Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасы негізделуі тиіс жеті қағиданы айтқан болатын. Оның ішінде игіліктер мен міндеттерді әділ бөлу, жеке кәсіпкерліктің жетекші рөлі, адал бәсекелестік, кәсіпкерлердің жаңа буыны үшін нарықтарды ашу, өнімділіктің өсуі, экономиканың күрделілігі мен технологиялылығын арттыру, адами капиталды дамыту, жаңа үлгідегі білім беруге Инвестициялар, экономиканы көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттің негізделген шешімдер қабылдауы және олар үшін қоғам алдындағы жауапкершілігі. Осы бағыттардың ішінде бүгінде Түркістан өңірінде кономиканы көгалдандыру, қоршаған ортаны қорғау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су ресурстарын дамыту шаралары жайлы Сауран ауданының тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірленген болатын.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – республика азаматтарының денсаулығы мен әл-ауқаты үшін елдің су ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, экономика салалары мен қоршаған орта қажеттілігінің теңгерімін қамтамасыз ету проблемаларын шешу.
Тұжырымдама су ресурстарын интеграцияланған басқару практикасын жақсарту және елді дамытудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарында айқындалған мақсаттарға, міндеттер мен тәсілдерге және Біріккен Ұлттар Ұйымының орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін негіз болады.
«Су ресурстарын басқару жүйесіндегі қалыптасқан жағдай су ресурстарын басқару барлық деңгейлерде біртұтас болып табылатын интеграцияланған тәсілді енгізу есебінен мемлекеттің су шаруашылығы саясатын түбегейлі жетілдіруді талап етеді», делінген құжатта.
Су – өмірдің нәрі. Сондықтан болар, судың табиғаттағы және адамзат өміріндегі рөлін дана халқымыз «Су – тіршілік көзі» деп бір ауыз сөзбен түйіндеген. Жыл өткен сайын суға деген сұраныс артып келеді. Бар суды тиімді пайдаланып, үнемдеп үйренбесек таяу жылдары тіршілік көзі қат дүниеге айналуы мүмкін. Ғалымдар жылдан-жылға су көздері тартылып, шаруаларды құрғақшылық қысатынын ескертіп-ақ келеді.
Бұл мәселені Мемлекет басшысы да назардан тыс қалдырған емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге байланысты Үкіметке бүгінгі ахуалды басшылыққа ала отырып, суды үнемді пайдаланудың тетіктерін қарастыруды тапсырған болатын. Қазір өңірлерде су қоймалары салынып, тозығы жеткендерін қайта жөндеу жұмыстары жандана бастады. Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізді.
“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.
Осы орайда, былтыр қаңтарда су шаруашылығы саласының мамандары «Шардара» су қоймасында апаттық жағдай орын алса, төменгі бөлігіндегі 34 мың халқы бар 22 елді мекенді су басу қаупі барын айтып, дабыл қаққан болатын. Кейіннен Шардара ауданының әкімі елді мекендерді су басып қалу қаупі жоқтығын мәлімдеді. Облыс әкімдігі көктемгі су тасқынына қарсы дайындық жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын хабарлады. Жол картасына енгізілген тапсырмалар орындалған.
Бұл орайда тиісті қолдаулар көрсетілді. «Тұран-Су» мекемесі қажетті құрал жабдықтар мен техникалармен толық қамтамасыз етілді. Механикалық тазалау жұмыстарын өндірістік кестеге сәйкес аяқтау міндеттелген. Су шаруашылығы жүйелерін күтіп ұстау, елді мекендердің тыныс-тіршілігін ағын сумен қамтамасыз ету басты назарда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әкімдік аппаратының апталық отырысында су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті шаралар өз мерзімінде орындалып, облыс аумағындағы бөгеттерді нығайту, арықтар мен каналдар жүйелерін тазалау жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жан-жақты тексеруді, жауапты мекемелерге көрші мемлекеттен келетін су мөлшерін бақылауда ұстап, дұрыс үйлестіруді жүктеді. Биыл су тасқынына жол берілмеуі керектігін айтты. Ал Түркістан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Асқар Төлешев жоспарланған 20 іс-шараның 19-ы толығымен аяқ¬талғанын жеткізді. Ал 1 ісшара яғни, «Қараспан» су торабындағы жұмыстардың 45 пайызы аяқталған. «Тұран су» мекемесімен жоспардан тыс қосымша Келес, Ақсу өзені бойында 1,3 шақырым арна жағалауы реттеліп, 748,8 қой тастары және 416 дана габион торларымен бекітілген. Сондай-ақ департамент бастығы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде Сарыағаш, Сайрам, Келес, Ордабасы аудандарының 20 елді мекенінде су тасқыны қаупі сейілгенін мәлім етті. Департаменттің аумақтық бөлімшелерімен өткен жылдың қараша айында елді мекендердің дайындығы тексеріліп, 7 аудан, қаланың 40 елді мекеннің дайын еместігі туралы хабар берілген. Қазіргі таңда 29 елді мекенде кемшіліктер жойылды. Тасқынға қарсы 101 мың дана қап, 8 мың тонна жанар-жағармай қоры мен 40 млн теңге көлеміндегі азық-түлікке меморандум жасалып, 296 бірлік инженерлік техника әзірленген. Сонымен қатар төтенше жағдайлар департаментінің 175 жеке құрамы мен 144 құралы, «Тұран су» мекемесінің 40 бірлік инженерлік техникасы дайын. Қиын жағдайдағы «Қапшағай», «Ырмақ-Өзен» «Майдантал» су қоймалары күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген. Ал «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде тасқын суды қабылдауға шамамен 4 млрд текше метр көлемінде бос қоры бар.
Экономикалық дамыған елдердегі жаңа су парадигмасы «ресурсты басқарумен» қатар суға деген сұранысты басқаруды, атап айтқанда суды үнемдеу және суды пайдалану тиімділігін арттыру арқылы бірдей қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін судың аз мөлшерін пайдалануды көздейді.