Көкжөтел (Коклюш) — бұл Bordatella pertussis бактериялары (дәстүрлі түрде «көкжөтел таяқшасы») тудыратын тыныс алу жолдарының қауіпті жұқпалы ауруы. Көкжөтел ұзақ спазмодикалық жөтелмен, тыныс алу, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне зақым келтірумен сипатталады. Көк жөтел өте жұқпалы.
Көкжөтелдегі ауру мен өлім-жітім нәрестелерде ең жоғары, өйткені анадан алынған антиококклюзиялық антиденелер жеткілікті қорғаныс бермейді, вакцинациядан кейінгі иммунитет вакцинаның бірнеше дозасын енгізгеннен кейін ғана қалыптасады.
Көкжөтелден вакцинацияланбаған балаларда ауру көбінесе ауыр асқынулардың дамуымен жүреді: тыныс алу, ми қан айналымының бұзылуы, миға қан кету. Сирек жағдайларда соқырлық пен саңырау дамиды.
Аурудың білінбейтін (инкубациялық) кезеңі 2 – 15 (көбінесе, 5 – 7) күнге дейін созылады. Көкжөтел, әдетте, 6 – 7 аптаға созылады. Алғашқы кезде бала жөтеледі, мұрны бітіп ұйқысы қашады, дене қызуы 38,5 – 39°С-қа дейін көтеріліп, тамаққа тәбеті тартпайды. Бірте-бірте жөтелі күшейеді (әсіресе, түнге қарай), 2 – 3 аптада жөтел жиі ұстағанда бала булығып қысылады, қызарып-көгеріп, көзінен жас ағып, тілі аузына симай, кейде кіші дәретін де ұстай алмай қалады. Жөтел қақырық түскеннен кейін басылады. Бұл кезең 2 аптадан кейде 2 айға созылады. Содан кейін дерттің беті қайтып, тұншықпалы жөтел азая бастайды, бала 2 – 3 апта «жай» жөтеліп жүреді де, бірте-бірте аурудан айығады.
Қорғаудың жалғыз тиімді шарасы-вакцинация.
Аурудың алдын алу үшін балалар емханасында баланың 5 айлығынан 14 жасқа дейін мезгіл-мезгіл вакцина егеді, аурумен жақын араласқан 7 жасқа дейінгі балаларды басқалардан оқшаулап (2 аптаға, ал егер сырқатпен бірге тұрған болса – 25 күнге дейін) карантин жариялайды. Ауру баланы қалалық көлікпен алып жүруге болмайды. Көкжөтелді жоғары қысымды таза ауамен (баротерапия) емдейді. Науқас балаға витамині мол құнарлы тамақ ішкізу қажет. Режим сақтап, тек дәрігер белгілеген әр түрлі антибиотиктерді уақытымен қабылдауы керек.
Б.ҚҰЛНАЗАРОВА,
Сауран аудандық емханасының инфекционист дәрігері.