Нашақорлық- аса қауіпті қасіретті дерт. Адамның әрекеттерінде, ой-сезімдерінде өзгерістер тудыратын табиғи немесе синтетикалық заттарды «есірткі» деп атайды. Бұлар-табиғи немесе жасанды түзілген, адамның сана-сезіміне өзгерістер әкелетін химиялық қоспалар, яғни психикалық белсенді заттар. Бұлар мидың қажетті нерв жүйесіне химиялық қозғау салу арқылы жауап ретінде психоэмоциялық рахат сезімін тудырады немесе әлдебір қалыпсыз ауытқулар алып келеді. Бұл қоспалардың адам ағзасын өзіне тәуелді ету мүмкіндігі өте жоғары. Есірткінің кейбір түрлерін бір қолданған адам оған өмір бойы тәуелді болады. Әсіресе жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермеген жасөспірімдер үшін өте қауіпті. Есірткіге тәуелділердің 27 пайызын 12-16 жас арасындағылар құраса, 42 пайызынан астамын 17-24 жас арасындағылар құрайды. Сол себепті жастарды індеттің ілмегінен аулақ ұстау үшін қоғам, әсіресе мұғалімдер қауымы нашақорлықтың зияндылығы мен салдары жайлы мол мағлұмат беріп, түзу тәрбие дарытқаны дұрыс.
Жалпы, нашаға ауызданған адам өзін-өзі тежеуге шамасы келмей, ес жиғызбас есірткінің басыбайлы құлына айналады. Сондықтан нашақорлықтың алдын-алу, жасырын жолмен дамуына жол бермеу-аса қажетті шара. Адам ойындағы сәл өзгерісті, мінез -құлқын күнделікті қадағалап отырудың маңызы зор. Нашақор адамның қоршаған ортаға, айналасындағы адамдарға көз қарасы өзгеріп, көңіл қүйі аяқ астынан жиі төмендеп бұзылады, оның себеп салдары болмайды, ол адам өзімен-өзі болып өзгеше бір күй кешеді. Ұйқысы бұзылады. Есірткі зат алмасу процесіне еніп бірінші серотонин өндіріп шығаратын ми жасушаларын өлтіреді. Серотонин мидың көңіл-күй өзгерісін қадағалайтын зат. Бұл адамды бәсең және селқос етеді. Иммундық жүйе зардап шегеді. Сондықтан адам ағзасы әртүрлі жұқпалы індетке қауқарсыз келеді.
Тамақтану мерзімі, тамақтану мәнері өзгереді. Күні бойы аш болғанын сезбеуі, нәр татпауы мүмкін. Сыртқа шығып біраз қыдырып келгеннен соң тәбеті ашылып жарты қазан тамақ ішіп, бір бөлке нанды жеп, қосымша тамақ сұрауы ғажап емес. Тамақтанғанда қомағай, алдындағы асты басқалардан қызғанады. Қоршаған ортаға айналасындағы адамдарға қызығушылығы жоғалып бар көрініске енжарлықпен қарайды. Не нәрсеге болмасын ренішпен қарап, шыдамсыздық көрсетеді.
Айналасындағыларға өшпенділік көрсетеді. Сөйлесу мәнері өзгеріске ұшырап, қойылған сауалдарға жауап беруі қиындап, маңындағы адамдармен араласуы, әңгімелесуі шектеледі. Әңгімелесіп отырғанда ойы басқада болып, ешқашандай ықылас білдірмейді. Достарының барлығы тастап кетіп, оқшауланып жалғыз қалады.
Қол, шынтақ буындарында инеден қалған іздер пайда болады, көз қарашығы ұлғаяды, теріс басқа түрге еніп жағымсыз иіс пайда болады. Тамырға есірткі қолданудың салдарынан психика, жүрек қан-тамырлары және жүйке жүйесі сонымен қатар бауыр, бүйрек қызметі бұзылып адамның ой-өрісі төмендейді. Өзінің сырт келбеті, жүріс-тұрыс ы, киім киісіне назар аударуды қояды, мінез-құлқы өзгереді, жоқ нәрсеге ашуланады. Нашақорлықтан құтылудың жолын таппаған адамдар өте көп.
Есірткі – қасірет белгісі. Есірткі әуестікпен дәмін көріп, жалыққан соң тастап кететін ойыншық емес. Дәмін тату дегеніміз-шыңырауға қарай қадам басу деген сөз. Ал шыңырауға құлауға аяқ басып, одан кейін қайта ойланып, қайта оралу мүмкін емес Есірткі түптің – түбі өлімге алып келеді.
Бұл мақаланы жазудағы мақсат -жастарға ақпарат беру зиянды заттардан аулақ ету. Жалпы мұғәлімдер, дәрігерлер қауымы осындай кесел жайлы кейінгі толқынға кеңірек баяндап, сабақ барысында да ескертулерін жасап отырса игі.
С. СЕЙДУЛЛАЕВ,
Сауран аудандық емханасының наркологы.