Әскери өмірдің алғашқы белесін артқа тастаған жас сарбаздар үшін жауынгерлік жол енді басталды. Түркістан облысындағы «Дарбаза» оқу-жаттығу полигонында көктемгі шақырылыммен келген 195 жас сарбаз алғашқы нақты әскери машықтарын пысықтап, ұрыс жағдайына барынша жақын ортада маңызды дайындықтан өтті. Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ел қорғаны болуға келген жас жауынгерлер үшін бұл күн – ерлікке бастар алғашқы сынақ алаңы болды. Олар қолдарына алғаш рет қару алып, қарсыластың танкісіне қарай окоптан қолмен граната лақтырды. Дыбыс пен түтінге тұншыға жүріп, сым мен кедергіден өткен олар жауынгер рухының қандай болатынын жан-тәнімен сезінді.
Жаттығу барысы Ұлы Отан соғысындағы тактикалық тәсілдерге негізделген «танкпен шайқасу» элементімен өрбіді. 40 тонна болат техника күркіреп келе жатқанда, сарбаздар үрейге бой алдырмай, орнықты әрекет етіп, рухани төзімділікті шыңдады. Бұл – тек дене даярлығы емес, ішкі берік сенім мен батылдықтың мектебі десек, артық емес.
Практикалық тапсырмалар алдында сарбаздарға Т-72 танкісінің құрылымы мен тактикалық-техникалық сипаттамалары таныстырылды. Қару түрлері, жарылғыш заттар мен қауіпсіздік ережелері туралы теориялық білім беріліп, алғаш болып үлгі көрсеткен командирлер мен сержанттар жас сарбаздарға сенімді жолбасшы бола білді.
Қатардағы жауынгер Рауан Насылхан бұл күнгі әсерімен бөлісіп:
– Бүгін біз шынайы шайқас алаңында жүргендей сезіндік. Алғаш рет автоматтан оқ аттық, граната лақтырдық, түтін мен тікенек арасынан өттік. Қорқыныш пен толқу қатар жүрді, бірақ бәріміз нағыз сарбаз болуға қадам жасадық, – дейді.
Командирлердің айтуынша, мұндай жаттығулар сарбаздардың төтенше жағдайға дайындығын арттырып қана қоймай, олардың психологиялық тұрақтылығы мен жауапкершілігін де қалыптастырады. Жас жауынгер әр әрекетін ойланып, тығырықтан шығар жолды жедел табуды үйренеді. Бұл — ұрыста шешуші рөл атқаратын қасиеттер.
Сабақ соңында бөлімше командирлері жас сарбаздардың белсенділігі мен жауынгерлік ынтасын ерекше атап өтіп, оларды бастапқы әскери дайындық кезеңінің маңызды сынағынан сәтті өткендерімен құттықтады. Ендігі кезекте сарбаздарды алда – Әскери ант қабылдау және туған ел алдындағы қасиетті борышын өтеу жолындағы жаңа белестер күтіп тұр.
Жас жауынгерлерге бұл күн – тек алғашқы атыс немесе алғашқы граната емес, бұл — Отан алдындағы адал қызметке серт берудің, жүрекпен ант етудің баспалдағы болды.