ТҮРКІСТАН: ШАҺАРҒА СӘН БЕРЕР СӘУЛЕТТІК-ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР


Түркістан облыс орталығы болғаннан бері қаланың көркін арттырған ауқымды құрылыс нысандары салынды. Дамудың жаңа кезеңіне беттеп бара жатқаны жаңа Түркістан мәдени-рухани және әкімшілік-іскерлік бөліктерден тұратынын ескерсек, қаланы дамыту жобалары жергілікті аймақтың ерекшелігі мен ондағы қалыптасқан дәстүрге негізделуде. Тұрғындардың пікірін назарға алсақ, қаланың қазіргі бейнесін ашқан жаңа ғимараттар көпшілік көңілінен шығып жатқанын аңғару қиын емес.
– Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ. Қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр, – дейді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Түркістан облысында, әсіресе, облыс орталығында бой көтеріп жатқан нысандардың сәулеті қала кейпіне сай болуы тиіс. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды жуырда өткен жиында атап өтті. Аталған кеңес барысында облыстағы сәулеттік жобалар жан-жақты талқыланды. Атап айтқанда, әкімшілік-іскерлік орталығындағы тұрғын үй кешендері мен коммерциялық нысандардың қасбеті, аулаларды абаттандыру, көше бойына салынатын саябақ дизайны қаралды. «Қолөнершілер орталығы» мен «Күлтөбе қалашығы» жобасы пысықталып, ұсыныстар айтылды. Өңір басшысы әрбір нысанның құрылысы талапқа сай әрі сәнді жүргізілуі тиіс екенін ескертті.
– Түркістан қаласының өзіндік келбеті қалыптасқан. Нысандардың сәулеттік жобалары талапқа сай болуы тиіс. Әрбір құрылысты зерделеңіздер. Құрылыстың тарихи нысандарға зияны келмеуі басты назарға алынсын. Әрбір нысанға жауапты әкім мен басқарма басшылары жобаның басы-қасында жүріп, тиісті жұмысты атқарсын, – деді Дархан Сатыбалды. Жиында әлеуметтік нысандар мен туристік ғимараттардың жобасы қаралды. Әрбір жобаны жіті қарап, ұсыныстарды тыңдаған Дархан Амангелдіұлы кемшіліктер бойынша ескертпелер айтты. Жауапты тұлғаларға жобаны жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Осыған орай Түркістан қаласының бас сәулетшісі Мұхит Көшенов жиында қозғалған тақырып туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісті. Мұхит Көшеновтің айтуынша, аталған жиында Тәукехан көшесі бойында салынып жатқан мәдениет үйінің қасбеті мен ішкі интерьері де талқыланған. Ұлттық стилде жасалатын мәденит үйіне қойылатын талап та жоғары.
— Мәжілісте қалаға кіреберіс жол бойындағы көпқабатты тұрғынүйлердің жобалары қаралды. Қасбеттері міндетті түрде шығыс стилінде болуы айтылған болатын. Одан бөлек 9, 11-көшелердегі тұрғынүйлер орналасқан бос аумақтарда коммерциялық жеңіл үлгідегі нысандарды салу жобалары да айтылды. Ол нысандарға да шығыс үлгісімен аркалар және ұлттық ою-өрнектер салу міндеттелді. Ал мәдени-рухани орталықта аумағы 2,5 га құрайтын «Қолөнершілер орталығының» құрылысы жүруде. Ол орталықта шеберханалар мен сауда орындары, қолөнершілерге арналған қонақүйлер мен мейрамханалар салынады. Бұл ғимараттың қасбеті де ортағасырдағы нысандар секілді шығыстық нақышқа негізделеді. Ал «Күлтөбе қалашығында» археологиялық зерттеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, биыл киелі шаһардың бас жоспарына өзгерістер енгізу жобасын әзірлеп жатырмыз. Жыл соңына қарай әзірлеп, бекітетін боламыз, — дейді бас сәулетші.
Естеріңізге сала кетейік, Күлтөбе қалашығы – Түркістанның бастауына баланған жер. Бүгінде қалада «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи — мәдени қорық-мұражайының маңызды объектісі — «Күлтөбе қалашығы» заманауи археологиялық паркін құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ашық аспан астындағы мұражайдың жалпы аумағы 27 га құрайды. Сәуір айында облыс әкімі «Күлтөбе қалашығы» ашық аспан астындағы археологиялық мұражай-паркінде атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, жобаның жалғасын талқылау үшін құрылыс басында жауаптылармен жолыққан болатын. Қалашықтың барлық жағынан Ясауи кесенесі көрінеді. Қазір мұнда биіктігі 17 метр болатын шаңырақ іспеттес қондырғылар орнатылды. Қондырғылар жергілікті климатқа төзімді әрі келешекте археологиялық парктің қонақтары үшін сандық технологиялар арқылы ежелгі заманға саяхат жасау мүмкіндігі туады. Айтулы жоба мемлекетпен айрықша қорғалатын аумақта, ЮНЕСКО ұйымының Дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілген Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасында іске асырылатындықтан, қазіргі археологиялық зерттеулер ЮНЕСКО мен ИКОМОС ұйымдарының дүниежүзілік мұра саласындағы халықаралық сарапшылар қауымдастығымен ынтымақтастықта жүзеге асуда.
Оған қоса осы айда Түркістанда туризм саласын жан-жақты дамыту үшін өңір басшысының басқаруымен Түркістан облысының делегациясы қытайлық жұмыс тобымен кездескен болатын. Бүгінде Түркістан облысы мен Қытай арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Осымен екінші рет ұйымдастырылған жұмыс сапарында облыс делегациясы бірнеше провинция мен қалаларындағы алпауыт компаниялардың жұмысымен танысып қайтты. Бағдарлама бойынша облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация мен Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Шэньси провинциясының Вэйнань қаласында орналасқан «Chian Chuangshi Construction Group» компаниясына тиесілі «Weinan Jianguo» қонақүйіне барды. Түркістанда дәл осы жобамен бес жұлдызды қонақ үй кешені мен аквапарк және бейнебақылау камераларын шығаратын зауыт салынбақ. Айта кетейік, өңір басшысы жақында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымы Cаммиті аясында өткен Қазақстан-Қытай бірлескен іскерлік кеңесінде жалпы құны 1 млрд. 615 млн АҚШ долларын құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Қазіргі таңда әкімшілік іскерлік орталықтың аумағынан 11,8 гектар жер учаскесі қонақүй жобасына нақтыланды. Онда 18 қабатты қонақ үй, аквапарк және вилла кешені мен бизнес орталықтарының құрылысын бастау жоспарланған.
Қала тұрғындары бүгінде шаһарға сән беретін саябақтарға саялайтыны жасырын емес. Ондағы субұрқақтар қаланың ауа райын жақсартуға да оң серпін беріп, аптап ыстықта қалалық климатты тұрақты салқындататып жатыр. Сәулет өнерінің ерекше құбылысы ретінде қарасақ, туристердің қызығушылығын оятуда аталған орындардың маңызы зор. Жаңа қала ауданында «МПК-проект» жобалауымен салынып жатқан жасанды көлі бар саябақ та қала тұрғындары тағатсыздана тосып жүрген нысанның бірі. Жақында ашылу салтанаты өтетін саябақ ішінде субұрқақтар, жайлы орындықтар, көгал, жасанды көл, жарықшамдар, үлкен көпір мен жанды дауыста ән шырқау алаңы және фуд-корттарға арналған коммерциялық нысандар қарастырылған.
Түркістанда бой көтеретін ерекше нысандар туризмге оң серпін беретіні анық. Түркі әлемі үшін үлкен мәртебеге ие болған шаһарда аталған істің ұқыпты орындалуы — жауапты мамандарға артылған ауыр жүктің бірі. Осы мақсатты мүлтіксіз орындауға белсене кіріскен азаматтарға сәттілік тілейміз!
Дәурен ТІЛЕУХАН.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы