Өт пен бауыр – адам ағзасындағы маңызды орган. Екеуін ағзаның сүзгісі деп те айтуға болады. Олар бірлесе отырып қанды шлак, токсиндерден тазартып, ағзаға минерал, дәрумендер мен амин қышқылдарының сіңуін қамтамасыз етеді. Қазір өт, бауыр ауруына шалдыққандар көп. Енді бұл неден пайда болатынына тоқталайық.
Аурудың басты себебі – стресс, дұрыс тамақтанбау, өт қабының және өт жолдарының дамуындағы ауытқу. Сауран ауданы медицина мамандарының айтуынша, мұндай жағдайда адамның терісі, көздің ақ қабығы сарғаяды. Денесі қышып, салмақ жоғалтуы мүмкін. Түнде қатты терлеп, іші (оң жақ қабырғаның асты) ауырады, тәбет төмендейді.
Өзіңізден осы белгілерді байқасаңыз, дәрігерге қаралғаныңыз жөн. Ең алдымен дұрыс тамақтануды қолға алғаныңыз маңызды. Адам күніне үш мезгіл уақытылы тамақтанса, ағзада өт жақсы бөлінеді. Ал уақытты өткізіп алып, түнде тамақтансаңыз, өт дұрыс бөлінбей, ауру пайда болуы мүмкін. Сондықтан уақытылы тамақтануға көңіл бөлуге тырысыңыз. Ащы, қуырылған, ұн өнімдерінен жасалған тағамдар, сондай-ақ тәтті, майлы, ысталған асты, газдалған сусынды шектегеніңіз абзал.
Өт дұрыс жұмыс істеуі үшін қандай тағамдарды шектеу керегін айттық. Енді ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін не пайдалы?
Буға пісірілген тағамдарға басымдық бергеніңіз жөн. Сонымен қатар мамандар пайдалы майларды (зәйтүн, зығыр майы), жемістер мен көкөністерді тұтынуға кеңес береді. Өтті сұйылту үшін жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды.
Өт тастарының пайда болуына жол бермес үшін келесі сақтық шараларын қолданғаныңыз артық болмас. Ол – салауатты өмір салтын сақтап, салмақты қадағалап отыру, жүйелі түрде жаттығу жасау, талшыққа бай диета ұстану, керісінше, майы жоғары, талшығы аз тағамдарды тұтынбау.
Өт — майлардың, майда еритін дәрумендердің қорытылуына, нәруыздар мен көмірсулардың сіңуіне қажет бауыр жасушаларынан өндіріледі. Бауырдан, түтіктер арқылы қуыс ағза – өт қабына түсіп, онда жиналып, өт қоры сақталады. Майлы тағамдарды тұтынған кезде өт қабының қабырғалары жиырылып, жиналған өт түтік арқылы ұлтабарға бөлініп, ас қорытуға қатысады.
Өттің негізгі міндеті — тамақпен бірге келетін және өтпен өңделгеннен кейін май қышқылдары қанға еніп, бұлшықеттерді қоректендіруге, жасушаларды құруға және гормондарды өндіруге жіберілетін майларды ыдырату процесіне қатысу. Ыдыраған майдың ішінде майда еритін A, D, E, K дәрумендері тек май қышқылдарымен бірге тіндерге енеді. Сонымен қатар, өт ағзаға өт қышқылдарымен байланысатын және ішектерден нәжіспен бірге шығарылатын артық холестериннен құтылуға көмектеседі.
Өттің іркілуі – өт қабынан өт жеткіліксіз мөлшерде шығатын немесе мүлдем шықпайтын жағдай. Өт қабында жиналатын өт шоғырланып, ұзақ қозғалмаған жағдайда ол өте қою, қоймалжың болады. Өт бөлшектері тұнбаланып, қалдық түзеді, бұл ақырында тас пайда болуына әкеледі. Бауыр жасушалары өт шығаруды жалғастыра отырып, өт қабының жиналуына және созылуына ықпал етеді және қысымның жоғарылауына байланысты өт бауыр түтіктері арқылы кері ағып, бауырға уытты әсер етеді.
Майлар мен майда еритін дәрумендер сіңуінің бұзылуы метаболизмдік теңгерімсіздікке әкеледі, бұл дәрумен тапшылығының, дисбактериоздың, остеопороздың дамуына әкеледі. Өт жеткіліксіз болса, холестерин ішек арқылы сіңіп, қанға түседі. Қандағы холестерин деңгейінің жоғарылауы холестерин түйнектерінің пайда болуына, қантамыр атеросклерозының және жүрек ауруларының дамуына әкеледі.
Қандай қауіп факторлары өт іркілуіне ықпал етеді:
• пассивті өмір салты және көп отыратын жұмыс
• жыныстық фактор: жүктілік кезіндегі қауіп немесе менопауза кезіндегі гормондық өзгерістерге байланысты әйелдерде ерлерге қарағанда жиі кездеседі
• жас ерекшелігі: егде жастағы адамдар өт іркілуіне бейім
• рационда қаныққан майлар мен холестеринге бай тағамдардың басым болуы
• өт жолдарының жиі инфекциялық жұқпалары
• созылмалы бауыр аурулары
• антибиотиктерді ұзақ қолдану
• семіздік
Өттің іркілуінің себептері:
• дұрыс тамақтанбау, тамақтану арасындағы тым ұзақ үзіліс
• пайдалы майларды тұтынбай, қатаң диета ұстау
• тамақтану сипаты (шамадан тыс тамақтану, қаныққан майларға бай майлы және қуырылған тағамдарды көп тұтыну)
• белсенді емес өмір салты және алкогольді асыра пайдалану
• таза суды жеткіліксіз тұтыну
• өт жолдарының спазмына әкелетін жиі стресс және соның салдарынан өт ұлтабарға бөлінбейді
Өт қабының туа біткен және жүре пайда болған деформациялары да өттің іркілуіне әкелуі мүмкін, көбінесе бұл өт қабының мойыншағы иілуі, бұралуы және тарылуы.
Өт іркілуінің белгілері:
• оң жақ қабырға астындағы ауырсыну – тартылу/ауырсыну немесе өткір — күшті пароксизмальды ауырсыну
• кекіру, қыжыл, ауызға ащы дәм келуі, ауыздан жағымсыз иіс шығуы
• диспепсия – жүрек айну, құсу, іш кебуі
• ішек қызметінің бұзылуы, көбінесе іш қату
• салмақ жоғалту
• сынғыш сүйек, құрғақ тері мен шаш, сынғыш тырнақ — майда еритін дәрумендердің жетіспеушілігінің белгілері
• созылмалы шаршау, ашушаңдық
• асқынған жағдайларда – терінің және сілемейлі қабаттардың сарғаюы, терінің қышуы, зәрдің қараюы, нәжістің түсінің өзгеруі.
Өт іркілуінің дамуын болдырмаудың алдын алу шаралары, ең алдымен, пайдалы майлардан тұратын дұрыс диета. Бұл аз мөлшерде сары май немесе зәйтүн майы, аздап майлы ет, майлы балық, аз мөлшерде зәйтүн, жаңғақтар, авокадо, жұмыртқаның сарысы, ірімшіктер. Асқазан-ішек аурулары болмаса — ащы өнімдер (аскөк, рукола, көк пияз, бақбақ) және ащы дәмі бар тағамдарды (балдыркөк, қырыққабат, шалғам, сарымсақ, пияз). Екіншіден, өте маңызды мәселе, күндіз кем дегенде 1,5-2 литр су, ал таңертең жылы су ішу — құрысуларды спазмды және өттің шығуына ықпал ететін пайдалы әдет. Үшіншіден, физикалық белсенділік — өт шығаруға және өт қабын босатуға көмектесетін қарапайым жаттығулар.
Осы шараларды сақтау өт іркілуін болдырмауға ғана емес, сонымен қатар артық салмақ пен семіздіктің даму қаупін азайтуға көмектеседі.
Егер өт іркілуінің себептері мен белгілері болса, профилактикалық медициналық қарап-тексеруден өту және өт іркілуінің дамуын және соның салдарынан ауыр аурулардың алдын алу үшін дәрігермен кеңесу маңызды.
Өт жолдарының дискинезиясы — өт жүруінің бұзылысына әкелетін өтқабының, Мирицци, Люткенс және (немесе) Одди сфинктерлерінің жиырылу функциясының кемістіктері (әлсіздігі, күшеюі немесе бір-бірімен келісімсіздігі). Өт бауырда үнемі түзілгенімен, он екі елі ішекке көбіне ас қорыту кезінде түседі. Өтқабының, өт жолдарының қызметі вегетативтік нерв жүйесімен және гормондармен реттеледі. Өт жолдары дискинезиясының біріншілік және екіншілік (симптомдық) түрлерін айырады. Біріншілік түрі сирек кездеседі, көбіне невротикалық синдромда байқалады. Екіншілік түрі өт жолдарының органикалық ауруларында, панкреатитте, он екі елі ішектің, асқазанның, іш қуысының өзге ағзаларының патологиясында болады.
Өт жолдарының дискинезиясы өтқабының және өт жолдары сфинктерлерінің тонусы мен жиырылуының бұзылысынан дамиды. Оған вегетативтік нерв жүйесінің және гуморальдік жүйенің (гормондар арақатынасының) бұзылыстары әкеледі. Мәселен, ваготониядан -гипермоторлық, ал симпатикотониядан — гипомоторлық дискинезия пайда болады. Дискинезия дамуында психогенді факторлар да, адам мінезінің психикалық ерекшеліктері маңызды роль атқарады және кейбір дәрмектер де септігін тигізеді, мәселен морфин, симпатомиме-тиктер, холинолитиктер.
Өт жолдарының дискинезиясы өт жолдарының жиырылу қызметінің нервтік, гуморальдік реттелу бұзылыстарынан дамиды. Дамуына әкелетін басты себептер: ваго- немесе симпатикотония; катехоламиндер, ацетилхолин, холецистокинин, мелатонин және басқа гастроинтестициальдік гормондардың арасыңдағы дисбаланс. Бірінші топтағы гормондардың белсенділігінің жоғарылауы өт жолдарының гипертониялық дискинезиясын, ал екінші топтағылардың көбеюі — гипотониялық дискинезияны дамытады. Асқазан, он екі елі ішек, жіңішке ішек, ұйқыбездің ауруларында бұл гормондардың түзілуі бұзылады, осыдан аталғай ағзалардың патологиясында өт жолдарының дискинезиясы жиі байқалады.
Өт жолдары дискинезиясының жіктемесі
1. Гиперкинетикалық (гапертониялық) түрі: а) өтқабының немесе қап түтігінің гипертониясы; ә) Одди сфинктерінің түйілуі.
2. Гипокинетикалық (гипотониялық) түрі: а) өтқабының гипотониясы; ә) Одди сфинктерінің шамасыздығы (панкреатикалық тип).
3. Аралас түрі.
Клиникалық көрінісі
Өт жолдарының дискинезиясы көбіне 20-40 жас аралығындағы арықша келетін, астениялық типті әйелдерде кездеседі және асқазанның, ішектің дискинезиялық бұзылыстарымен бірге жүреді. Сондықтан жүрек айнуы, құсу, кекіру, қыжылдау, іштің шұрқырауы және кебуі жиі байқалады. Әдетте, өт жолдарының дискинизиясы етеккірі келер алдында, эмоциялық күйзелістерде, климакс кезіңде күшейіп мазалайды. Іштің пальпациясында өтқабының тітіркену белгілері анықталады. Көрінісінің өзге белгілері дискинезияның гипер- немесе гипокинетикалық түріне тәуелді.
Өт жолдары дискинезиясының гиперкинетикалық түрі
Көрінісіне оң қабырғалықтың кенет өткір шаншып, түйреп ұстамалы ауыруы тән. Ұстамалар қысқа, бірнеше минуттан бір сағатқа дейін. Ауырудың өткірлігі кейде өт шаншуына ұқсайды. Шаншудын себебі — Одди, Люткенс сфинктерлерінің және өтқабының бір-бірімен келісімсіз, яғни бір уақытта түйілуі, осыдан өтқабыішілік қысымның кенет биіктеуінен өтқабы қабырғасының керілуі. Әдетінде, оң жақ қабырғалық тамақтанғаннан 1 сағаттан кейін ауырады; ауыру оң иыққа, жауырынға, кейде кеуденің сол жағына тарайды; шаншу қалай кенет басталса, солай басылады, кейде күніне бірнеше рет қайталанады. Ұстаманың кезінде қызу көтерілмейді, лейкоцитоз болмайды. Кейде жүрек айнуы, құсу, ішектің дискинезиясы және вазомоторлық, нейровегетативтік синдромдар (терлеу, тахикардия, гипотония, әлсіздік, бастың ауыруы) байқалады. Көбінде түнгі ұйқы бұзылады, жүректің тұсы шаншиды. Ұстамадан тыс кезде он қабырғалықта салмақ сезінуі мүмкін.
Өт жолдары дискинезиясының гипокинетикалық түрі
Бұл түрінде оң қабырғалық сыздап ауырады, салмақ бату сезімі үнемі мазалайды. Өт шаншуына ұқсайтын ұстамалар болмайды. Оң қабырғалықтағы дискомфорт тамақтан кейін күшейеді, ауыру баска жаққа таралмайды. Бірақ, диспепсиялық бұзылыстар (тәбеттің төмеңдеуі, ауыздағы ащы дәм, кекіру, жүрек айнуы, іштің кебуі, қатуы, жиі өтуі) көп мазалайды.
Гипокинетикалық дискинезия симпатикотонияда болады және оның дамуына антихолецистокининнің көбеюі немесе он екі елі ішекте холецистокининнің аз түзілуі септігін тигізеді.
Өт жолдары дискинезиясының аралас түрі
Бұл жағдайда гипо- және гиперкинетикалық дискинезияның белгілері қосарланып немесе кезектесіп білінеді.
Лабораториялық және аспаптық зерттеулердің нәтижелері
1. Қан мен өт анализдерінде қабыну белгілері болмайды.
2. Гиперкинетикалық түрінде үш фракциялық дуоденальдік зондылауда В және С порцияларда өт аз болады және өттің бөліну уақыты қысқарады. Өт қабы рефлексін қоздыратын дәрмектер ауырсынуды туғызады. Холецистографияда өтқабының кішіреюі және тез босауы анықталады.
3. Гипокинетикалық түрінде, үш фракциялық зондылауда, стимуляторды салғаннан кейін керісінше, ауырсыну азаяды, өтқабы рефлексінің әлсіздігі байқалады, өттің түсі аса қоңыр және өт баяу ағып шығады. Холецистографияда — өтқабының керіліп ұлғайғандығы және өте баяу босауы немесе стимуляторды қайталап салғанның өзінде босамауы анықталады.
4. УДЗ-де — өтқабының моторлық функциясының бұзылысы анықталады.
Дифференциалдық диагностиканы жүргізгенде өт жолдарының гипертониялық дискинезиясын холециститтен, дуодениттен, он екі елі ішек өтімділігінін созылмалы бұзылысынан, жара ауруынан, ал гипотониялық түрін панкреатиттен айыру қажет.
Гиперкинетикалық түрінің емі
1. №5 емдәм беріледі, өтқабының түйілуін қоздыратын өсімдік майы, майлы қамырдан, еттен жасалған тағамдар, газды сусындар шектеледі; науқасты аз-аздан күніне 4-5 рет тамақтандырады.
2. Спазмолитиктік дәрмектер:
а) миолитиктер — ношпа 2% ерітіндісі 2 мл бұлшықетке немесе 0,04-0,08 г 3 рет ішуге беріледі; галидор 2,5% ерітіндісі 2 мл бұлшықетке немесе 0,1-0,2 г 3 рет таблетка түрінде; нитроглицерин 0,005 г тіл астына шаншу кезінде; нитросорбид 20 мг күніне 3 рет; сустак форте 1 таб. күніне 3 рет; одестон 0,2 г 3 рет. Миолитиктерді ұзак қолдануға болады;
ә) холинолитиктер: гастроцепин, атропин, метацин, платифиллин шаншуды басу үшін аз уакытқа тағайындалады;
3. Холеретиктер тобының өт айдаушы дәрмектері (өт түзілуін арттыратын және өттің айдалуын тездететін): лиобил, аллахол, холензим, фламин, жүгерінің шашақтары, итмұрын, никодин, оксафенамид, циквалон және гидрохолеретиктер — өттің сұйық затын көбейтетін (минеральді сулар, валериана, салицилаттар т.б.).
Аурудың алдын алып, өз денсаулығыңызды күтіңіз!