ТҮРКІСТАН: АУЫЛДАРДЫ САПАЛЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Өткен қыста еліміздің жылу электр станцияларында қайта-қайта апат болды. Бұл жағдай жылдар бойы шешілмеген мәселенің бетін ашып берді. Инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Индустрияландыру қарқынын да тежейді. Яғни, инфрақұрылымды жаңғыртпасақ, жаңа экономикалық үлгіге көшу мүмкін емес»,деген болатын.
Осыған орай, Сауран ауданы мәртебе алған үш жылда қыруар жұмыстар атқарылды. Әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарып, жұмыспен қамтылғандықтан белсенділігі де жақсарды. Мәселен, ауыз сумен қамту бойынша Сауран ауданында 34 елді мекеннің 33 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. 2023 жылы Ойық елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілді. Шалғай орналасқан Егізқара елді мекенін ауыз сумен қамту бойынша, мемлекеттік сатып алу конкурс құжаттары рәсімделуде. Тәулік бойы сапалы ауыз сумен қамту мақсатында, тозығы жеткен су сорғыларын ауыстыру үшін жаңадан 68 су сорғылары сатып алынды.
Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Өткен жылы 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 32 нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
Өткен жылдың соңында өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізді. Осы ретте, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Мінеки, 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Нақтырақ айтсақ, Сауранда – 1, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 ауыл ауыз сумен қамтылды, 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
Сауран ауданын дамыту ісінде ең алғаш болып назар салатын салалардың қатарына ауыз су, ағын суды тиімді пайдалану мәселелері күн тәртібінен түспейтіні анық.Ол үшін жергілікті билік аталмыш бағыттарда мүмкіндігіне қарай қызметін атқарып келеді. «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз. Жер бетінің төрттен үш бөлігін су алып жатқанымен, ауыз су мәселесі өз шешімін оңай табар түйіткіл емес. Адам денсаулығы ауыз судың сапасына тікелей тәуелді екенін ескерсек, оған қойылатын талаптарға да баса мән беруіміз заңдылық. Тіршілігі жанданып, бойына қайта қан жүгірген киелі Саурандағы ауыз су мәселесіндегі жаңалықтар осындай. Әлем елдерін алаңдатқан таза судың әр тамшысы ұқыпты пайдаланылуы тиіс. Тасын түртсең тарихы сөйлейтін Сауранның тіршілік көзі су мәселесіндегі жасап жатқан жұмыстары көңілге қуаныш сыйлап, жұмыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанына ешкім күмән келтірмейтіндей болуы тиіс. «Су ішетін арығы жоқ елдің, Сүзіп алатын балығы жоқ» деген күйге жетпеу маңызды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында.
Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
«Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер», – деген болатын Президент.
Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жанданады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берді. Құрылысы мерзімінен кешікккен жобаларды сынға алып, жауаптыларға ауызша ескерту жасады. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшыларға қатаң тәртіптік шара көрілетінін ескертті.
– Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында 737 елді мекен (91,3 %) ауыз сумен қамтылған. Қалған 70 елді мекенді ауыз сумен қамту жұмыстары басталып кеткен. 41 елді мекенде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілсе, оның 14-інде жұмыс басталып кеткен. 9 елді мекен бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайын. 14 елді мекенде барлау жұмыстары жүруде. 29 елді мекенге кешенді-модульдік блок орнатылады.
Биыл 47 нысанның құрылысы жүрсе, оның 37-сі жыл соңына дейін тапсырылады. 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Жыл соңына дейін жаңадан 22 елді мекен ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 759-ға жетеді. Халық саны бойынша индикатормен есептегенде ауылды жердегі елді мекендердің ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетсе, қалалар 100 пайыз қамтылмақ. Мәжілісте ауыз су тарифтерін бекіту, су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, барлау жұмыстарын сапалы жүргізу, жобалаушы мекемелердің жауапкершілігін арттыру бойынша да ұсыныстар беріліп, тапсырмалар хаттамаға енгізілді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы