Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында елге Жеңіс сыйлаған майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне алғыс білдіру мақсатында ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті киелі шаһардағы Жеңіс саябағында гүл қою рәсімін өткізді. Шара барысында Даңқ мемориалына гүл шоқтары қойылып, Отан үшін жанын қиған ерлер рухына тағзым жасалды.
Сондай-ақ Департамент бастығының атынан 98 жастағы соғыс ардагері Бадан Төребаевқа арнайы құттықтау хаты мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Айта кетейік, 1924 жылы дүниеге келген Бадан Төребаев 1944 жылдың 15 қазанында әскерге шақырылып, 4 айлық дайындықтан соң майданға аттанады. Ол Белоруссиядан бастап Берлинге дейінгі ұрыстарға қатысып, «Ерлігі үшін» медалімен, І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін 1950 жылы елге оралған майдангер Кентау қаласындағы «Мырғалымсай» кенішінде еңбек етіп, зейнетке шыққан. Қазіргі таңда 2 ұл, 3 қыздан тараған 14 немере, 31 шөбере және 2 шөпшектің сүйікті атасы.
Ардагер Департамент ұжымына көрсетілген құрмет үшін алғыс айтып, елге амандық, аспанға тыныштық тіледі.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық статистика және
арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің
Түркістан облысы бойынша департаменті.