САУРАН: ГИПЕРТОНИЯДАН САҚТАНУ ЖОЛДАРЫ ҚАНДАЙ?


Қазіргі таңда медицина саласының қызметкерлерін алаңдатып отырған аурудың бірі – гипертония ауруы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының, дүниежүзілік гипертензияға қарсы күрес лигасы мен Халықаралық гипертонияға қарсы күрес қоғамының бастамасымен 2005-ші жылдан бері мамырдың он жетінші жұлдызы гипертонияға қарсы күрес күні болып белгіленіп, содан бері жыл сайын аталып келеді. Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарына гипертония ауруы туралы мәліметтерді насихаттайтын ақпаратта тарату арқылы халықты өз денсаулығына, туған-туыс, жақындарының денсаулығына қамқорлық жасауға шақырамыз. Ондағы мақсатымыз — бұл дүниедегі ең қымбат байлық — денсаулықтарына ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеудің тиімділігін түсіндіру, насихаттау. Өйткені, денсаулыққа мән бермей, немқұрайлы қарау енді ғана пайда болған аурудың емдеу уақытын өткізіп алуына әкеліп соқтырады. Біз жұмыс істейтін кардиология саласы өзі кішкентай болса да, адам ағзасындағы алып мотор — жүректің мүлтіксіз жұмыс істеуіне байланысты. Біздің мамандығымызда адам өмірі қыл үстінде тұрғандай минут-секундпен өлшенеді. Сондықтан да, аурудан сақтандырудың артықтығы жоқ.
Ал, енді, жоғарыда айтып өткен қан қысымы ауруына арналған атаулы күн туралы кеңірек баяндап өтейін. Артериалды қан қысымы ауруының алдын-алуға бағытталған бұл іс-шара әр жыл сайын әртүрлі тақырыппен өтеді. «Қан қысымыңызды өлшеңіз!», «Қан қысымыңызды бақылауда ұстаңыз!», «Ұзақ өмір сүріңіз!», «Ұзақ өмір сүру — өз қолыңызда!» -деген ұрандармен өтіп, халықты өз денсаулығына күтім жасауға шақырады. Аурудың алдын-алу жолдарын түсіндіреді. Мұндай атаулы күндерді өткізудегі мақсат – әрбір адам өз қан қысымын өлшеп, қан қысымының мөлшерлік сандарын біліп жүруге тиіс.
Гипертония — дүние жүзі бойынша кең тараған ауру түріне жатады. Бұл сырқат көптеген елдерде 60-тан асқан, жасы егде тартқан адамдардың 50 пайызында кездеседі. Артериалды қан қысымынан зардап шегіп жүрген осы сырқаттардың үштен бір бөлігі ғана медициналық мекемелерде ем алады. Соның 12 пайызы ғана медициналық бақылауда. Сырқаттардың қалған 45 пайызы өздерінің қан қысымы жоғары екенін білмейді немесе білсе де мән бермейді.
Негізі, гипертония ауруының көзге ұрып тұрған айқын белгілері жоқ. Тек, қан қысымы көтерілген кезде ғана айқындалады. Бірақ ол іштен жеген жегі құрт сияқты, жүре-келе бастың, мидың қан тамырларын, бүйректі, көзді, тағы басқа да өмірлік маңызы бар ағзаларды зақымдайды. Жүрек талмасына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да, аурудың бұл түріне бей-жай қарамаған жөн.
Жүйелі түрде сақтық шараларын қарастырып жүрген дұрыс. Қан қысымын күніне екі рет (таңертең және кешке), белгіленген бір мезгілде өлшеп тұру керек. Тамақтанып болғасын, шәй немесе кофе ішкеннен кейін,тағы басқа сол сияқты жағдайларда тұрақты түрде өлшеу керек. Қан қысымын өлшемей бұл аурудың жағдайын анықтау мүмкін емес. Сондай-ақ, ағзада холестерин деңгейі көтерілген жағдайда, диета сақтамай майлы, тұзды тағамдарды жеу, салауатты өмір салтын ұстанбау, артық салмақ, семіздік, аз қозғалу сияқты әдеттер кез келген жаста қан қысымының көтерілуіне әкеледі. Сондай-ақ, күйзеліс, уайымшылдық, өмірде кездесетін әр түрлі жағдайлар да қан қысымының күрт көтеріліп кетуіне әсерін тигізеді. Сол себепті де созылмалы гипертония ауруы бар адамдар өздерін күтіп, сақтық шараларын жасап жүрсе деген кеңес береміз. Жаз маусымының келуімен бірге күн де ысып келеді. Күн астында ұзақ жүрмеу, кальций, калий, магний дәрумендеріне бай құнарлы тағамдарды, көкөніс пен жеміс-жидектерді молырақ пайдалану, газдалған сусындар ішпеу – гипертония ауруының алдын-алудың алғы шарттарына жатады. Ауру-сырқаудан аман болайық, ағайын!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы