КЕРЕК ДЕРЕК: ЭКОНОМИКАНЫ ЖАСЫЛДАНДЫРУ – НЕГІЗГІ БАҒЫТ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі бағыттарының бірі деп атады. Еліміздің өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және өсіп келе жатқан шөлейттенуді ауыздықтау үшін бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөніндегі мемлекет басшысы алға қойған ауқымды міндет жүзеге асырылып жатыр. Осы бағытта Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында 15079,23 га аумаққа әртүрлі ағаш-бұта көшеттері отырғызылды. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында басқармаға қарасты «Жасыл аймақ» КММ жоспарына сәйкес жүзеге асты. Негізгі меже 31 468,43 гектар болған. Түркістан облысы әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп» «ҰАК» АҚ» мекемесі арасындағы меморандум аясында «Жасыл аймақ» КММ-мен келісімшарт түзіліп, кешенді жоспар жасалған болатын. Осыған байланысты Түркістан облысы әкімінің орынбасарының қатысуымен жиын өтті. Мәжіліске Түркістан облысы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, «Оңтүстік тау-химиялық компаниясы бірлескен кәсіпорны» ЖШС, «Қаратау» ЖШС, «Қазатомпром-Sauran» ЖШС компаниялары мен жауапты сала мамандары қатысты. Жиында келісімшарттың тармақтарында көрсетілген мекеме тарапынан орман қоры жерлерінде өтемдік мәдени екпе отырғызу, мәдени екпелерді күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу және уран өндіруші кәсіпорындардың тарапынан келісімшарт бойынша туындаған мәселелер қаралды. Компания өкілдері өз талап-тілектерін айтты.
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары «Жасыл аймақ» КММ-не белгілеп берілген жер телімдерін мемлекет мұқтаждығына алу және табыстау қажет екенін айтты. Ал тұрақты пайдалану үшін берілетін мемлекеттік актіні алу жөнінде берілген тапсырмаларды орындамаған жағдайда жауапты өкілдердің жауапкершіліктері қаралып, заң аясында қатаң тәртіптік шара қолданылатынын ескертті. Осы орайда, Сауран ауданының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.
Түркістан қаласы, Сауран және Отырар аудандарында бекітілген жоспарға сәйкес, «Қазатомөнеркәсіп» «ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындармен мәдени екпе отырғызуға 20 107,0 га аймаққа ағаш, сексеуіл көшеттері белгіленіп, қазіргі таңда 8 934,2 га егілген.
Ұлттық компаниялардан аударылған қаржыға аумақтарға сексеуіл тұқымы себіліп, жапырақты ағаш пен сексеуіл отырғызылды. Сондай-ақ аумаққа орман шаруашылығы жолдары салынып, тік ұңғымалар қазылып, суғару жүйесі жүргізіліп, жасыл желектер қоршалды. Алдағы уақытта аталған жұмыстар тұрақты жалғасады.
Түркістан облысы әкімінің 24.03.2023 жылғы № 46 санды 938,0 га жер учаскелерін уранды жер асты ұңғымасында шайып сілтісіздендіру туралы қаулысы шыққан. Осы қаулыға сәйкес, мекеме осы күнге дейін келісімшарттың 2.3.1. тармағына сәйкес тиісті қаражатты өз мерзімінде аударуы тиіс. Жиын барысында ұсыныс-пікірлер айтылды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығына сәйкес, Түркістан облысының орман қоры жерлеріне егілген орман екпелері мен дақылдарының ғылыми дәлелденген нормалық көнімділігі, жерсінуі мен сақталуы 50 пайыз мөлшерінде көрсетілгенін уран өндіруші мекемелеріне негізге алу ұсынылды.
Қайрат Абдуалиевтің мәлімдеуінше, аталған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда «Казгидромет» мекемесінің мәліметіне сәйкес, Түркістан қаласында атмосфералық ауаның ластануы 65%-ға төмендеген. Атқарылған жұмыстарға жергілікті тұрғындар оң бағаларын беруде. «Жасыл белдеудегі» 15079,23 га жерге көшет егіліп, күтіп-бапталып жатыр. Алдағы уақытта бұл аумақты 30 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда жоспарды толық орындау мақсатында аталған аудандарда жер тапшылығы болған жағдайда халыққа зияны тимейтіндей шешім қабылданып, жергілікті жерлерге орман екпелерін егу қарастырылады. Жиын соңында орман ережесінде мәдени екпелерге орманмен көмкерілген аймаққа ауыстырғанға дейін үш жыл күтіп-баптау және толықтыру жұмыстары атқарылатыны сөз болды. «Жасыл белдеу» экологиялық аумағында орналасқан орман алқаптарындағы топырақтың құмшауыт және сортаң болуына байланысты аса қажеттілік туындаған жағдайда бес жылға толықтыру жүргізілетіні мақұлданды.
Сонымен қатар, «Жасыл Қазақстан» – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген Ұлттық жоба. Осы арқылы еліміз¬дегі эколо¬гиялық жағдайды жақ¬сар¬тып, ха¬лық¬қа қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру көзделген.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, құжат төрт негізгі бағыттан тұрады. Тұтастай алғанда, Ұлттық жобада 11 міндет қарастырылып, соған сәйкес 19 көрсеткіш және 48 іс-шара айқындалды.
«Бірінші бағыт – «Таза Қазақстан» атмосфералық ауа сапасын жақсарту, қалдық¬¬тарды басқару және еліміздегі су нысандарының экожүйелерін сақтау сынды негізгі экологиялық проблемаларды шешуге ықпал етеді. «Үнемді Қазақстан» бағытында табиғи ресурстарды тұрақты пайдалануға ден қойылады. Бірінші кезекте, бұл су ресурстарына және экономиканың энергия сыйымдылығын төмендетуге қатысты. «Табиғат» бағытының мақсаты – био¬алуан¬дықты сақтау және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту. Төртінші бағыт – «Экология болашағы» халықтың экологиялық білімі мен мәдение¬тінің деңгейін арттыруға арналған.
Әр бағыт бойынша мемлекеттік жоспарлау жүйесінің бірінші деңгей¬дегі құжаттарымен, сондай-ақ БҰҰ Орнық¬ты даму мақсаттарымен өзара байланыстылығы айқындалған. Мәселен, тұрақты дамудың 17 мақсатының ішінде бұл жоба жеті мақсатты іске асыруды көздейді», деді С.Брекешев.
Еліміздің бас экологы айтқандай, «Таза Қазақстан» атмосфералық ауаның ластануын азайтуды, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіруді, тұйық циклдегі экономиканы дамытып, тарихи ластануларды жоюды және республика аумағындағы су нысандарының экожүйелерін сақтауды көздейді. Бұл біріншіден, ластанудың деңгейі жоғары өнеркәсіп орындарының қызметі мен электр стансаларында көмірді жағумен байланысты. Осы мәселені шешу үшін ауа сапасы нашар 10 қалада 5 жыл ішінде 16 ірі кәсіпорында зиянды қалдықты 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Айталық «АрселорМиттал Теміртау» қалдық көлемін 54%-ға азайтуға міндетті. Экожүйені орнықты дамыту үшін әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ауданы шамамен 10-12%-ды құрауы тиіс. Қазір Қазақстанда ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың үлесі – 9,6%. Осыған байланысты «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық паркін және «Мерке» қорықтар табиғи паркін құру жоспарлануда.
«Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың санын қалпына келтіру» міндеті шеңберінде тұран жолбарысын реинтродукциялау үшін азық базасын құру мақсатында «Іле – Балқаш» мемлеккеттік табиғи резерватында қабан, тоғай бұғысы, елік санын ұлғайту көзделген. Сондай-ақ балық ресурстарының табиғи популяциясын 224 мың тоннаға дейін ұлғайту және жерсінуі кемінде 65% болатын 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі іс-шаралар қарастырылған», деді министр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы