Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Шәріпбайқызы Әлназарова ағымдағы жылдың мамыр айында Түркістанға және Сауран ауданына жұмыс сапарымен келген болатын.Алғашқы іс сапарын киелі қаламыздан бастаған бас дәрігер өңірдегі медициналық нысандарды аралап, облыс жұртшылығымен кездесті. Алдымен құрылғанына үш жыл болған жаңа Сауран ауданының емдеу орындарын аралап, жергілікті халыққа көмек көрсету сапасымен танысты. Мұндағы емхана құрылымында бес бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы, 10 дәрігерлік амбулатория, 13 фельдшерлік-акушерлік бекет, 3 медициналық бекет, 3 lV санатты жедел жәрдем бригадасы, бір зертхана бөлімі, бір жылжымалы-медициналық кешен жұмыс істейді. Бұл бес құрылымдық мекеме Шаға, Ораңғай, Ескі Иқан, Қарашық, Бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы мен А. Үсенов дәрігерлік-амбулаториясынан жасақталған. Ақмарал Шәріпбайқызы медициналық нысандардың жай-күйімен танысып, палаталарды аралап, сырқаттармен тілдесті. Өтініш-тілектерін тыңдады. Барша жұртшылық үшін маңызы зор бұл кездесуге денсаулық сақтау саласының өңір басшылары мен қызметкерлер де қатысты.
Алдымен жергілікті денсаулық сақтау саласына қатысты басшылар бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары туралы, осы сала бойынша шешімін күткен мәселелер жөнінде кездесуге қатысушыларды хабардар етті.
— Қайырлы күн құрметтіжұртшылық, аса қадірлі залда отырған ардагерлер! — деп бастады ол сөзін. — Біріншіден, кешігіп келгенімізге кешірім сұраймын. Себебі, дәрігерлермен, осы медицина қызметінің Түркістан облысы, Сауран ауданындағы деңгейімен танысып, проблемаларды тыңдап, дайындалып келу үшін жұмыс жасадық. Құрметті тұрғындар! Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі мақсаты, негізгі міндеті — халыққа тиісті деңгейде, қолжетімді, сонымен қатар, сапалы медициналық қызмет көрсету. Осы бағытта бүгінгі күні тиісті жұмыстар атқарылуда. Өздеріңізге белгілі, Президент тарапынан жылдың басында медицина саласы үлкен сынға ұшырады. Сынға ұшыраудың да негіздері болды. Халық тарапынан түсіп жатқан арыз-шағымдардың соңғы екі-үш жылдың ішінде 83 пайызға дейін көбеюі, әрине, ол халықтың сұранысының, бір жағынан жоғарылап жатқанына, екінші жағынан тиісті жұмысты дұрыс деңгейде ұйымдастырмағанымыздың себебі деп айтуға болады. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Сондықтан, бірінші күннен бастап Президент тапсырмасының аясында медициналық әлеуметтік сақтандыру қорының, осы жүйенің негізгі жұмысын қайта қарау тапсырмасының негізінде осы жұмыстарды сараптап болып қалдық. Бүгінгі күні екі-үш модельді дайындап отырмыз. Ең бастысы, халықты толығымен медициналық қызметпенен қамту. Себебі бүгінгі күні Қазақстан бойынша, өздеріңізге белгілі, медициналық сақтандыру жүйесіне кіру үшін он бес осал топтар мемлекет тарапынан қамтылып отыр. Ол он екі миллионға жуық халық. Сонымен қатар, экономикалық белсенді халықтың ішінен бүгінгі күні үш жарым миллионға жуық халық медициналық сақтандыру жүйесіне енбей отыр. Яғни, бұл дегеніміз, біз бұл азаматтарға тиісті деңгейде жоспарлы қызметті көрсете алмай отырмыз. Тиісті скринингтерді толығымен жүргізуге ол да өзінің кедергісін келтіріп отыр. Қазақстан бойынша адами капиталдың негізгі көрсеткіші — ол орташа өмір сүру ұзақтығы. Осы өмір сүру ұзақтығын дұрыстау үшін өлім көрсеткішін төмендетуіміз керек. Өкінішке орай, еліміздегі сексен бес пайызға жуық азаматтарымыздың қайтыс болуының себептері — жұқпалы емес аурулар. Яғни, бірінші орында қан тамырлары жүйесінің аурулары тұр. Осы топтағы аурулардың себептерінен алғашқы үштікке мүгедектіктің себептері де осы мәселеге байланысты болып тұр. Екінші орында — онкологиялық науқастар. Сонымен қатар, қант диабетінің де жылдан-жылға, күннен-күнге өршіп бара жатқанын көріп отырсыздар. Осының барлығы түбі алып келгенде біздің халықтың орташа өмір сүру ұзақтығына теріс әсерін тигізіп отыр. Сондықтан, жаңа алдарыңызда сөз сөйлеп жатқан әріптестеріміз осы республикалық орталықтарды басқарып жатыр. Негізі, Салидат Қайырбеков атындағы республикалық медициналық қызметті дамытатын орталығымыз бар. Республикалық кардиология және ішкі аурулар ұлттық орталығымыз бар. Батыс Қазақстан медициналық университетінің ректоры келді арнайы. Түркістан облысында бүгінгі күні осындай мәселелерді облыс әкімімен бірлесе отырып шешудің жолдарын қарастырудамыз. Бүгінгі күні проблема жоқ емес, бар. Сол проблемаларды сіз болып, біз болып түзеу жұмысын бастап кеттік. Әр облыстың өзінің ерекшеліктері бар. Бүгін сіздердің облыстарыңыздың жұмыстарымен танысып шықтық. Сауран ауданын аралап шықтық. Жаңадан құрылған аудан екен. Халық саны да көп. Бірақ, нысандар жетіспейді. Егер тиісті құжаттары дайын болып жатса, министрлік тарапынан осы жұмысқа атсалысамыз деп білем. Президент тапсырмасы аясында республика бойынша үлкен ұлттық жоба жүріп жатыр. Ұлттық жобаның аясында алты жүз елу бес ауылдық жерде обьектілер салуымыз керек. Соның былтырғы жылы тоқсан екісі салынса, биылғы жылы қалған барлығы салынып болу керек. Оның ішінде Түркістан облысында қырық екісі бар. Бүгінгі күні тиісті дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан облыс әкімдігі болып, денсаулық сақтау министрлігі болып Президенттің тапсырмасын мүлтіксіз орындауымыз керек. Бейсенбай Дәулетұлы, жаңа сізбен бірге де осыны талқыладық. Сондықтан сіздердің денсаулықтарыңыз дұрыс болса, республиканың да көрсеткіштері дұрысталады. Сіздердің пікірлеріңізді тыңдайық. Медицина қызметкерлерінің пікірлерін тыңдайық. Қандай ойлары бар? Қай бұйрыққа өзгерістер енгізу керек? Қандай жұмысты жетілдіруіміз керек? Министрлік пенен жергілікті медициналық қызмет ұйымдарыменен біз байланысты күшейтуіміз керек. Мен өзім осылай түсінемін. Сондықтан да, бүгін республикалық мекемелерден келіп отыр. Біз осындай бірнеше жұмыстармен өңірлерде болғаннан кейін бұйрықтарға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Бүгінгі күні жиырма шақты бұйрыққа өзгеріс енгізіп жатырмыз. Соның ішінде біраз арыз-шағымдардың себебін анықтадық. Оның бірден-біреуі осы жалпы дәрігерге жазылу, одан кейін тиісті жолдаманы алу мәселесі өте қиын. Созылмалыққа салынып кететін тәртіпті оңтайландырып жатырмыз. Жоспарлы түрде ауруханаға жататын анализдердің санын бүгінгі күні қырық екі анализге азайтып жатырмыз. Бір жағынан ол халыққа да тиімді. Екінші жағынан тиімсіз жұмсалып жатқан қаражатты да үнемдеу мақсаты бар. Беріліп жатқан справкалар, халық алатын справкалар оны да оңтайландырып жатырмыз. Оның ішіндегі берілетін мерзімдерін ұзарту, жалпы жан-жағынан ыңғайлы жұмыстарды халықтан түсіп жатқан сұраныстарға байланысты жүргізіп жатырмыз. Енді Президенттің тапсырған тапсырмасының аясында жоғарыда айтып кеткенімдей, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін өзгерту мақсатында, халыққа қолжетімді медициналық көмекті көрсету аясында үш жарым миллион халықты айтып өттім ғой. Соны негізі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, соның ішінде ең мұқтаж деген отбасыларды жергілікті бюджет есебінен жарна пұлдарын төлеу мәселесін зерттеп жатырмыз. Ол үшін барлық ақпараттық жүйелер өте таза болу керек. Дұрыс жұмыс жасап тұру керек. Сол үшін де қазір цифрлық карта шығып жатыр. Әр отбасының цифрлық картасының ішінде үкімет тарапынан жан-жағынан қандай табыс кіріп отырғандығы, кімнің жұмыс жасап жатқандығы, жанұяда қанша жан бар екендігі анықталып отырады. Сол арқылы қай азаматтарымыздың медициналық сақтандыру жүйесіне шын мәнінде кіре алмай отырғандығын анықтап, тиісті ұсыныстарды беретін боламыз. Ал, енді кадр тапшылығына байланысты мәселеге келетін болсақ, республика бойынша кадр тапшылығы бес мың дәрігерге дейін жуықтап қалды. Бұл жерде де шешімін күткен үлкен мәселе бар. Біздің нұсқауларменен медициналық гранттар санын жоспарлап отырғанымызбен төрттен бірі ғана практикаға, ауруханаға, емханаға жетіп жатқанын көріп жатырмыз. Бұл — үлкен мәселе. Бұл жерде қаражатты тиімді пайдалану мәселесі де бар. Себебі, бұл үкіметтің қаражаты. Екіншіден, үкімет тарапынан оқытылатын балалардың грантқа төлейтін мөлшері жеткіліксіз деп ойлаймыз. Себебі, дәрігерді дайындау арзан мамандық емес. Бұл мәселені сенатта да екі рет көтерген болатынбыз. Енді ақылы түрде түсетін балаларымыздың саны бүгінгі күні елу пайыздан асып кетті. Бірақ, біз саннан гөрі сапаға мән беруіміз керек.
Ол дегеніміз, бүгінгі гранттың саны арзан болғасын, өздерінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ақылы түрде, нормативтен тыс осындай үлкен жүктеме алып, ақылы түрде дәрігерлер дайындап жатыр. Менің ойым, саннан гөрі сапаны ойлауымыз керек. Себебі, дайындалып жатқан дәрігерлердің бүгінгі сапасына байланысты да халық арасынан түсіп жатқан шағымдар аз емес. Биылғы жылы жылдың аяғына дейін барлық университеттерде дәріс беріп жатқан профессорлық-оқытушылық құрамды аттестациядан өткіземіз. Екіншіден, барлық үшінші немесе төртінші курста (қазір бұйрық дайындалып жатыр) оқып жатқан балаларды жаппай тегін түрде тәуелсіз сараптамадан өткізіп, университеттердің сабақтарының нәтижесі қандай деңгейде екендігін білу үшін осындай жұмыстар басталады. Сонымен қатар, бірінші қыркүйекке дейін ақылы түрде қабылданатын медициналық университеттердегі абитуриенттер санын шектеуіміз керек. Шектеп қана қоймай, бұл жұмысты денсаулық сақтау министрлігі тарапынан бақылауға алуымыз керек. Өйткені, бақылаусыз әр университет өз бетінше ала бергенмен жатақхана орны аз. Аудиторлық қор өсіп жатқан жоқ. Саны өсіп жатқанымен. Мысалы, норматив бойынша бір профессорға алты студент келу керек болса, бүгінгі күні он жарым студенттен келіп тұр. Демек, бұл жерде сапасы туралы айтудың қажеті жоқ. Бұл да шешімін күткен мәселе. Әрине, бүгін қозғайтын мәселе өте көп. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты, вакцинацияға байланысты сұрақтар бар. Бұл мәселелер жөнінде түстен кейін тағы дәрігерлер қауымымен бөлек кездесетін боламыз. Сол жерде өзіміздің талаптарымызды айтатын боламыз. Сондықтан сіздердің уақыттарыңызды көп алмай, сұрақ-жауапқа көшсек. Өздеріңіздің тараптарыңыздан ұсыныстарыңыз болса, біз кез келген ұсынысты тыңдауға дайынбыз. Біз мұнда бір команда болып келдік, — деп аяқтады сөзін денсаулық министрі.
Кездесу барысында министрдің жеке қабылдауына алдын-ала жазылған тізім бойынша кіріп, өздерін толғандырған мәселелерді, арыз-шағымдарын, ұсыныс-пікірлерін айтып жатты. Қоғамдағы жағдай толғандырған әйел-аналармен сұхбаттасудың сәті түсті.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың өңірге, оның ішінде Сауран ауданына сапары кезінде айтылған ұсыныс-пікірлердің бәрі бақылауға алынып, оны қадағалау тиісті мамандарға тапсырылды.
Роза НАРЫМБЕТОВА.