Мамандық өзі өскен ортаға маңызды, бағалы үлес қосатындай болуы шарт. Өз ісіне сенімді, дұрыс таңдаған адам ғана жетістікке жетеді. Адам еңбегінен қуанышын таба білсе, бойына жаңа күш қосылып еңбекке деген шабыты арта түседі. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат. Дәрігер — арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болуы керек деген айтқан Гиппократтың ұлы да, ұлағатты сөздері бар.
Медицинаның атасы Гиппократтың тағы бір сөзін негізге алсақ: «дәрігердің жүзі жылы, ұқыпты, киімі таза, қолдары жұмсақ, жағымды» болу керек деген екен. Дәрігерлік тек оқумен ғана шектелмейді, дәрігер болу ол да бір өнер! Осы ұғымдарды тереңінен қарастырар болсақ, ол сөздің мағынасы: арыстандай айбатты деген еш нәрседен қорықпайтын өзінің бойын қорқыныштың баурап алуына жол бермейтін деген мағынада, ал қыздай икемді деген өз ісіне байыппен, өз ісіне сеніммен қарай білетін жандар, ал анадай мейірімді деген науқастарға мейірімін төге білетін өзінің анасы өзіне қандай мейіріммен қараса, ол да науқастарға сондай мейіріммен қарай білетін жандар деп ойлаймын.
Егер осы аталған қасиеттердің барлығы мамандық иесінің бойынан табыла білсе, ол үздік дәрігер атанар еді. Зор ықылас, шабытпен істелген іс биігіне жеткізетін қанат. Денсаулық – кез-келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Осыған орай әр жылы маусым айының үшінші жексенбісі дәрігерлер күні болып бекітілді. Бұл – жалпыға ортақ мереке. Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандарымыз жауапты.
Осы орайда ардақты дәрігерлерді осынау айтулы мерекемен құттықтағым келеді! Қайрат пен еңбектің адал жемісін тілеймін! Адам жанын арашалауда кәсіби біліктілік пен асқан жауапкершілігіңізді көрсете отырып халықтың алғысына бөлене бергейсіздер.
Мейрамкуль ПРИМХАНОВА,
Сауран ауданы Мәдениет үйіне қарасты Шорнақ ауылдық клуб меңгерушісі.
Медицина, құрмет қылам сізді енді.
Бала өсті, қоғам көрді, ізденді.
Расы сол доктор келе жатыр деп,
Талай рет қорқытатын біздерді.
Сәби шақтан ақ халатқа жұғыспай,
Көре қалсақ тығыламыз ұғыспай.
Доктор укол салады деп қорқытса,
Сол уколын көруші едім қылыштай.
Тіс ауырып бардық бірде қалаға.
Ойбай салып жатыр екен жан аға.
Доктор тісін бұрғылады шыңғыртып,
Шошығаннан атып шықтым далаға.
Ақ халаттың ұғындырар ісін кім?
Өмірімде алғаш қатты қысылдым.
Қорыққаннан болу керек білмедім,
Ауырғаны қойып кетті тісімнің.
Беу, дүние-ай, енді көрсем саралап,
Ұғындырмау, ұғыспау да жаман-ақ.
Талай адам тәуір болып доктордан,
Жар қуанды перзентхана жағалап.
Сөйтсем укол қылыш емес, ем екен.
Ақ халаты ақ жүрекпен тең екен.
Ауырғанға шипа болған дәрігер,
Адамзаттың абзалы да сен екен.
Сайлаухан ЕСБОЛАТҰЛЫ.