ТҮРКІСТАН: НАР ТҰЛҒАЛЫ НҰРЖІГІТ

Ұлттық ұлан сапында қызмет етіп жүргеніне он жылдан асқан 3660 әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары – әскер қызметі және әскери қызмет қауіпсіздігінің бастығы капитан Нұржігіт Амиров полктің қауіпсіздігін сақтауға және нығайтуға күш салып келеді.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына барған іссапар барысында білікті маманмен тілдесудің сәті түсті.
Нұржігіт Жүнісбекұлы 1992 жылы қазіргі Түркістан облысы Төле би ауданы Аққұм елді мекенінде өмірге келген. Еңбек жолын 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы взвод командирі лауазымынан бастаған. Одан кейін сол әскери бөлімде рота командирі болды. Кейін 3660 әскери бөліміне қызмет бастығы болып тағайындалды. Радиациялық-химиялық және биологиялық қорғаныс қызметінің бастығы міндетін атқарды. Басшылықтың сенімінен шыққан оған осы әскери бөлімде штаб бастығының орынбасары қызметін атқару жүктелді. Бүгінде ол штаб бастығының орынбасары — әскер қызметі және әскери қызмет қауіпсіздігінің бастығы болып қызмет атқарады.
Қырағы капитан – әскери бөлімнің қауіпсіздігіне жауапты тұлғалардың бірі. Яғни, әскери бөлімге диверссиялық топтың және басқа да заңсыз қаруланғандардың шабуылдарын болдырмауды, болған жағдайда оларға тойтарыс беруді өз міндетіне алады. Алда-жалда әскери бөлімге шабуыл жасала қалса, полктегі кезекші күштер мен құралдардардың уақытылы іс-әрекетке көшуіне жауап береді.
– Қазіргі сәтте 2023 жылдың екінші бөлігінде әскер қатарына шақырылған сарбаздарды ішкі қарауылдық қызметке енгізу жүргізілуде. Жас сарбаздар ішкі қарауылға қатысу үшін екі апталық әзірліктен өтеді. Мысалы, бүгін сарбаздармен екі сағат көлемінде тағылымдама жүргізілді. Жауынгерлерді бастапқыда үйретіп, алдағы уақытта практикалық түрде өздігінен қызметке түсе алатындай етіп дайындап жатырмыз. Осының бәріне өзім жетекшілік етіп жүрмін. Осы қызметке қатысты сұрақтарға тікелей жауап беретін тұлға ретінде осы дайындықтарға бұйрық бойынша бекітілдім, – деді Нұржігіт Амиров.
Әскери қызметші 2009-2010 жылдары бұрынғы аэроұтқыр әскерлерінде Отан алдындағы борышын өтеген. Одан кейін сол әскери бөлімде келісімшартпен әскери қызметте қалып, бөлімше командирінен рота старшинасына дейінгі лауазымдардан өткен. 2013 жылы қазіргі Ұлттық ұлан академиясына Ұлттық ұланға командалық басшылық жасау мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2017 жылы бітіріп шыққан. Содан кейін 5571 әскери бөліміне келіп, қызметке кіріседі.
– Әскери салада қызмет ету – менің кішкентай кезімдегі арманым болатын. Маған бала кезімде көрген әскери фильмдер әсер етті. Соғыс жайлы фильмдерді көп көрдім. Әсіресе, Ресейдің «Сволочи» деген фильмі ұнайтын. Сондағы кейіпкерлер секілді десантшы болсам, фильмдегі командирлер сияқты бұйрық беріп, жеке құрамды басқарып жүрсем деген бала қиял мазалаушы еді. Сол арман жетегіне еріп, әлі күнге дейін жүріп келемін. Тәуба, басшылық қазіргі уақытта шеніме қарамастан подполковник лауазымын сенім артып тапсырды, – деді кейіпкеріміз.
Нұржігіт Амиров сенімге селкеу түсірмей, міндетін адал атқарып жүр. Сарбаздармен де байланысы жақсы. Кезінде өзі де қатардағы жауынгер ретінде Отан алдындағы парызын өтеген ол әр сарбаздың қал-жағдайына үңіліп, жанашырлық танытып жүреді.
– Оларға өзімнің бауырларыма қарағандай қараймын. Әр сарбаз маған ыстық көрінеді. Тек қана сарбаздар емес, сержанттар мен офицерлерді де сөзге тартып, сырласып, ақылдасып жататын кездеріміз болып тұрады, – деді ол.
Оның отбасында әскери салада қызмет еткен адамдар некенсаяқ. Әкесі ауыл шаруашылығымен айналысқан. Ал анасы ауруханада мейірбике болған. Қазіргі уақытта, отбасылық жағдайға байланысты, ауылдағы балабақшалардың бірінде қызметкер. Ал інісі ағасының соңынан еріп Ұлттық ұлан қатарына қосылған. Бүгінде екеуі екі өңірдегі әскери бөлімде қызмет етеді. Олар әскери антқа деген адалдықтың ақ туын биік көтеріп жүр.
– Қазақ жігіттері намысшыл келеді. Жауынгерлік қасиет олардың бойында бұрыннан бар. Сондықтан баланы жастайынан жігерлендіріп, жылқыға жақын өсірген. Ат құлағында ойнаған жігіттер бес қаруды қолға алып ел мен жерін қорғаудан тайынбайтын. Біздің жігіттер осындай. Бүгінгі жастардың да бойында бабалар қаны бар. Сол себепті ұлдарымыз жасық емес, жасампаз болып өскені жөн. Сонда ғана елінің ертеңі үшін басын бәйгеге тіге алатын жампоз болады. Сол кезде ғана Отанын қорғауға
дайын азаматтардың саны артады, –деді Нұржігіт Амиров.
Кейіпкеріміз бос уақытында спортпен шұғылданады. Дзюдодан спорт шебері деген атағы бар. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктері де жетіп артылады. Бірақ ол ешнәрсені отбасынан биік қоймайды. «Отан – отбасынан басталады» деген қағидаға сүйенген офицер отбасына көңіл бөлуді де естен шығарған емес. Қолы қалт ете қалса, жақындарының жанын жадыратып, қуантуға тырысады. Осы бір жайдары мінезінің арқасында достарының ортасында да сыйлы. Достыққа адал, уәдеге берік азаматтың қызметіне де жанашырлықпен қарайтыны сөзсіз.
Қатардағы Жанболат Кенжеғұл.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы