САУРАН: ГИПОКРАТ АНТЫНА АДАЛ ЖАН


Дәрігердің еткен еңбегі мен жұмсаған энергиясының бағалы боп саналатыны – ауру адамға көрсеткен көмегі. Бұл саланы таңдап, адал еңбек ету үшін үлкен жүрек керек. Өзгелерге жәрдем беру, жан жылуы,– батылдық, барлық дәрігерлерге тән қасиет. Дәрігерлер жүрегінде Гипократ антын сақтап еңбек етеді, өмір сүреді. Өз қадір-қасиеті мен ар-ожданын биік ұстап, адам өміріне араша түсіп, денсаулығына алаңдаған жүрегінде жылулық бар осындай жандарға айтар алғысымыз шексіз. Медицина қызметкерлері – адам өмірінің сақшысы.
Солардың бірі де бірегейі осы салада талай жыл қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан қазіргі таңда немерелерінің ортасында аяулы әже болып отырған Досходжаева Тойдық әже жайында айтқым келіп отыр.
Досхожаева Тойдық — 01.01.1961 жылы Жаңақорған ауданы, Қожакент ауылында туған. Әкесі – Ахатай колхозда ферма меңгерушісі, анасы Айымторы сегіз бала тәрбиелеп, үй шаруашылығымен қоса колхоз жұмысымен де айналысқан. Т.Досхожаева – үйінің кенжесі болған. 1969-1979 жыл аралығында №168 орта мектепте оқыған. 1981 жылы Түркістан медициналық колледжін бітірген. 1981-1986 жылдары Жаңақорған балалар ауруханасында еңбек етіп «Құрмет тақтасының» төрінен орын алған. Сондай-ақ аудандық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып Германия еліне туристтік жолдаманы жеңіп алған.
1986-2006 жылдары Түркістан қалалық ауруханасы, хирургия бөлімінде еңбек жолын жалғастырады.2006 жылы №16 Шаға Дәрігерлік амбулаториясына Аға мейірбике қызметіне тағайындалады. Осы қызметте адал еңбек етіп 2020 жылы асқақ абыроймен зейнеткерлікке шығады.
1986 жылы Түркістан қаласы, Шаға елді-мекенінде Асан Зәріпұлына тұрмысқа шығады. Жолдасы ауыл шаруашылығымен айналысады және қоғамдық көлік жүргізушісі болып қызмет атқарады. Екеуі төрт перзентті (2ұл, 2 қыз) тәрбиелеп өсірді. Тұңғыш ұлы Оразәлі – Елордада әскери бөлімнің қызметкері, 5 перзенттің әкесі, қызы Жұмақыз – заң саласында қызмет атқарады және 5 перзентті тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Ортаншы қызы Қымбат – медицина саласының қызметкері және көпбалалы ана. Кенже ұлы Нұрәлі анасының жолын жалғаған болашақ дәрігер. Қазіргі таңда 4 перзенттің әкесі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің 6 курс студенті. Осы әулеттің ұрпағын көбейтіп, өрісін кеңейтіп отырған екі келіні де ұлағатты ұстаз қызметін атқарады.
Тойдық Ахатайқызы бірнеше рет Алғыс хат, мақтау грамотасымен марапатталған. 2017 жылы Түркістан қалалық емхана басшылығы тарапынан «Елеулі еңбегі үшін» медалін алған. Жалпы медицина саласында 39 жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан анамыз бүгінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. 2022 жылы «Аналар» республикалық қоғамдық журналының тағайындаған «Қарашаш Ана» медалімен марапатталған.
Қазіргі таңда Тойдық Ахатайқызы Сауран ауданы, Шаға ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы және ҚХАА кеңесінің мүшесі. Сонымен қоса дәрігерлік еңбек жолын «Парасат» білім мектебінде мейірбике қызметінде жалғастырып, өнегелі өмірімен өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Құрметті анамыздың отбасына бақ, береке тілейміз. Жас ұрпаққа үлгі болып, жасай беріңіз. «Денсаулық – адам үшін баға жетпес байлық. Бұл күн құрмет пен алғысқа бөленген, Гиппократ антын қабылдап, қай кезде болмасын әрдайым сенімділікті сақтайтын, асқан шеберліктің иесі ақ халатты абзал жандардың мерекесі». Сондықтан барлық медицина қызметкерлеріне бақыт, еңбекте табыс, төзімділік пен күш қайрат және отбасыларына береке тілейміз.
А.УРАЗБАЕВА,
Сауран ауданына қарасты Қазақстанның ХХХ жылдығы ауылдық клубының меңгерушісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы