ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРСТАРЫН РЕТТЕУ ЖАН-ЖАҚТЫ ЖОБАЛАНУДА


Еліміздің экономикасындағы өте маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы болғандықтан, біз үшін су ресурстарын реттеу және ондағы проблемаларды шешу жолдарын қарастыру ерекше маңызға ие. Тиісінше, бүгінгі таңда су ресурстары саласын дамыту мемлекеттік бағдарламалар аясында ғана емес, ғылымы-әдістемелік тұрғыдан да жан-жақты қаралып жатыр. Ал, бұл бағыттағы жұмыстар Түркістандықтар үшін де маңызды екені сөзсіз. Осы орайда, Түркістан қаласының тұрғындарына түсіндіру жұмыстары бойынша ақпаратты ұсынамыз.
Еске сала кетсек, бұл бағыттағы жұмыстар бірер жыл бұрын қарқын алып, Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкімет су ресурстарының толық аудитін жүргізу тиіс» деп тапсырма берген болатын.
«Сумен қаматамасыз ету мен су тарту мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Біз су ресурстарына, су шаруашылығы құрылыстарын толық көлемде паспорттауды ешқашан жүргізбеппіз. Үкіметте осындай нысандардың нақты саны мен жағдайы бойынша мәлімет жоқ. Жекеменшік су шаруашылығы нысандарын есепке алу тиісті деңгейде жүргізілмеуде. Сондықтан Үкіметке жыл соңына дейін су ресурстарының және сумен қамтамасыз етудегі барлық инфрақұрылымының ирригация жүйесіне толық аудит жүргізуді тапсырамын. Бұл өз кезегінде саладағы жағдайды толық бағалауға жол ашады. Оның негізінде Үкімет пен әкімдіктерге аталған нысандарды жөндеу мен жаңғырту, оның ішінде айналымға жаңа суармалы егістіктерді енгізу бойынша нақты шараларды әзірлеу міндеті тұр», – деген Президент өз сөзінде.
Оған қоса, Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін көтеріп: «Су ресрустарын тиімді пайдалану мәселесіне жеке тоқталып өткім келеді. Бұл күрделі болғанымен шешімдері мемлекет экономикасы мен ұлт денсаулығына айқындаушы ретінде ықпал ететін күрделі әрі стратегиялық маңызды мәселе. Мәселемен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі айналысады. Су ресурстары проблемасымен айналысатын өзге қандай да бір ведомство құрылмайды. Осыған сүйеніңіздер!. Сіздердің бағдарламаларыңыз бар ма?», – деп еліміздің бас экологына сауал қойған.
Өз кезегінде Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 10 негізгі басымдықтан тұратын даму бағдарламасының тұжырымдамасы әзірленгендігін баяндаған.
«Су саласынан көріп отырған негзігі тәуекел – бұл ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырымды құрайды және 2040 жылға қарай ағын судың 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған қарай біз су үнемдейтін технологиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сынды бірқатар шараны қабылдауымзы керек. Цифрландыруды да белсенді енгізгеніміз жөн. Тиісті тұжырымдаманы әзірледік. Оны Премьер-Министрге баяндадық. Таяу уақытта оны Үкімет отырысының қарауына шығарып, одан кейін Сіз мақұлдасаңыз мемлекеттік бағдарлама әзірлеуге кірісеміз», – деді ол өз сөзінде.
Осылайша, ел Үкіметі аталған бағдарламаны әзірлеу бағытында біршама жұмыс атқарып, көптеген жоспарларды жүйелі түрде іске асырып келеді. (Бұл туралы ақпараттық порталымызға «Үкімет су ресурстары саласын қалай реттеп жатыр?» деген тақырыппен жариялаған мақаламызда кеңінен атап өткенбіз. Ал, бүгінгі тақырып су ресурстары саласының екінші бағытына арналып отыр).
Жалпы, Қазақстан қажетті су ресурстарының 44 пайызын трансшекаралық өзендерден алады екен. Бұл туралы Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі айтып, әлемдегі 70-ке жуық мемлекет су жетіспеушілігін бастан кешіріп отырғанын жеткізген. Өкінішке қарай, сол елдердің ішінде Қазақстан да бар екен. Сонымен бірге, Қазақстанның су ресурстары және елді су қауіпсіздігімен қамтамасыз ету мәселесі бойынша Сенатта баяндама жасаған ол әлемдік ресурстар институтының зерттеуі бойынша, су жеткіліксіз аумақта бүкіл әлемде 2 млрд. адам тұрып жатқанын атап өтті.
«68 мемлекет су тапшылығын ерекше бастан кешіріп отыр. Соның ішінде Қазақстан да бар. География институты республиканы сумен қамту деңгейінің төмендеп бара жатқанын хабарлайды. Егер 1960 жылдары республикада судың жиынтық ағыны 120 текше шақырымды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 101-ге дейін төмендеген. 2020 жылы өзен ағыны 80-ге дейін, ал 2030 жылы тағы да 72 текше шақырымға азаятыны болжанып отыр. Бұған қоса халық мен экономиканың барлық саласының суға деген сұранысы артып барады. Бүкіләлемдік банк 2050 жылы аймақтағы елдерде су тапшылығы салдарынан жалпы ішкі өнім 6 пайызға азаятынын болжаған. Қазіргі таңда су ресурстарының 55 пайызын ғана Қазақстан өз аумағынан пайдаға жаратып отыр. Қалған 44 пайызын трансшекаралық өзендер арқылы алады. Мұндай жағдайда жерасты суларының маңызы арта түседі. Осыдан 350 жыл бұрын Қазақстандағы жер асты су қорына жоғары баға беріліп қойған. Бірақ, бұл ретте жаңа дәуірде жер асты суларының халықаралық қорының болжамды балансы есептелмеген. Ескі гидрологиялық түсірілімдер қазіргі ақпараттық талапқа сай келмейді. Зерттелген кейбір аумаққа құрылыс салынып кеткен. Кейбірі санитарлық талаптарға сай келмейді», – деген сенатор өз сөзінде.
Бұл тұрғыда Қазақстан суды үнемдеп пайдалану жағынан барынша жұмыс жүргізіп жатқаны, алайда, соның өзінде суды жоғалту көлемі 40 пайызды құрап тұрғаны баяндалған. Демек, біздің елімізде су ресурстарын тиімді пайдалануды да ғылыми тұрғыдан реттеу керек деген сөз.
Осы орайда, былтыр М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті АҚШ-тағы Небраска штатының университетімен бірлесіп, ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологияларын пысықтап жатқаны мәлім болды. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына берілген Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған.
«Су шаруашылығының барлық бағыттары мен деңгейлері бойынша білікті кадрлар даярлау жағдайын жақсарту үшін 2020 жылы М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Су шаруашылығы және табиғат орналастыру институты» ашылды. Институттың бакалавриаты мен магистратурасы аясында «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар», «Гидротехникалық мелиорация», «Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру», «Су ресурстарын басқару», «Мелиорация және суармалы егіншілік», ал докторантура шеңберінде «Гидротехникалық құрылыс және құрылысжайлар» білім беру бағдарламалары бойынша оқыту жүзеге асырылатынын атап өткен жөн», – деп атап өткен Үкімет басшысы өз жауабында.
Әлихан Смайыловтың сөзіне сүйенсек, аталған институт базасында «Академиялық артықшылық орталығы» ашылған. Оның негізгі міндеті – су ресурстарын басқарудағы жаңа технологияларды зерделеу және оларды оқу процесіне кіріктіру үшін ғылыми ұйымдармен, сондай-ақ халықаралық оқу орындарымен өзара іс-қимыл жасау. Атап айтқанда, Небраска штатының университетімен (Америка Құрама Штаттары) ынтымақтастық жолға қойылған. Онымен ауыл шаруашылығында су ресурстарын пайдалану технологиялары пысықталуда. Ұсынылған технологиялармен танысқаннан кейін, оларды Қазақстан жағдайында пайдалану мүмкіндігі тұрғысынан ғылыми ұйымдармен талқылағаннан кейін тиісті оқу бағдарламалары үшін модульдер әзірленетін болған.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасының» жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру үшін инновациялық пәндерді қоса отырып, білім беру бағдарламаларын жаңарту көзделгенін айтқан. Атап айтқанда, былтыр Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының қолдауымен «Гидротехникалық құрылысжайлар салу» білім беру бағдарламасын әзірлеу жүргізіліп жатқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы