ТҮРКІСТАН: САУРАНДЫҚТАР ҚАРАШЫҚ ӨЗЕНІНІҢ БОЙЫН ТАЗАЛАДЫ


Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Акцияның өзі бірнеше апталықтарға бөлінген. Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығы – «Таза өлке» апталығы, 13-20 сәуір аралығы – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығы – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін – «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы жарияланған болатын.
Осыған орай Сауран ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Мөлдір бұлақ» апталығы басталды. Апталық аясында аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің студенттері Қарашық өзенінің жағалауын қоқыстан тазарту жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстары ерекше сайыс түрінде ұйымдастырылып, белсенділер 3 топқа бөлінді. Арнайы қапшықтарға қоқыс қалдықтарын жинау арқылы, ең көп салмақ жинаған құрама жеңіске жететіндігін мәлімдеді.
Тазалық жұмысына аудан әкімінің орынбасары Ербол Ұласбекұлы мен облыстық мәслихат депутаттары Баймахан Тоймаханұлы мен Жанар Амангелдіқызы арнайы қатысып, ерікті жастармен бірге тазалық жұмыстарын атқарды. Оранғай ауылдық округінен өтетін 22 шақырымға созылған Қарашық өзенінің бойын тазалау жұмыстарына 100-ге жуық адам қатысты. «Таза табиғат», «Таза Қазақстан» және «Киелі мекен – Сауран» командалары үздік нәтижелерге қол жеткізіп, арнайы алғыс хаттармен марапатталды, сыйлықтар табыс етілді.
Облыста алғашқы апталықта барлық 17 қала-аудандарда тазалық жұмыстары мен көшет-гүл егу жұмыстары жүрді. Нәтижесінде 2 839 көшенің бойлары тазаланып, 139 250 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ, 144 431 дана ағаш әктеліп, 58 407 шаршы метр аяқ жолдары тазаланды. Бұдан бөлек, 346 саябақ мен скверлер ретке келтіріліп, 298 балалар және спорт алаңшаларында тазалық жұмыстары жүрді. Сонымен қатар, жалпы 272 шақырым өзен-каналдар мен бұлақтардың арналары ашылды. Ал 13 сәуір күні жалпы сенбілік өткізіліп, 1 031 тонна қоқыс шығарылған. Шараға облыс бойынша 25 мың адам тартылып, 316 техника жұмылдырылды.
Енді 13-20 сәуір аралығында «Киелі мекен» апталығы аясында облыс көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштер маңында 170 іс-шараны өткізуді жоспарланған. Бүгіннен бастап Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи мен Отырар ауданында Арыстан баб кесенелерінде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Алдағы уақытта да Сауран Қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенесі және Ысқақ баб кесенесі, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенелері сияқты аумақтар тазаланатын болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның туризм саласындағы әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Мемлекет басшысы туризм саласына ден қою керегін айтты.
«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.
«Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», — деп атап өтті Президент.
Түркістан облыстық мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Медеуовтың айтуынша бүгінде Түркістан облысына келушілер мен туристер санында оң динамика байқалып отыр. 2022 жылы өңірімізге 470 мыңнан астам турист келген. Орналастыру орындары – 253,4 мың, шипажайлар – 142,4 мың, табиғи аумақтар – 74,9 мың туристі қабылдаған. Оған қоса 1,2 миллионнан астам зияратшы мен қонақ келген. Басқарма өкілінің мәлімдеуінше, Түркістан облысының туристік әлеуетін арттыру мақсатында биыл бірқатар ауқымды іс-шаралар өтпек. Атап айтқанда, 15-16 шілдеде халықаралық Eagles of Turkistan конкурсы, 22-23 шілдеде «Түркістан таулары» белсенді экологиялық туризм іс-шаралары, ақпараттық турлар ұйымдастырылмақ.
Сонымен қатар, биыл күзде, яғни 5-6 қыркүйек күндері Түркі мемлекеттері ұйымдарына мүше елдердің туризм министрлерінің қатысуымен сегізінші отырысын өткізу көзделіп отыр. Аталған іс-шарада 2024 жылы Түркістан қаласына түркі әлемінің туристік астанасы статусын беру қарастырылмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта Түркістан облысының туристік әлеуетін ВВС телеарнасынан көрсету жоспарланып отыр. Осылайша, халықаралық телеарна арқылы Еуропа, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі туристік нарықтарға таныстырылмақ.
Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылып отыр. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл ретте, нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарланған.
Брифингте Ақмешіт үңгірін туристификациялау жайы да сөз болды. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан әрі үңгір айналасында шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары жүргізілмек.
Түркістан облысында туризм саласы жақсы дамып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірге жалпы 500 мыңға жуық адам келген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қалаға келушілердің саны 104,0%-ға өскенін көреміз. Жалпы Түркістанда туристер тамашалайтын қандай аймақтар бар? Енді осы жағына тоқталайық. Қ.А.Ясауи кесенесі – өңірге туристердің тартатын негізгі нысанның бірі. Ортағасырлық сәулет өнері ескерткіші саналатын тархи ғимарат 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Ясауи қабірінің басына тұрғызылған. Ескерткіште күмбезді, аркалы элементтер көп. Жалпы 35 бөлме бар. Ғимараттың биіктігі 37,5 метр. Үш қабырғасының үстіңгі жағында көгілдір қышқа өрнектеліп Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Қоладан соғылып, алтын, күміс жалатылған есік тұтқалары мен алты шырағдан да сәулет өнерінің інжу-маржандарының қатарына жатады. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Кесенеге кіру Қазақстан Республикасының азаматтарына 200 теңге, шетел азаматтарына 500 теңге. Ал, гидтердің қызметін қолданғыңыз келсе қосымша 3000 теңге төлейсіз. Кесененің маңында шығыс моншасы және этно ауыл кешені және күлтөбе қалашығы орналасқан.
Түркістанға келген туристер міндетті түрде Отырар ауданында орналасқан Арыстан баб кесенесі кіріп, дұға етіп шығады. Себебі, Арыстан баб – Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы. Сондықтан болар, «Арыстан бабқа түне, Ясауиден тіле!» деген ел ішінде де тәмсіл сақталып қалған. Көне Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесі XI ғасырда өмір сүрген діни көріпкел Арыстан баб мазарының үстіне салынған. Кесененің құрылысы XIV-XV ғасырға жатады. Аумағында емдеу қасиеттері бар өте тұзды сулы құдық бар. Бүгінде Арыстан баб кесенесі мемлекеттік қорғауға алынған. Сонымен қатар, Түркістан қаласынан 40 шақырым жерде Хантағы жотасы бар. Аты айтып тұрғындай мұнда ханның тағына ұқсас тау орналасқан. Ел аузындағы аңыз әпсаналарға сүйенсек, елді билеген хан түсінде ажалының қарақұрттан келетінін көреді. Көріпкелдерде дәл осылай болжаған. Сол жылдары елде төрт түлікте қарақұрттың улы тісінен өлім құша бастайды. Өлімнен қатты қорыққан хан қарақұрттан қашып Қаратаудың биік жотасына қоныстанады. Жан жағындағы жасақтары да ханды аса сақтықпен «қарақұрт» атты тажалдан қорғай бастайды. Осылай жаз өтеді, күздің күні суыра соққан жел үш күн, үш түн дамылсыз соғып, сақшылардың да есін шығарады. Сарайдан үш күн бойы шықпай қойған хан желдің басылғанын байқап, халықпен жүздесіп, өз тағына келеді. Асқа отырып, тамақтанып жатқанда жеміс толы ыдыс ішінен шыққан қарақұрт шынында да ханды шағып өлтіреді. Содан бері бұл тау Қантағы, бертін келе Хантағы аталып кетсе керек. Қазіргі кезде Хантағы орналасқан аумақ қоршалған. Қаратау мемлекеттік табиғи қорығының қорғауына алынған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы