ТҮРКІСТАН: СУ РЕСУРСТАРЫН ҮНЕМДЕУ МАҢЫЗДЫ


Бұған дейінгі Президент Жолдауында ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды деп қаралды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу деді Президент.
“Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс. Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын”, деді.
Сондай-ақ, биылғы Жолдауда қамтылған өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту.
Осы орайда, таяуда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек су саласының мамандықтары мәселелері бойынша бірлескен кеңес өткізіп, оған жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері қатысты.
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше, «Болашақ» бағдарламасына өзгерістер енгізіліп, оған «Гидрогеология», «Су ресурстары», «Су қауіпсіздігі» секілді мамандықтар қосылды. Нәтижесінде, биылдан бастап Қазақстан студенттері аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады. Осыған орай Сауран ауданының тұрғындарының назарына маңызды мағлұматты ұсынып отырмыз.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 10 оқу орны су саласының мамандарын даярлайды. Ал қазіргі уақытта су мамандықтары бойынша 2500-ге жуық студент оқиды.
«Біз үшін су саласы мамандығын тартымды ету маңызды. 2024 жылдың басынан бері су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 22% – ға өсті. Бұл Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген іс-шаралардың арқасында мүмкін болды. Сонымен қатар отандық су саласының кадрлық әлеуетін арттыру үшін министрлік су шаруашылығы мамандарын қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды жоспарлап отыр», деді Нұржан Нұржігітов.
Осы орайда, өткен жылдың қараша айында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Швейцарияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Салман Бал мырзамен және су ынтымақтастығы мәселелерімен айналысатын Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігінің Blue Peace Central Asia (BPCA) бағдарламасының өкілдерімен кездескен болатын.
Нұржан Нұржігітов 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ететінін, сондықтан еліміз Орталық Азия мемлекеттерімен, сондай-ақ басқа да халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарымен ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін мәлімдеген еді. Министр Қазақстан Мемлекет басшысының өңірде Орталық Азияның барлық елдерінің мүдделерін ескеретін Халықаралық су-энергетикалық консорциум құру жөніндегі бастамаларын іске асыруға ниетті екенін атап өтті.
Елші BPCA-ның бірінші кезеңі аяқталуға жақын екенін айтты, сондықтан қазіргі уақытта бағдарлама өкілдері екінші кезеңде қандай бағыттарды қамту керектігін анықтау үшін Орталық Азия елдеріне барады. Сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан қатысатын гидрогеологиялық болжау бағдарламасы Өзбекстанда іске қосылып жатыр. Аталған бағдарлама Орталық Азия елдері арасындағы су ағындары мен су шығынын бақылауға мүмкіндік береді.
Blue Peace Central Asia өкілдері олардың жобасы бірнеше бағытты қамтитынын атап өтті. Аталған жоба, мысалы Халықаралық Аралды құтқару қоры және Дүниежүзілік банк іске асырып жатқан Орталық Азия үшін су-энергетикалық бағдарламасы (Cawep) шеңберінде су ресурстарын басқарудың өңірлік институттарын нығайту, сарапшыларды тарту және тәжірибе алмасу, трансшекаралық гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту және реконструкциялау, сондай-ақ әртүрлі курстар мен тренингтер арқылы кадрлар даярлау және олардың біліктілігін арттыру секілді бірнеше бағыттарды қамтиды.
«Келесі жылы біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырып жатқан Кіші Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Сондықтан біз Blue Peace-пен бірлесіп Орталық Азия елдерінің су-энергетика саласындағы өзара іс-қимылы мәселелерімен жұмыс істегіміз келеді. Сондай-ақ біз жаңа кадрлар даярлауға және су саласында жұмыс істеп жүрген мамандардың біліктілігін арттыруға мүдделіміз. Біздің ынтымақтастығымыз тығыз әрі жемісті болады деп сенемін», деген еді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Бұл орайда, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің басқарма төрағасы-ректоры, ҚР ҰҒА вице-президенті Ақылбек Күрішбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қамтылған өзекті мәселенің бірі – еліміздегі су шаруашылығын дамыту екенін айтады. Президенттің пайымынша, аталған олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қабылдануы қажет.
«Ең бастысы, мемлекет үшін аса маңызды осы салада өз алдына жеке Су ресурстары және ирригация министрлігін құру – 30 жылдан астам уақыттан кейін ғана қолға алынғаны қуантады. Су тапшылығы жылдан жылға артып отырған қазіргі таңда көптеген елдер су ресурстарын басқару саясатын өзгертіп, осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтуде. Оларда су ресурстарын басқарудың мемлекеттік бірыңғай вертикалы ретінде мамандандырылған мекеме дербес жұмыс істейді», – дейді А. Күрішбаев.
Ел Президенті 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Мемлекет басшысы суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деді Президент.
“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.
Осыған орай, Мемлекет басшысы жылдар бойы қордаланған және әлі күнге дейін өз шешімін таппай отырған проблемалар мен кемшіліктерді қадап айтқаны белгілі.
Шынында да, халық санының өсуі мен ел экономикасының қарқынды дамуын ескерсек, 2040 жылға қарай су тапшылығы жылына 12-15 км3 жетуі мүмкін. Бұған бірнеше фактор ықпал етеді. Біріншіден, климаттың өзгеруі, ол мұздықтардың азаюына әкеп отыр. Өз кезегінде бұл өзендердің су қорына әсер етті, яғни жыл сайын олардың ағыны төмендеп бара жатқаны байқалады. Тағы бір маңызды фактор – судың 48%-ын көршілес мемлекеттерден: Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресейден алып отырмыз. Бұл трансшекаралық өзендер арқылы сумен қамтамасыз ету көбінесе көршілерімізбен келісімшарттық қарым-қатынастарға байланысты деген сөз. Шешімін таппаған ауқымды мәселелер осында жатыр, бұған жаңа министрлік ерекше назар аударуы тиіс. Жоғарыда айтылғандай, су – бұл шектеулі ресурс, оның көлемінің азаюы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Сондықтан ел Президентінің маңыздылығы бойынша суды мұнай, газ, металдармен салыстырғаны кездейсоқтық емес. Қазірдің өзінде де суармалы жерлер бүкіл егіс алқабының 7%-ын ғана алып жатыр (20,6 млн га), өсімдік шаруашылығы өнімі құнының 40%-ын құрайды. Сонымен қатар біздің фермерлер суару гектарының мүмкіндіктерін толық пайдаланбайтынын мойындауымыз керек. Егер барлық агротехникалық нормалар мен ережелерді сақтасақ және жоғары сұрыпты тұқымдарды қолданатын болсақ, бұл көрсеткішті екі есе арттыруға болады. Себебі суармалы жерлерде барлық көкөніс дақылдары, сондай-ақ күріш, мақта, соя, қант қызылшасы және басқа да ауылшаруашылық дақылдары өсіріледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы