САУРАН: ЖІТІ ІШЕК ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ


Ішек инфекциясы – бірінші кезекте ас қорыту жолын зақымдайтын жұқпалы аурулардың тобы. Оның пайда болуына негізінен микроағзалардың бактерия, вирус сынды түрлері себеп. Инфекция көзі – науқас адам немесе жіті ішек инфекция қоздырғыштарының тасымалдаушысы. Айналадағы адамдар үшін, әсіресе, аурудың жеңіл, анық байқалмайтын және симптомсыз түрлеріне шалдыққандар өте қауіпті.
Микробтар науқастардан және тасымалдаушылардан нәжіс, құсық және зәр арқылы сыртқы ортаға бөлінеді. Жіті ішек инфекцияларын қабылдағыштық өте жоғары болғандықтан, ересек адамдар мен балалар, әсіресе, 1 жастан 7 жасқа дейінгі балалар ауруға жиі шалдығады. Жұқтыру қаупі ағзаға түскен қоздырғыштың мөлшеріне, сондай-ақ, асқазан-ішек жолдарының барьерлік және ферментативті функциясына және ағзаның қабылдағыштығына байланысты.
Ауру негізінен нәжіс арқылы, тамақ, су және ортақ тұрмыс бұйымдарын қолдану арқылы жұғады. Қоздырғыштың ағзаға түскен кезінен бастап ауру белгілері пайда болғанға дейін бірнеше сағаттан 7 күнге дейін уақыт өтеді. Инфекция жұқтырғаннан кейін иммунитет 3-4 айдан 1 жылға дейін тұрақсыз болады, осыған байланысты, аурудың қайталануы әбден мүмкін.
Тамақ, су, тұрмыстық заттар, ойыншықтар аурудың берілу факторлары болып табылады, кейбір инфекцияларды жәндіктер (шыбындар, тарақандар) таратады. Сондай-ақ, антисанитарлық жағдайлар, жеке гигиена ережелерін сақтамау, санитарлық ережелерді сақтамай дайындалған тамақ өнімдерін пайдалану да жіті ішек инфекцияларын жұқтыруға себеп.
«Жіті ішек инфекциялары жылдың кез келген мезгілінде болуы мүмкін. Вирусты инфекция көбінесе салқын түскенде, тұмаумен және ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі артқан кезде көбейсе, бактериялық инфекциямен сырқаттану жазғы мезгілде арта түседі, – дейді ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы Жұқпалы аурулардың алдын алу департаментінің бас маманы Гүлмира Өтепова. – Жіті ішек инфекцияларының көпшілігі жоғары тұрақтылығымен ерекшеленеді. Мысалы, іш сүзегі мен паразиттің қоздырғыштары сүтте 70 күннен астам, ал суда бірнеше ай тіршілік етеді. Дизентерия микробтары сүтте шамамен 6 күн тіршілік етеді және көбейеді, өзен суында 35 күнге дейін сақталады. Вирустар қоршаған ортаның түрлі нысандарында 10-15 күннен бастап 1 айға дейін, нәжістерде 7 айға дейін сақталады».
ДДСҰ деректері бойынша, дүние жүзінде жыл сайын диареямен ауырған 1 миллиардқа жуық адам тіркеледі. Олардың 60-70 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар құрайды.
Балалар арасында жіті инфекциялық диареялардың этиологиялық құрылымы уақыт өте келе өзгереді. Қазір бұл динамика анық байқалып жатыр. Бұған бірнеше себеп бар: тамақ өнімдері өндірісінің жаһандануы, олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаңдату, балалар тағамы өнімдерін консервілеу және пастерлеу, табиғи экологиялық себептер, ЖІИ-дің алдын алудағы және емдеудегі белгілі бір жетістіктер (бірқатар дамыған елдерде ротавирусты инфекцияға қарсы вакцинациялауды енгізу) және өзгелер.
Аурудың алғашқы белгілерінде дереу медициналық көмекке жүгініңіз, өзіңіз емделмеңіз!
Ішек инфекцияларымен ауырмау үшін қарапайым ережелерді орындаңыз:
1. жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз, тамақ пісірер алдында, тамақтанар алдында, дәретханаға барғаннан кейін, көшеден келгеннен кейін қолыңызды сабынмен тазалап жуыңыз;
2. кездейсоқ адамдардан немесе рұқсат етілмеген сауда орындарынан тағамдық өнімдерді сатып алудан бас тартыңыз;
3. тез бұзылатын тамақ өнімдерін сатып алғанда, таңбалауды мұқият оқып шығыңыз, олардың жарамдылық мерзіміне назар аударыңыз;
4. бір сөмкеге жылумен өңдеуді қажет ететін және тұтынуға дайын тағамдық өнімдерді (ет және кондитерлік өнімдер, көкөністер мен нан және т. б.) салмаңыз;
5. тез бұзылатын тағам өнімдерін температуралық режим мен жарамдылық мерзімдерін сақтай отырып, тоңазытқышта сақтаңыз;
6. тағамдық өнімдерді жеткілікті термиялық өңдеуден өткізіңіз;
7. дайындалған тағамды бөлме температурасында екі сағаттан артық ұстауға болмайды;
8. жемістер, жидектер, көкөністер ағынды судың астында мұқият жуылады, содан кейін үстіне қайнаған су құю қажет;
9. жәндіктер мен кеміргіштерден тамақты қорғау қажет.
10. тек қайнатылған және бөтелкедегі суды пайдаланған жөн.
Ж.САРЫБАЙ,
ТО ДСБ «Сауран аудандық емханасы» ШЖҚ МКК Эпидемиолог дәрігері.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы