Қара судың бағасы «қара алтыннан» да қымбат болатын заман келеді дейді сарапшылар. Қазіргі заманда су қоры пайдалы қазбалар секілді құнды ресурс екені анық. Жаһандық климаттың өзгеруін ескерсек, оны үнемді және тиімді пайдалану мәселесі бұрын-соңды болмаған маңызға ие. Сондықтан бұл саланы дамыту ерекше назарда. Осыған орай су шаруашылығының бүгіні мен ертеңі жайлы насихаттау мақсатында Сауран ауданының тұрғындарының назарына маңызды мағлұматтарды ұсынып отырмыз.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. «Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын», — деді Мемлекет басшысы.
Министрлік қысқа аралықта құрылып, жұмыс істегеніне қарамастан, нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Салаға қажетті нормативтік құжаттар әзірленіп, су ресурстарының базасын ұлғайту бойынша жобалар жүзеге асырылып жатыр. Халықаралық ынтымақтастық дамып келеді.
Осы орайда, су кодексінің жобасы әзірленді. Құжатта гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі, суару және дренаж, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері қамтылған. Кодекстің негізгі мақсаты – Қазақстанның су ресурстарының әлеуетін сақтау.
Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Бұл суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемін 2,2 млн гектарға дейін ұлғайтуға, су үнемдеу технологияларының үлесін 40%-ға дейін арттыруға, суару кезінде су ысырабын 15%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
ҚР-ның су шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленді. Оны жүзеге асыру еліміздің су ресурстарының көлемін 3,7 текше км арттыруға, суару барысында су ысырабын азайтуға және оның көлемін 3 текше км арттыруға, 55 мыңнан астам халқы бар 41 елді мекенді сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ еліміздің көршілес елдерден су жеткізу бойынша тәуелділігін 25%-ға азайтуға мүмкіндік береді.
Өңір басшысының айтуынша, «ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Құны 100 млрд теңге болатын жобаның жүзеге асуы аймақта 250 жаңа жұмыс орнын ашуға септігін тигізбек. Қазір жер телімі анықталып, компания техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеуге кіріскен. Облыстың өзіндік кірісін арттыратын бұдан өзге бірнеше жобадан хабардар етті. Нақтыласақ, бұлар – «Ocean Energy Company» ЖШС-ның Қазығұрт ауданында Каскад ГЭС құрылысы, «Эко-Культура» АӨХ-нің Келес ауданындағы жылыжай кешенін салуы, «Standard Petroleum&Cо» ЖШС-ның Ордабасы ауданында мұнай өнімдерін өңдеу зауыты, «ARM WIND» ЖШС-ның Отырар ауданында күн электр стансасының зауыты, «Састөбе химиялық кешені» ЖШС-ның Түлкібас ауданындағы каустикалық сода, ПВХ, кальций карбиді, әк цемент өндіру зауыты бар. Сонымен қатар бұл ауданда газ электр стансасының, Сауранда күн электр стансасының, Созақта фосфорит кендерін өңдеу зауытының құрылысы жоспарға кірген. Облыс басшылығы Сайрамда бу-газ қондырғысын салуды да ойластырып отыр.
Әкімнің сөзінше, жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту болжанады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінде 10 жоба іске қосылған.Жалпы, елдің экономикалық драйвері болуға қабілетті әрі лайық ауыл шаруашылығы саласы бұл облыста да қарқынды даму жолына түсіп келе жатыр. Өңірде өндірілген ауыл шаруашылық өнімдері құнының 1 трлн теңгеден асуы сөзімізге дәлел және бұл көрсеткіш арқылы облыс республикада ең алдыңғы позицияда.
«Жыл басынан бері салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылды. Егістікті әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналып отыр. Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында биыл 25 жобаны іске асыру көзделсе, жыл басынан бері нақты 22-сі іске қосылды. Салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 405 гек¬тарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есе артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы 9 403 гектарға енгізіліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік берді», деді әкім.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап кейбір су шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 25%-ға өседі, бұл үшін тиісті шаралар әзірленді.
Салаға мамандар қажет. Су ресурстары және ирригация министрлігі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мамандықтарының классификаторына түзетулер енгізу және су секторы бойынша бірқатар жаңа бағдарламалар енгізу, сондай-ақ қазақстандық студенттерді суға байланысты мамандықтар бойынша жақын және алыс шетелде орналасқан жоғары оқу орындарында оқыту үшін гранттар бөлу туралы ұсыныстармен шықты.
2024-2026 жылдары ел бойынша 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау және 15 су қоймасын қайта жаңғырту жоспарланып отыр. Суару жүйелерінің тозуы мәселелерін шешу үшін ұзындығы 3500 км құрайтын 339 канал күрделі жөндеуден өтті.
Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылады. Ол жерасты суларына мониторинг және талдау жасайды, іздеу және барлау жұмыстарын ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ гидрогеологиялық ұңғымаларды жою және консервациялаумен айналысады. Бүгінде Қазақстанда 4 540 кен орны барланған. Ақмола, Алматы, Атырау, Ұлытау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жалпы саны 868 мың тұрғыны бар 375 елді мекенді сумен қамтамасыз ету бойынша 33 жобаны жүзеге асыру жалғасып жатыр. Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 105,1 мың гектар аумақта ирригация және дренаждық жүйелерді дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Қаныш Сәтбаев атындағы каналдан Есіл және Нұра өзендеріне су жіберілді. Бұл Астана қаласын сумен қамтамасыз етудің тұрақтылығын арттырды.
Көрші мемлекеттермен су қауіпсіздігі бойынша келіссөздер белсенді жүргізілді. Олардың қорытындысы бойынша 2024 жылдың 1 сәуіріне дейін Сырдария өзеніне 11,1 текше км су келеді, «Достық» мемлекетаралық каналы арқылы 487 млн текше метр су алынады деп күтілуде.
Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарында вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін жинақтауға, сондай-ақ Арал теңізіне 1,6 текше км су жіберуге мүмкіндік береді.
Қырғызстанмен Жамбыл облысына су беру жөнінде келісім жасалды. Бішкектегі келіссөздер нәтижесінде Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру туралы шешім қабылданды.
Министрлік Қытаймен 20-дан астам өзен, оның ішінде Ертіс, Іле, Емел өзендері бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр. Бүгінде тараптар келісімнің бірқатар баптары бойынша су бөлу мәселесіне қатысты ортақ келісімге келді.
Сонымен қатар Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның қатысуымен Орталық Азия елдерінің су-энергетикалық ынтымақтастығы механизмі туралы келісім жобасы әзірленуде.
Озық зерттеу орталықтарының бірі Йель университетінің Экологиялық құқық және саясат орталығы дүние жүзіндегі экологиялық таза елдердің рейтингін талдап, Экологиялық тиімділік индексін жариялап отырады. Аталған индекс ғылыми-талдамалық деректерге негізделіп, әлем елдерінің тұрақты даму көрсеткіштері туралы жиынтық ақпараттың негізінде жасалады.