САУРАН: ДӘРІГЕРЛІК — ҚАСТЕРЛІ МАМАНДЫҚ


Дәрігер деген кең ұғым, қастерлі мамандық. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі Төлежанов Нұрпейіс Құдайбергенұлы.
Алғаш еңбек жолын 2002-2010 жылдары Кентау қалалық орталық клиникалық ауруханасының «Хирургия» бөлімшесінде дәрігер ординатор болып бастады.
2007 жылы Түркия Республикасының Анкара қаласындағы «Гүлхане Аскери Медициналық Академиясында» 1 айлық «Эндоскопия» мамандығы бойынша біліктілігін жетілдірді.
2008 жылы Астана қаласында 14.00.14 шифрлі мамандық бойынша «Сүт безінің Педжет обырының клиника биологиялық ерекшеліктеріне қарай емі және болжамы» атты тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады.
2012 жылы Түркия Республикасы Малатия қаласындағы Инони Университетінің Тургут Озал Медицина орталығында «Бауыр трансплантациясы және резекциясы» тақырыбында біліктілігін арттырды.
2016 жылы Түркия Республикасы Измир қаласындағы Еге Университетінде «Қалқанша без және қалқанша маңы безінің өзекті мәселелері» тақырыбында біліктілігін арттырды.
Осыншама алған білімі мен тәжірибесінің, өзінің еңбек сүйгіштігінің арқасында өмір мен өлімнің ортасында арпалысып жатқан науқастарға екінші өмір сыйлап, дертіне шипалы емін жасап келеді. Бір сөзбен айтқанда нағыз адам өмірінің қорғаушысы.
Туған жері Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қандөз ауылы болғанмен білім дәнін еккен Сауран ауданына қарасты Абай жалпы орта мектебі.
Осы Қаратаудың етегіндегі алақандай, ынтымағы мен берекесі жарасқан ауылдан түлеп ұшқан, бұл күнде «дәрігер бала» атанған Нұрпейіс Құдайбергенұлы Түркістан, Қызылорда өңірінің жұртшылығына танымал десем қателеспеймін. Себебі ауырған жандар ауыл -ауылдан ағылып келіп жатады. Сондағы әріптестері: «Нұрпейіс доктор науқастардың доставчигі» деп те әзілдейтіндері де бар.
Қазіргі кезде УЗИ апараты, өт тазалау, бала сүндеттеуге арналған жеке жайында да келіп ем қабылдап, дертіне дауа тауып жатқан жандар көп-ақ.
22 жылдан астам уақыт ішінде өз ісінің нағыз маманы, мейірімді жүрегі және адал қызметі үшін елі оны үнемі құрметтейді және мақтан тұтады.
2002 жылдан бастап осы уақытқа дейін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Медицина факультетінде Хирургиялық аурулар кафедрасында аға оқытушы, сондай ақ Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік Университетінің Клиника диагностикалық орталығында дәрігер хирург болып қызмет жасап келеді.
47 ғылыми мақаласы, 2 патенті жарық көрді және 4 оқу құралы басылып шықты.
Әрине, осындай берері көп нағыз білікті маманның шәкірттері де осал болмасы анық. Қазіргі таңда шәкірттері Республиканың әр түрлі қалалары мен аудандарында облыс орталықтарында абыроймен қызмет атқаруда.
Бағалай білген кісілерге медицина қызметкерлерінің тұғыры таймас биік тұлға. Жалпы, медицина қызметкері болу адамға жарық сыйлау деген сөз іспетті. Сондықтан, тек ісімен ғана емес жүрегімен емдей білетін Нұрпейіс Құдайбергенұлы сияқты ақ халатты абзал жандарымыз көп болса екен деп тілейміз.
Бұл күнде үш ұл, төрт қыздың асқар тау әкесі, ұлағатты ұстаз, білімді де білікті дәрігер Абай ауылының ғана емес Түркістан өңірінің мақтанышына айналған ақ халатты абзал жанды мерекесімен құттықтай отырып, отбасына амандық, жұмысына береке тілейміз.
У.АЛМАХАНБЕТОВА,
Сауран аудандық мәдениет үйіне қарасты Абай ауылдық клубының әдіскері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы