Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамытуға байланысты Ұлттық жоба аясында 5 жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Осы ретте бүгінгі таңда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 96 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал Түркістан облысындағы елді мекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары әлі де жанданып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осы бағытта нақты тапсырмалар берген болатын. Су тапшылығын шешу мәселесі жөнінде маңызды мағлұматтарды Сауран ауданының тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз.
– Біздің алдымызда Түркістан облысын 2025 жылдың қорытындысымен ауыз сумен 100 пайыз қамту міндеті тұр. Ауыз су мәселесінде кемшілікке жол берген басшылар немесе жауапты орынбасарлар лауазымдарынан босатылады. Сондықтан жұмысты ширатыңыздар. Тығырықтан шығу тәсілдерін іздеу керек. Бюджеттен қолдау көрсетіліп жатыр. Сіздерден су көздерін дұрыс жобалау, жұмысты үйлестіру талап етіледі. Өңірде су көздерін іздеу-барлау жұмыстарын шұғыл түрде жүргізіп, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу қажет. Ауыз су кестемен берілетін елді мекендердің мәселесін жан-жақты пысықтап, шешу жолдарын қарастыру керек. Елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 2024 жылға бекітілген көрсеткіштер толық орындалсын. Осы айдың соңында тағы да жиналып, ауыз саласындағы мәселелерді талқылаймыз, – деген Дархан Сатыбалды су шаруашылығына жауапты мекемелер мен мердігерлердің жұмысын қадағалау керектігін де айтты. Өткен жылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі.
Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізген болатын.
“Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу”, – деді Тоқаев.
Бүгінде Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Биыл 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталуда. Қалған 32 нысан келесі жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
Сонымен қатар, өңірдегі 11 нысан ел игілігіне пайдалануға беріліп, 81 мың тұрғын таза ауыз суға қол жеткізген болатын. Осы ретте, бүгін Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ойық елді мекені тұрғындарының қуанышын бөлісуге арнайы барды. Ойықтықтарды құттықтап, осы салада атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бөлісті.
2025 жылдың соңына дейін Түркістан облысының халқын 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілуі тиіс. Елді мекендерді үздіксіз және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Халқымыз ішетін суына да ізет көрсетіп, оны «тіршіліктің көзі деп» әспеттеген. Тіпті «Қайғысыз қара суға да семіреді», «Судың да сұрауы бар» деген мақал-мәтелдерді өмірге әкелген.Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздегі маңызды проблемалардың бірі су тапшылығы мәселесі екенін мәлімдеді. Ол суды үнемдеу технологияларын қолға алуды тапсырды.
“Су ресурсы еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс. Сол себепті 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек. Жан-жақты ойластырылған су саясатын жүргізу, трансшекаралық суларды пайдалану мәселелерін шешу – Үкіметтің алдында тұрған аса маңызды міндеттер”, – деген болатын Президент.
Бүгінгі таңда таза ауыз су мә¬селесі адамзат баласы үшін өзекті болып отыр. БҰҰ-ның дерегінше, дүние жүзінде миллиардтаған адам әлі күнге дейін таза ауыз суға қол жеткізе алмай келеді. Дү¬ниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) су ресурстары бойынша климаттық қызметтердің жай-күйі туралы соңғы есебіне сәйкес, суға байланысты тәуекел-дер жоғары қарқынмен өсіп келеді. 2000 жыл¬дан бастап су тасқыны – 134, құрғақшылықтың ұзақтығы 29 пайызға өскен.
– Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында тапсырмасы берілген болатын. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылды. Бүгін 11 нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға беріп отырмыз. Нәтижесінде, су құбыры мүлдем жоқ 20 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жалғасын табады, – деді Зұлпыхар Жолдасов.
Нақтырақ айтсақ, Бәйдібекте – 1, Сарыағашта – 8, Келесте – 2, Қазығұртта –1, Ордабасыда – 4, Отырарда – 2, Жетісайда – 1 және Сауранда бір ауыл ауыз сумен қамтылды, 10 елді мекеннің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 2023 жылы бюджет есебінен 254,070 млн. теңге бөлінді. Жалпы ұзындығы 4,9 шақырым болатын су құбырларын тарту жұмыстарын «Стройкомплект-КБ» ЖШС жүргізді. Жоба бойынша І, ІІ көтерілімдегі су сорғы станциясы, сыйымдылығы 2 дана 70 м3 резервуар, көлемі 15 м3 су мұнарасы, сүзгілеу станциясы, 2 дана су ұңғымасын бұрғылау қарастырылған. Бүгінгі таңда мердігер мекеме тарапынан құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, нысан іске қосылды. Нәтижесінде, Ойық елді мекенінде 257 халық, 43 абонент орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, өткен жылы өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту деңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.