Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Түркістан қаласында Орнықты даму саласындағы ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның бесінші отырысы өтті. Іс-шара барысында алтыншы Орнықты даму мақсатын іске асыру аясында су ресурстарын үнемді пайдалану және санитария мәселелеріне қатысты проблемалар талқыланды. Отырыс барысында трансшекаралық өзендерді пайдалануды реттейтін нақты тетіктердің әлі қалыптаспағаны туралы да сөз болды.
Отырыстың қорытындысы бойынша Парламенттік комиссия мемлекеттік органдарға алдағы бірлескен жұмысқа қатысты бірқатар ұсыным жолдады. Мәулен Әшімбаев олардың орындалу барысы жұртшылықтың және Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің бақылауында болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Түркістан облысына сапар аясында Мәулен Әшімбаев бастаған сенаторлар жергілікті мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен де кездесті. Мәулен Сағатханұлы өз сөзінде Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда белгілеп берген бастамаларға кеңінен тоқталып өтті. Түркістан облысының тұрғындарымен бірге өңірдегі өзекті мәселелерді оңтайлы шешу жолдарын талқыға салды.
Сенат Төрағасы Палата мен мәслихаттардың алдағы бірлескен жұмысының басым бағыттарын да атап өтті. Іс-шара барысында депутаттар мәслихаттардың 30 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны ұйымдастыру мәселелерін де талқылады.
Мәулен Сағатханұлы бастаған сенаторлар өңірдегі белсенді жастармен кездесуді де ұмыт қалдырмады. Ол өз сөзінде мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған шаралар туралы айтты және ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын құндылықтарға назар аударды. Сонымен қатар, жастармен еркін пікірлесу арқылы жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды қоғамдағы іргелі әлеуметтік-мәдени өзгерістермен үйлестірудің маңызы зор екенін айтты.