ТҮРКІСТАН: АЗАТ ЕЛДІҢ АЙБЫНЫ


Тәуелсіздіктен бергі тарихқа қайта үңілсек, Қазақстанның Қарулы Күштері 1992 жылғы 7 мамырда Президент Жарлығымен және Түркістан әскери округінің әскери бөлімдері мен мекемелері, кешегі КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық бағынышында болған бөлімдері негізінде құрылды. Сонымен бірге, Президент аппараты мен Үкіметте әскерлерді басқару жүйесін тиімді ұйымдастыру үшін Қорғаныс бөлімдері де құрылды. Шындығында, бір кездері мызғымастай болған Кеңес Одағы ыдырап, оның орнына жас тәуелсіз мемлекеттер қалыптасуы аса күрделі геосаяси үдерістер аясында жүрді. Әсіресе, Орталық Азия аумағы тіпті әскери жанжалдар шығуы ықтимал ошақтар ретінде сипатталатын. Сарапшылар, Ауғанстандағы соғыстың мемлекеттік шекаралардан дендеп, нағыз әскери қауіп төндіретінін де болжаған болатын. Бұлай болжауға да негіз жоқ емес еді. Дегенмен, бұл мәселенің бір қыры ғана. Екінші мәселе кадр тапшылығының күрт артуынан туындады. Өйткені, кешегі бір ғана орталықтан басқарылатын Кеңес Одағы ыдырап, соның салдарынан бұрын шалғайды шарлап жүретін кеңестік офицерлер де өз жөніне, өз жеріне кете бастаған. Орталық Азия, Түркістан әскери округтерінде қызмет еткен офицерлер саны күрт азая түскен. Мәселен, кейбір деректерге қарағанда 1991 жылдың соңына таман Қазақстан аумағында КСРО Қарулы Күштері әскерлерінің жалпы саны шамамен 200 мың адам болды. Кейіннен басқа ұлт өкілдерінен болған офицерлердің өз елдеріне жаппай кетуі екі жарым жыл ішінде, 1992 жылғы мамырдан 1995 жылғы қаңтарына дейінгі аралықта ең жоғарғы деңгейге шығып, тізімдік құрамның 89 пайызына жеткен екен. Сөйтіп, Қазақстанның жас армиясы кадр жетіспеушілігін бастан кешіріп жатты. 1993 жылдың соңына таман негізгі құрамалар мен бөлімдердің офицерлермен жасақталуы 50-60 пайыз шамасында болса, кейбір полктер 27 пайыз ғана жасақталыпты. Осындай жағдайда, Қорғаныс министрлігінің жедел және ұтымды шараларының, жас Армияны құруда тынымсыз еңбек еткен генералдар мен офицерлердің, олардың күрделі шешім қабылдай білуінің арқасында ғана елдің Қарулы Күштері сақталып қалды. Жас Қазақстанның ұлттық армиясы да бұрынғы одақ республикаларында қызмет еткен, қазақстандық әскери қызметшілермен толыға бастаған. Кәсіби мамандар тапшылығын жедел еңсеру мақсатында Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесінің базасын кеңейтіп, жаңа факультеттер ашылды.
Кадр мәселесінен бөлек, әскери арсеналдар мен мүліктерді сақтап қалудың да маңызы зор болатын. Бұл бағытта да тынымсыз шаралар атқарылды. Ал дәл осы тұста әлем елдерінің назары Қазақстан басшылығының қабылдайтын шараларын жіті бақылауда болғаны айқын еді. Өйткені, КСРО кезіндегі жойқын ядролық қарудың бір кілті Қазақстан қарауында қалған болатын. Сондықтан да, халықаралық сарапшылар әлемде қаһарлы қаруы бар ядролық державаға айналатын жас мемлекеттің дүниеге келетінін болжап та жатқан болатын. Мемлекет басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін халықаралық жағдайларды қалыптастыру бағытында батыл қадамға барып, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан әлемдегі бірінші мемлекетке айналды. Кейіннен Қазақстанның осынау көреген қадамы әлемдік қауымдастық тарапынан барынша жоғары бағасын алды. Нәтижесінде, Қазақстан АҚШ, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Франция, Ресей секілді алпауыт державалармен ел қауіпсіздігінің кепілдігіне уағдаластық алды, екі және көп тараптық халықаралық шарттар жасау бойынша жұмыстар атқарылды.
Кейінгі жылдары Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы белгіленді. Әскерилерге қажетті заңдар қабылданып, егемен армиямыздың құрылуы мен қалыптасуы жолға қойылды. Республикадағы алғашқы Әскери доктрина 1993 жылы қабылданды. Содан бастап азат елдің армиясының іргетасы берік қалана бастады десе де болады. Әскердің тектері, құрылымы, округтердің орналасу мекені, кадрлармен жасақтау, қару-жарақпен, жаңа әскери жабдықтармен жарақтандыру, мемлекетаралық әскери қатынастар орнату шаралары сауатты атқарылды.
Бұдан бөлек, тәуелсіз Қазақстан жағдайына байланысты жаңа Қарулы Күштердің мақсаты мен міндеттері, оны шешудің жолдары белгіленген нормативті-құқықтық база жасалды. 1999 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасының 2005 жылға дейінгі Ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы бекітілді. Соның негізінде төрт әскери-аумақтық құрылымдар — «Шығыс», «Оңтүстік», «Орталық» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтары құрылып, негізгі әскери құрылымдардың үш тегі қалыптасты. Ал 2011 жылы жаңа Әскери доктрина бекітіліп, соның негізінде Қарулы Күштердің жаңаша һәм заманға сай дамуы жалғасуда. Бұдан бөлек, 2016 жылға дейінгі Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздігінің стратегиясы, «Ұлттық қауіпсіздігі туралы», «Әскери қызмет және әскери қызметкердің мәртебесі туралы» Заңдары сияқты маңызды құжаттар қабылданды.
Түйіндей айтсақ, Тәуелсіз Қазақстанның айбынды Армиясы жауынгерлік қабілеті жоғары, қуатты қорғаныс күшіне ие деңгейге қол жеткізді, Мәселен, әлемнің беделді әскери сарапшыларының пайымынша, Қазақстан армиясы ТМД елдері әскерлерінің ішінде үшінші орында тұр. Ұлттық армияның ең жаңа әскери техникамен жарақтануы, білікті әскери кадрлармен қамтамасыз етілуі соның айғағы. Ең бастысы — Тәуелсіз Қазақстан өзінің алғашқы күндерінен бастап-ақ күрделі мәселелердің шешімін оңтайлы атқарды. Нәтижесінде 30 жылдың ішінде бұрынғы кеңестік кеңістіктегі ең жауынгерлік қабілетті Қарулы Күштердің бірі құрылды. Дегенмен, армияның айбыны асқақ болуы үшін әлі де атқарылар шаралар жекілікті. Бұл жайында Мемлекет басшысы : «Біздің мақсатымыз — шекарамызды, тәуелсіздігімізді және халқымыздың тыныштығын бұзуға бағытталған кез келген әрекетті тойтаруға дайын жинақы әрі қуатты армия құру. Біз Отанның кез келген бұйрығын орындауға дайын болу үшін өз шеберліктерімізді шыңдай түсуіміз қажет. Жауынгерлерді, кіші офицерлерді осы жолда тәрбиелеу керекпіз», — деген болатын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы