ТҮРКІСТАН: САН САЛАДА АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖЕТЕРЛІК


Түркістан қаласында жергілікті халық саны артып келе жатқаны анық. Осыған орай Мемлекет басшысының Жолдаулары мен жүктеген міндеттерінде айтып өткеніндей, халықты баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар және өңірлердің инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін дамыту – негізгі басымдықтардың бірі болса, тарихи мекенде бұл салада атқарылып жатқан шаруалар аз емес екенін атап өткен жөн.
Соның дәлелі қалаға кіреберістен келісті келбетімен көз сүйсіндірер жаңа қаланың бой көтеріп келе жатқанын атап айтуымызға болады. Бүгінгі шығарылымдағы мақаламызда аталған жоба аясында қолға алынған жобаларды мамандардың берген мәліметтеріне сай өз кезегімен оқырман назарына ұсынбақпыз.
«БАСПАНА – БАҚЫТ ШАМЫ»
Түркістан қаласы облыс атанған бес жылдың ішінде көптеген қала тұрғындары баспанаға ие болды. Қаламыздың келбеті өзгеріп, аумағы кеңейді. Әсіресе, «Жаңа қала» деп аталатын аумақта биік үйлер бой көтеріп, «көп балалы отбасы» санатына жататын отбасылар үй алу мүмкіндігіне көптеп ие болды.
Осы орайда нақты деректерге жүгінсек, Түркістан қаласы, әкімшілік-іскерлік орталықта 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үйдің, яғни 5649 пәтердің, 360,6 мың шаршы метр құрылысы басталған. Оның ішінде, 2020 жылы 336 пәтерлі 7 үй (барлығы ипотекалық пәтерлер) пайдалануға берілсе, 2021 жылы 1921 пәтерлі 29 үй ипотекалық пәтерлердің 1427, кезектегі отбасыларға берілетін 494 пәтер иелері қоныс тойларын тойлаған.
2022 жылға 217,8 мың шаршы метрді құрайтын 3 392 пәтерлі 53 тұрғын үйдің (ипотекамен берілетін пәтерлер 2683, кезектегі отбасыларға берілетін 709 пәтер) құрылысы жүргізілді. Аталған үйлердің 2 706 пәтері кредиттік жүйемен сатылса, 686-сы кезектегі отбасыларға үлестірілген. Сонымен қатар, пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқанын да айта кету керек.
Жыл қорытындысымен 202,4 мың шаршы метр 3155 пәтерлі 49 үй (ипотекамен берілетін пәтерлер 2482, кезектегі отбасыларға берілетін 673 пәтер) пайдалануға берілді. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Қалған 4 үйдің екеуін қабылдау бөлінген қаражатқа қарай тамыз, қыркүйек, қазан айларына жоспарланған. Тағы бір айта кетерлігі, жоғарыда аталған тұрғын үйлердің құрылысы Түркістан қаласы әкімдігінің Тұрғын үй қатынастары бөлімі және тұрғын үй инспекциясы мен облыстық құрылыс басқармасы тарапынан жүргізіліп, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің теңгеріміне алынды.
Бұл жерде тұрғын үй құрылыстары облыстық құрылыс басқармасы тарапынан да жүргізіліп жатқанын айта кету қажет. 2021 жылдан бастап көпқабатты 4298 пәтерлі 68 тұрғын үйдің 264,1 мың ш.м. (барлығы ипотекалық пәтерлер) құрылысы жүргізіліп, соның ішінде 2022 жылға 6 блок 240 пәтер пайдалануға берілді және барлығы ипотекамен сатылды. Ал қалған үйлердің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы халық игілігіне беріледі деп күтілуде.
Жаңадан салынатын үйлер бойынша әкімшілік-іскерлік орталықта 5 қабатты 800 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысына жоба әзірленді және осы бойынша сараптама қорытындысын алды. Қазіргі таңда құрылысына қаржы бөлініп, мердігерді анықтау мақсатында ашық конкурс жарияланды. Жеңімпаздар анықталған соң құрылысы қыркүйек айында басталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, 7 қабатты 64 тұрғын үйге жаңадан жоба жасалып, сараптама қорытындысы алынды. Аталған үйлердің құрылысын салып аяқтауға қаржы бөлдіру бойынша бюджеттік өтінім берілді.
Қазіргі таңда жыл басынан бері тұрғын үйлердің құрылысы аяқтал-ған жоқ. Бүгінде қабылдау жұмыс-тары жүргізілуде. Биыл мемлекеттік бюджет есебінен салынған 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріледі және салынып жатқан үйлердің басым бөлігі ипотекамен беріледі деп жоспарлануда.
Бағдарламаға келсек, 2019-2020 жылдары салынып, 2021-2022 жылдары пайдалануға берілген тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы халыққа үлестірілсе, қазіргі таңда тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде үлестірілетін болады.
МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Жәдігер шаһар — Түркістанның көркеюі, гүлденуі мен абаттануы оның тазалығы қай-қайсымызды болмасын бейжай қалдырмасы анық. Осы ретте шаһар шаруашылығы, инфрақұрылымының жай-жапсары тұрғысында атап өтсек.
Түркістан қаласы облыс орталығына айналғалы бері бірнеше кезеңге бөлініп, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде ауыз су – ең өзекті мәселе болып іріктелді. Сол тұстағы облыс басшылығы, қала басшысы ерекше ден қойып күн тәртібінде бірінші кезекке қойды. Бірінші кезекті тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамту мәселесі, одан кейін қаланың микроклиматын жақсарту мақсатында қаланы көгалдандыру, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша бірнеше жиындар өтіп, шешімдер қабылданды. Сол шешімдердің негізінде қаланың Бас жоспары бекітілген болатын. Бас жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқарылды, әлі де жалғасып келеді. Жалпы, қалада су көзі Кентаудағы «Мырғалымсай» су қоймасынан тартылады, одан бөлек Шобанақта 4 ірі резервуар бар, негізгі су қоры осы нысандар. Қалада 2 су қоймасы бар. Ол орталық су қоймасы (Б.Майлин көшесіндегі) және Әкімшілік-іскерлік орталықтағы (жаңа қала аумағы) жаңадан салынған су қоймасы. Қалаға осы екі су қоймасынан су тартылады. Бұл су қоймаларының сыйымдылығы – 72 000 м3 құрайды. Орталық су қоймасының сыйымдылығы 5000 м3-ты құрайды. Бұрыннан бар орталық су қоймасы облыс орталығы болғаннан кейін күрделі жөндеуден өтіп, сыйымдылығы кеңейтілді. Себебі, қалаға көгілдір отынның келуіне байланысты тұрғындардың жайлы тұрмысқа көшу (жаппай үйлерде душ-ванна орнатуы) себепті суды тұтыну деңгейі де артты. Су тұтынуға сұраныс бұрынғыдан анағұрлым артты. Нақты айтсақ, қалада 41528 абонент болса, оның 41100-і, яғни 98,9 пайызы бүгінде сапалы ауыз сумен қамтылып отыр. Одан бөлек қалада 21 су ұңғымалары бар, бірақ біз негізгі су көзі ретінде Кентаудан келетін су қарастырылған, сондықтан ол су ұңғымалары артық су қоры ретінде резервте тұр. Қысқасы, халықты толыққанды сумен қамту мүмкіндігі бар. Ауыз су тұрғындарға құбыр арқылы жеткізілетіні мәлім. Жаңа қала аумағында жаңа су жүйесі магистральдары құрылып жатыр. Бірақ, негізгі халықтың шоғыры ескі қалада. Ескі қала аумағында су магистралы сонау 60-70 жылдары жүргізілген темір-шойын құбырлар, олар бүгінде тозған. Тұрғындардың су тұтыну деңгейі көбейген сайын мамандар су жүйесінің қысымын да көтеруге мәжбүр. Алайда, әлгі ескі құбырлар жоғары қысымға шыдас бермей, әр жерден жарылуда. Осындай жағдайларды ескере отырып бірнеше жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Ол жобалар бойынша кезең-кезеңге бөлініп су жүйесі магистралін жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Қазіргі таңда 4 ірі жоба іске асып жатыр. Бірінші – Яссы-Шауғар мөлтекауданында су құбыры желілерін қайта құру жобасы 2021 жылы басталып жоспар бойынша 2023 жылы аяқталуы тиіс. Жобаны «Азия-Сервис» ЖШС жүргізуде, одан бөлек 1-2 мөлтекауданы және Ремзауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жобасы жүруде. Бұл жобаны «Құрылыс -Тед» ЖШС жүргізуде, бұл да 2021 жылы басталған, жыл соңына дейін аяқталып, толықтай пайдалануға беріледі. Үшінші бағыт Мақтазауыт аумағында ауыз су құбырларын қайта жаңғырту жұмыстарын «Үш сай» ЖШС жүргізіп жатыр. Ал, төртінші жоба «Түркістан қаласындағы жаңа қоныстанған тұрғындарды ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету құрылысы» деп аталады. Бұл бірінші кезекте, әлбетте су жүйесі тартылмаған жаңа аумақтар, сосын ескі (бұрыннан бар) аумақтарда су тартылмаған көшелерді қамтиды. Бұған дейін қаланың көп бөлігінде ауыз су жүйесі құрылмаған, тұрғындар құдық қаздырып, жерасты суларын пайдаланып келген. Мысалы, Шауғар мөлтекауданындағы Н.Төреқұлов көшесіне осы уақытқа дейін су жүргізілмеген. (Бұрын ол аумақта түрме болған екен, 90-жылдардан кейін үйлер салынып, бірнеше көше түсіп қазір үлкен аумақ саналады). Осы Н.Төреқұлов көшесі аумағы, Отырар тұрғын үй алабында, Оралман, Яссы-Шауғар, Бірлікте (Бірлік аумағы қатты өріс алып, ұлғайып кеткен) қаншама көшелерге ауыз су жүйесі тартылмаған. Жаз айларында ол аумақтарда жерасты (құдық) су көздері тартылып кетіп, тұрғындар судан тапшылық көреді. Осы жағдайлардың барлығын ескеріп аталған жаңа аудандарды (оның ішінде ескі көшелер де бар) су құбырлары тартылып жатыр. Бұл жобаны «Бақ береке-2030» ЖШС жүргізуде. Қала тұрғындарын ауыз сумен қамту осылай 4 ірі жоба аясында жүріп жатыр. Осы жобалар толық жүзеге асқанда тұрғындарды ауыз сумен қамту көрсеткіші – 99,9 пайызға жетпек деп көзделуде.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы