Туберкулез — ежелгі жұқпалы аурулардың бірі. Роберт Кох 1882 жылы туберкулез қоздырғышын ашты және бұл жұқпалы ауру екенін дәлелдеді. XX ғасырға дейін туберкулез іс жүзінде емделмейтін болған. Туберкулез әлемдегі ең көп таралған инфекциялардың бірі. Микроскоп астындағы туберкулез микробы қатты ұлғайған кезде кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан туберкулез таяқшасы деп аталды.
Туберкулез дегеніміз не? Туберкулез — бұл өкпе және лимфа түйіндерде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Туберкулез — бұл тек өкпе ауруы ғана емес, сонымен қатар адамның барлық ағзаларының — сүйектердің, бүйректердің, мидың және ми қабықтарының, терінің, көздің және басқа ағзалардың да зақымдануы. Алайда өкпе туберкулезі жиі кездеседі. Жұқтырудың негізгі көзі — туберкулездің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға микобактерияны бөлетін адам.
Туберкулез қалайша тарайды? Туберкулез адамнан адамға ауамен таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қырғанда өкпе туберкулезі бар адамдар ауаға туберкулез бактерияларын жаяды. Жұқтыру үшін адамға осындай бактериялардың аз ғана мөлшерін дем алуы жеткілікті. Туберкулез қоздырғышының сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталу қабілеті бар, мысалы, микобактериялар тозаңданған, көгерген үй-жайларда адам үшін қауіпті болып қала отырып, жылдар бойы өмір сүруге қабілетті. Науқас адам жөтелгенде қақырықпен бірге, түшкіру, сөйлеген кезде қоршаған ортаға 2-6 м радиуста ауада таралатын миллиондаған микобактерияларды бөледі, олар еденге, заттарға шаңмен бірге тұнады және көптеген жылдар бойы өміршең болып қалуы мүмкін. Туберкулез ауруына тек адамдар ғана емес, сонымен қатар малдар да шалдығады: сиыр, ешкі, бұғы, түйелер. Ауру жануардың сүті, немесе еті адам үшін жұқтыру көзі болуы мүмкін. Науқас өмір сүретін жерде санитариялық жағдайлар мен сақтық шараларын сақтау өте маңызды.
Егер өкпе туберкулезімен ауыратын науқас барлық гигиеналық талаптарды сақтаса, онда ол айналадағыларға қауіпсіз. Өкпе туберкулезі тұқым қуаламайды. Туберкулез ауруымен ауыратын ата-аналардың балалары сау болып туады. Алайда, барлық сақтық шараларын сақтамаған жағдайда бала туберкулезді жұқтырып, ауырып қалуы мүмкін. Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен кезде ауру жұқтырылады, бірақ туберкулез ауруының дамуы әр жағдайда болмайды. Өкпе туберкулезінің ауруы иммунитет төмендеген, жеткіліксіз тамақтану, қанағаттанарлықсыз санитариялық-гигиеналық жағдайларда орын алады. Негізінен иммунитеті нашар жас балалар, жыныстық жетілу кезеңіндегі жасөспірімдер және иммунитеті төмен қарт адамдар ауырады.
Туберкулез ауруына ықпал ететін факторлар
1. Толыққанды тамақтанудың болмауы.
2. Туберкулезбен ауыратындармен тығыз, ұзақ қарым-қатынас жасау (кішкентай балаларға қысқа мерзімді қарым-қатынастың өзі жеткілікті).
3. Маскүнемдік.
4. Темекі шегу.
5. Нашақорлық.
6. Ілеспе аурулардың болуы (диабет, асқазан жарасы, өкпенің созылмалы аурулары).
Туберкулез белгілері
1. Ұзақтығы екі аптадан асатын жөтел
2. Шаршау және әлсіздік
3. Дене салмағының төмендеуі
4. Температураның ұзақ көтерілуі
5. Түнде тершеңдік
6. Кеуде қуысындағы ауырсыну
7. Қан түкіру
Туберкулезді қалай анықтауға болады?
1. Тері туберкулин сынамасы (Манту) адамның жұқтырғанын көрсетеді.
2. Рентгенологиялық тексеру (флюорография) өкпенің зақымданғанын көрсетеді.
3. Қақырықты зерттеу жөтел кезінде бөлінетін микробтардың бар-жоғын анықтайды.
Туберкулездің алдын алу шаралары
1. Салауатты өмір салты. Бұл мақсатқа жету үшін ең жақсы жолы — күн тәртібін құру және ағзаны шынықтыру.
2. Таза ауада серуендеу, күн және су процедуралары, дене шынықтырумен айналысу, демалыс пен еңбек жүктемесінің дұрыс үйлесімі, толыққанды, дәрумендерге бай тамақтану, жеткілікті және уақтылы ұйқы, яғни дұрыс гигиеналық тәртіп адам ағзасының нығаюына ықпал етеді және оны туберкулез ауруынан қорғайды.
3. Жыл мезгіліне қарамастан, таза ауада мүмкіндігінше көбірек болу қажет, өйткені таза ауа ағзаға жақсы әсер етеді және шынығудың тамаша жолы болып табылады.
4. Жеке гигиена ережелерін сақтау: жуу құралдарын және ағынды суды пайдалана отырып, қолды, ыдыстарды жуу, тұрғын үй-жайларды ылғалды жинау және желдету, ет пен сүтті міндетті термалық өңдеу, жеке гигиеналық құралдар мен ыдыстарды пайдалану, су процедуралары — сүртіну, құю, душ. 5. Жөтел этикетін сақтау
6. Гигиеналық тәртіптің маңызды бөлімі дұрыс тамақтану болып табылады. Адам тәбетінің жоғарылауына ықпал ететін және ағзамен жақсы сіңіретін түрлі тағамдарды жеу керек. Тағам құрамына ақуыздар, майлар мен көмірсулардан басқа, міндетті түрде витаминдер мен минералды тұздар кіруі тиіс. Ақуыздар ет, сүт, сүзбе, жұмыртқада болады; көмірсулар — қант, нан, картоп, жармада. Витаминдер мен минералды тұздар негізінен жаңа піскен көкөністер мен жемістерде болады.
7. Туған кезде БЦЖ-мен міндетті түрде вакцинациялау және 6-7 жаста қайтавакцинациялау.
8. Туберкулезді дер кезінде диагностикалау.
Мантуды көпшілік екпемен (прививка) шатастырып, оны қабылдаудан бас тартып жатады.
Манту не үшін қажет? Манту деген кім? Бұл сынама өзін туберкулезді зерттеуге арнаған француздық дәрігер Шарль Манту есімімен аталған. Ол диагностика жасау үшін тері асты туберкулин дәрісін жіберуді ұсынған.
Манту реакциясы деген не? Ол – ағзада туберкулез жұқпасының бар-жоғын көрсететін сынама немесе тест. Манту сынамасын орындау кезінде дәрігер тері астына туберкулин (туберкулез микробактериясының сығындысы) жібереді. Дәрі жіберген жерге туберкулез қоздырушыларымен байланыста болған лимфоциттер ғана бағытталады. Дәрігер үш күн өткен соң терінің тығыздалуының өлшеміне қарап, туберкулездің бар-жоғын анықтайды. Мантуды неге сулауға болмайды? Көптеген ата-аналарды мантуды неге сулауға болмайтындығы және суланып қалса, не болатындығы мазалайды. Негізінде, қауіпті ештеңе жоқ. Егер дәрі жіберген жерді қасымаса, уқаламаса және жабыстырғыш жабыстырмаса, онда судың тигені нәтиженің бұрмалануына әкелмейді. «Мантуды суламау керек» деген ереже ескі естеліктен қалған. Себебі дәрігерлер Манту сынамасына дейін Пирке сынамасын жасайтын болған. Ол кезде туберкулин қолдың сыртына жағылады, содан соң сол арқылы арнайы кертік жасалады. Егер сол ашық жараға су тисе, тест нәтижесі шынымен де өзгеріске ұшырайтын. Туберкулинді жіберген соң реакция әртүрлі болады: біреулерде ешқандай із қалмайды, біреулерде қызыл дақ қалады. Реакция былай бөлінеді: — тығыздалу өлшемі 0-1 мм – теріс нәтиже; — 2-4 мм – күмәнді реакция; — 5 мм-ден жоғары – оң реакция; — балаларда 17 мм немесе ересектерде 21 мм – денсаулыққа қауіпті гиперергиялық реакция. Мантудың қандай реакциясы ойландыру керек? Кей жағдайда Манту реакциясын тексерген соң дәрігер баланы фтизиатр кеңесіне жіберуі мүмкін. Мысалы: тексеріс кезінен бастап бірінші рет оң реакция көрінді, туберкулинге сезімталдық алдыңғыға қарағанда жоғарылап кетті, жалпы сезімталдығы өте жоғары болды. Алайда, бірден қорқудың қажеті жоқ. Себебі реакцияның өзгеруі түрлі аурулармен, сынама қаншалықты дұрыс жасалғандығымен және туберкулинді сақтау шартымен байланысты болады. Манту сынамасы нәтижесінің ауытқуы кезінде баланы фтизиатрдың кеңесіне жібереді. Бірақ ол баланың туберкулезбен ауыратындығын білдірмейді. Ол тек қосымша қаралуды қажет ететіндігін көрсетеді. Фтизиатрға барғанда вакциналау мәліметін, Манту сынамасының бұрынғы нәтижелерін, флюорография нәтижесін және қан мен зәр анализдерін апару керек. Фтизиатр қосымша қаралу туралы шешім қабылдайды. Ереже бойынша, Диаскинтест жасатады. Диаскинтест – ағзадағы туберкулез қоздырғыштарының бар-жоғын анықтайтын сынама. Оның Мантудан айырмашылығы, бұл тест БЦЖ екпесімен байланысты реакцияны көрсетпейді. Сондықтан оны жасау кезінде өтірік оң нәтиже ешқашан шықпайды. Егер Диаскинтест оң болып шықса, баланы емделуге жібереді. Себебі, ол 100% сенімділікпен туберкулезбен ауырады немесе ауру жасырын түрде өтуде. Сондықтан емді ертерек бастаған жөн.
Дәрігер фтизиатр
Абдулхамитов А.