін жинау межеленген. Осы ретте, көшпелі мәжіліс барысында Түркістан облысы әкімдігі мен облыс және облыстық маңызы бар қала әкімдіктері арасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Сонымен бірге, облыс әкімдігі тарапынан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне көктемгі дала жұмыстарына берілетін жеңілдетілген несие көлемін ұлғайту жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – қазір мемлекет сауатты түрде тірлік істеймін деген адамның бәріне бірдей қолдау көрсетіп жатыр. Тек шаруалар қандай да болсын құжатпен жіті танысып, өз мүмкіндіктерін анық біліп алса болғаны. Одан бөлек, субсидияға қызықпас бұрын, бастайтын жұмыстың ұңғыл-шұңғылына үңіліп, теориялық және практикалық білімді жетілдіріп алған жөн. Сонда ғана азаматтар тиісті қолдауларды талап етіп, өз пайдасына кәдеге жарата алады. Ең бастысы – жылыжай ісін далада да, қаладада да жүрізуге болады.
Мемлекет басшысы “Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы” жарлыққа қол қойған болатын.
“Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызға жуығы ауылда тұрады. “Ауыл – ел бесігі” деп халқымыз бекер айтқан жоқ. Сондықтан, ауылдағы жағдайды жақсарта алмасақ – бәрімізге сын. Сол үшін мен бүгін ауылды дамыту мәселесі туралы жарлыққа қол қоямын. Осы құжат арқылы үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырамын. Бұл менің жаңа президенттік мерзімдегі бірінші жарлығым болады. Үкімет ауылды дамытуға арналған барлық жобаны жүйелі түрде реттеп, жинақтауға тиіс. Содан кейін мақсатты түрде тиімді жұмыс жүргіземіз”, – деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды екендігі түсіндірілді. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұрғандығы айқындалды. Сонымен қатар, Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн деп айтты.