КЕРЕК КЕҢЕС: СУ САЛАСЫ МАМАНДАРЫНА ГРАНТ КӨБЕЙЕДІ


Еліміздің ақпарат кеңістігінде 2030 жылға қарай елімізде өзендер ағыны 99,4 текше метрге дейін азаятыны айтылды. Мұндай болжамды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі мәлім еткен болатын.
«Бүгінде бүкіл әлем жаһандық климаттың өзгеруіне байланысты сын-қатерлерге тап болып отыр. Қазақстанда су ресурстары трансшекаралық жағдайға тәуелді және ел аумағында су ресурстары біркелкі бөлінбеген. Сонымен қатар жаһандық жылыну мәселесі бар. Бұның бәрі алдымен су ресурстарының тапшылығына алып келеді. Өзен ағысының көпжылдық динамикасы көрсетіп отырғандай, жергілікті және трансшекаралық су ағынын азайту, жалпы су ресурстарының азаюына әкеліп отыр. Егер 2000 жылы өзеннің орташа көпжылдық ағымы 120 текше метрді құраса, қазір шамамен – 102 текше метр. Су ресурстарының азаюы климаттық өзгерістер мен антропогендік факторларға байланысты. Соңғы жарты ғасырда температураның өсуіне байланысты мұздықтардың тозуы байқалады. Су ресурстарының азаюы және халық, экономика мен экологияның қажеттіліктері үшін суға деген сұраныстың өсуі жағдайында Қазақстанда 2030 жылға қарай оның тапшылығы 23 текше метрді құрауы мүмкін. Бұл көрсеткіш халықтың жыл сайынғы тұтынуымен салыстырылады», – деді ол елордада өткен «ECOJER» ІІ халықаралық экологиялық конгресте.
Сонымен қатар, ол елімізде су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын құру жоспарланғанын жеткізді. Оның айтуынша, Үкімет су ресурстарын басқаруға қатысты бірнеше шара қабылдап жатыр екен.
Біріншісі – трансшекаралық су ресурстарын пайдалануда көршілермен мемлекетаралық су қатынастарын құру кезінде халықаралық су құқығы қағидаттарын барынша іске қосу қажеттігі.
Екіншісі – суға деген сұраныс артқан жағдайда тапшылықты жоюға қатысты. Яғни қолда бар су ресурстарының әлеуетін сақтап, су ресурстарын игеруде интеграцияланған басқару практикасын жақсарту. Сонымен қоса халықты, су жүйелері мен экономика салаларын сумен теңгерімді қамтамасыз етуге мән беріліп жатыр екен.
Сондай-ақ, ол: «су ресурстарын қорғау, бақылау және пайдалануда бассейндік инспекцияның қызметін күшейту қажет. Себебі бүгінде бассейндік инспекция қызметкерлерінің жүктемесі жоғары болуына байланысты су қорын қорғауда бақылау әлсіреген. Жоғарыда аталған су ресурстарына қатысты мәселелердің шешімін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету үшін «Қазақ Су шаруашылығы» ғылыми-зерттеу институтының базасында су ресурстары мен су шаруашылығы проблемалары жөніндегі салалық ғылыми-зерттеу талдау орталығын ашу жоспарланып жатыр. Мақсат – Су ресурстары комитеті мен бассейндік инспекцияны нығайту», – деп пікір білдірген.
Сондай-ақ, өткен жылдың жазында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің штат санын көбейтуді ұсынып, су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларын күшейту қажеттігін жеткізген.
«Комитет құрамында су ресурстарын есепке алуға, өңіраралық су бөлуге және су саласын перспективалық дамытуға жауапты құрылымдық бөлімшелер құрылады. Ол үшін Су ресурстары комитетінің штат санын тағы 21 орынға (39-дан 60-қа дейін) көбейту керек. Сонымен бірге, су ресурстарын пайдалану мен қорғауға тиісті бақылау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін бассейндік инспекциялар штатын тағы 153 орынға (97-ден 250-ге дейін) ұлғайту қажет», – деді бұл тұрғыда министрлік өкілдері.
Ал, бұған дейін Қазақстанда 2030 жылға қарай су ресурстарының тапшылығы 23,2 текше километрге жетуі мүмкін екені айтылған болатын. Оған қоса, елдің шығыс өңірі су ресурстарымен анағұрлым көбірек қамтамасыз етілсе, орталық Қазақстан ең аз қамтылғаны, ал Оңтүстік пен Батыс өңірлер шекаралас елдерге тәуелді болып отырғаны мәлім болған.
Сонымен қатар, «Ғылым су ресурстарын басқару жүйесінен сыртта қалды» – деген Су ресурстары комитеті су қорын пайдалану және қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Су кодексінде бірқатар негізгі проблемаларды шешу жолдары ұсынылатынын айтты.
«Ең алдымен, су ресурстарын басқару қызметін мемлекеттік-ақпараттық қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі бар. Бұрын жүргізілген қайта құруларға байланысты су ресурстарын есепке алу, талдау, жағдайдың дамуын болжау, суды пайдалануды бақылау сияқты мәселелер басқару жүйесінен шығып, назарсыз қалған. Осылайша нақты есепке алу мен талдаудың болмауы экономика салаларының, халықтың қажеттіліктеріне және су ресурстарының тапшылығына суды тұтынудың дұрыс балансын құруға мүмкіндік бермейді», – деді ол Су кодексі жобасын қоғамдық талқылауда.
Осы орайда, Кибершабуылдарды тергеу және сараптау орталығының басшысы су ресурстарын цифрландыру оны үнемді әрі тиімді пайдалануға алып келетінін айтқан еді. «Басты артықшылығы бұл ашықтық, адами фактордың аздығынан жүйенің тиімді жұмыс істеуі. Яғни, адами факторлар мен адами қателіктер жойылады. Жүйе үлкен деректерді сараптап, барлық көрсеткіштерді қадағалап отырады және соның негізінде шешім қабылдайды. Мәселен, су ресурстарын цифрландыру – бұл деректері құрылымдау. Ал бұл су ресурстарын үнемді әрі тиімді пайдалануға алып келеді», – деген сарапшы өз сөзінде.
Яодан бөлек, ол елімізде цифрландыру қарқынды өсім көрсетіп отырғанына назар аудартып: «Бізде ең үздік электронды үкіметтің бірі. Дегенмен, киберқауіпсіздікті де қаперден шығаруға болмайды. Өйткені, хакерлік топтар, алаяқтар бар. Егер олар барлық цифрландыруды басқару жүйесіне кіру мүмкіндігін алатын болса, онда бізді блэкаут күтуі мүмкін. Мәселен, бізде ақпараттық жүйелердегі осал тұстарды анықтау жөніндегі ұлттық бағдарлама бар. Тәуелсіз зерттеушілер бірнеше жыл бұрын Астана қаласын сумен жабдықтау жүйесін басқару бойынша есеп тапсырды. Электронды үкіметтің де осал тұстары анықталды. Бұл екі ұшы бар таяқ – ыңғайлылық және қауіпсіздік. Сондықтан да цифрландыру арқылы азаматтарға ыңғайлы сервис ұсынуымыз қажеттігін айтқан кезде сол деректердің қорғалуын да ойластыруымыз керек», – деген.
Ал, биыл су саласында сұранысқа ие пәндер бойынша жоғары білім алу үшін білім беру гранттарының саны ұлғайды. Мұндай бастама Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама-жобасында көтерілген.
«М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетімен бірлесіп, су саласында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін аталған жоғары оқу орнын дамыту бағдарламасы бекітіледі. Бұл жұмыстар 2023-2029 жылдар аралығында жүргізіледі. Сонымен бірге, су саласындағы инновациялық пәндерді қоса отырып, білім беру бағдарламалары жаңартылады. Су саласының сұранысқа ие пәндері бойынша жоғары білім алу үшін мемлекеттік білім беру гранттарының санын ұлғайтылады», – делінген Ашық НҚА порталында жарияланған 6 жылдық тұжырымдамада.
Сонымен қатар, жұмыс жоспарында баяндалғандай, келер жылдан бастап Ертіс, Деркөл, Елек, Есіл, Тобыл, Нұра, Шу, Селета, Қаратал, Топар, Сырдария, Ойыл, Жем, Сағыз өзендерінің арнасы тазартылады. Олар тиісті өңір әкімдіктерімен бірлесе орындалады.
Тағы бір айта кетерлік жағдай – 2029 жылға қарай еліміздің су ресурстары саласындағы маман тапшылығы 800 адамға жетеді екен. Бұл туралы Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айтылған.
«Жаңа технологияларды енгізу аясында су саласындағы мамандықтар үшін білім беру стандарттарын қайта қарау қажет. Болжам бойынша, 2029 жылға қарай жоғары білікті мамандарға деген қажеттілік 800 адамға дейін артады. Бұл ретте оларды оқыту үшін 350-ге дейін профессорлық-оқытушылық құрам, оның ішінде 170-і ғылыми дәрежесі бар адам қажет болады», – делінген құжатта. Одан бөлек, бұл тұжырымдама авторлары салаға жастардың келмеуіне түрткі болып отырған факторларды да атаған.
«Жалақының төмен деңгейіне, жұмысқа орналасудың күрделілігіне, шаруашылық жүргізуші субъектілердің жас мамандарды жұмысқа қабылдауға құлықсыздығына байланысты су шаруашылығы ұйымдары қызметкерлерінің басым бөлігін зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар құрайды. Ұрпақтар сабақтастығы қағидатын бұзудың қауіпті тенденциясы байқалып отыр. Өйткені жоғары білікті маман даярлау және қалыптастыру үшін кемінде 10-15 жыл қажет», – деп жазылған тұжырымдамада.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы