Жадыраған жаздың алғашқы айы ерекше мерекелердің бастамасы. Солардың қатарында жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде тойланатын медицина қызметкерлері күні де бар. 1998 жылдан бастау алған аталмыш дата – ақ халатты абзал жандардың төл мейрамы.
Құрылғанына небәрі 3 жыл болған Сауран ауданында медицина қарқынды дамуда. Жаңа емханалар мен медпункттер саны артып, медициналық базаның жаңаруы күтілуде. Аудан бойынша 1 — аудандық емхана, 2 — бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, 13 — дәрігерлік емхана (ВА), 13 — фельдшерлік–акушерлік бекет, 4 — медициналық бекеттер, 1 – арнайы мамандар бөлімі, 1 – жылжымалы медициналық кешен және 4 — жедел жәрдем бригадасы жұмыс жасайды. Сонымен қатар 172 төсек орынға арналған күндізгі стационар қызмет көрсетуде.
Ескі Иқан ауылында бой көтерген жаңа үлгідегі емхана ауыл азаматтарына сапалы қызмет көрсетуде. Жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен бой көтерген мекемеге облыс бойынша тек Түркістан қалалық ауруханасында бар құны 80 млн. теңге тұратын маммографиялық аппарат жеткізілмек. Бұған дейін ауылда бір қабатты емхана жұмыс жасап, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсеткен болатын. Бүгінгі күнде екі емханада да жұмыс қарқынды жүруде.
Ескі Иқан ауылының тұрғыны ретінде барлық ақ халатты абзал жандарды келе жатқан төл мерекесімен құттықтаймын. Ел үшін еткен еңбектеріңіздің жемісін көріп, халық алдындағы беделіңіз бұдан да жоғарылай берсін!
Хайрулла МУРАТОВ,
Ескі Иқан ауылдық мәдениет үйінің музыкалық жетекшісі.