Ауылымыздың ардақты азаматы Абдуғаппаров Рустам Қараевич 1943жылы 27 шілдеде бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы, қазіргі Түркістан облысы, Сауран ауданы, Ибата ауылында дүниеге келген.
Ол 1959 жылы Чирчиктағы медициналық училищесіне түсіп, 1963 жылы фельдшер мамандығын тәмамдап шықты. Оқу орнын жақсы бітіріп шыққан Рустем Қараевич 1963 жылы Кентау ОЧК полиметал зауытындағы денсаулық бекетіне фельдшер болып жұмысқа қабылданды. Жұмыстағы қажырлы еңбегін халық денсаулығына арнаған ағамыз жас та болса адалдығымен, біліктілігімен көзге түсті. 1964 жылы Ибата ауылының Председателі Маткаримов Абдулла аға Абдуғаппаров Рустем ағайды Түркістаннан іздестіріп, еңбек етіп жатқан жерінен «өз ауылыңа қызмет ет» деген ниетпен күз мезгілінде, Ибата ауылының фельдшерлік акушерлік бекетіне фельдшер болып жұмысқа орналастырды.
Ауылдың фельдшерлік акушерлік бекетеінде әйелді босандыру бөлімшесі болған және оны Маруса апай басқарған. Ақ халатты абзал жан Рустем ағамыз фельдшер акушерлік бекетінде екі жақта қызмет атқарады. 1965 жылдарда Рустем ағамызды ветеринарияға дәрігер етіп тағайындап, дәрігерлік жолындағы қызметін жан-жақты атқарды. 1967жылы ауылымыздан ашылған жаңа амблаторияға бас дәрігердің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Халық денсаулығын бәрінен биік қоятын ағамызды осындай ерен еңбектері үшін Ленин орденімен марапаттады.
Өмірінің 44 жылын денсаулық саласына арнаған Рустем ағамыз Ибата ауылында 2007 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Жұбайы Абдуғаппарова Аяжан апай екеуі 3 ұл тәрбиелеп, қазіргі таңда 9 немере, 7 шөбере сүйіп отыр. Тұңғыш ұлы Абдуғаппаров Хамза Рустемұлы әкесінің жолын қуып, Ташкентте экстрасенс мамандығы бойынша оқып, Қазақстанда жұмыс істеу үшін сертификат алып, қазіргі таңда денсаулық саласында халыққа адал қызмет етіп жатыр. Халық құрметіне бөленген Рустем ағамыз 2023 жылы ауылымыздың әкімшілігі тарапынан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. 81 жасқа келсе де халықтың қамын жеген ағамыз алпыс жылдан бері қазіргі таңның өзінде келген науқастардан өз көмегін аямайды. Қарапайым халықтың қамқоры ғана емес, дәрігер жастарға ақыл-кеңесін беріп отыратын абыз ақсақал.
Мияссар ХИДИРАЛИЕВА,
Жаңа Иқан ауылдық мәдениет үйінің директоры.