Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе екендігін және бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысып жатқандығын мәлімдеген болатын. Мемлекет басшысы туризм саласына ден қою керегін айтты. Түркістан облысында экологиялық белсенді туризм бағытына сұраныс жоғары.
«Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет», деді Қ. Тоқаев.
Сонымен қатар туризм саласына көбірек инвестиция тартуды тапсырды.
«Кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ», деп атап өтті Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық туризмді дамыту үшін елімізде бірегей орындар жеткілікті екенін айтқан болатын.
Бұл орайда, Түркістан облысында экологиялық туризмге сұраныс артып келеді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 75 мыңға жуық адамға жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 171,8%-ға артқан. Оның ішінде, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркіне – 68350, «Қаратау» қорығына – 461, «Ақсу-Жабағылы» қорығына – 2356, «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркіне – 3803 турист саяхаттаған. Ал, 2023 жылдың 6 айында келушілердің саны 79 мыңнан асып отыр.
Соңғы уақытта еліміздің оңтүстік таулы аймақтарына саяхаттаушылар қатары көбейген. Осыған орай жаңа туристік бағыттар ашыла бастады. Қазіргі таңда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда туристік-рекреациялық мақсатта 30 туристік соқпақ мен маршрут құрылған.
Сонымен қатар Түркістан облысында туризм саласы жақсы дамып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері өңірге жалпы 500 мыңға жуық адам келген. Бұл көрсеткішті өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда қалаға келушілердің саны 104,0%-ға өскенін көреміз. Биыл Түркістан облысында туризм саласына қатысты ауқымды жұмыстар атқарылуда. Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды ҚР жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
Өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1770 тарихи-мәдени ескерткішті тамашалау ұсынылады. Экологиялық туризм бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған.Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді, нөмірлік қоры 7 940 төсек-орынды құрайды.Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан астам қонақ келді.
Негізі туризм – әлемде дамуы жағынан дес бермей келе жатқан, ауқымы кең сала. Әлемде туризм саласымен ғана дамып, байып, елдің ішкі және сыртқы экономикасын қалыптастырып отырған мемлекеттер көп. Атап айтқанда, Еуропа елдері, Оңтүстік Америка, Шығыс Азия және теңіз, мұхиттармен жалғасып жатқан аралтектес мемлекеттер. Қазақстандағы туризмі дамып жатқан, енді қарқын алып келе жатқан сала. Соған қарамастан, отыз жылдан астам уақыт ішінде бүгінгі күнге жету үлкен жетістік. Бұған септігін тигізіп отырған туризм саласы десек, артық айтқанымыз емес. Еліміздегі туризм саласын қалыптастыруға және дамытуға оның географиялық картасы да, орналасу аумағы да, табиғаты да сай келеді. Арысы мұнаймен, құмды даламен шектесетін елдің орталығы да, солтүстігі де керемет байлықтармен байып жатыр. Ата-бабамыздан қалған ен байлығымыздың бірі – жер десек, жеріміз кең, әрі бай, таулы аймағымыз мол, орманды алқабымыз жеткілікті. Қазақстанға туристердің келу үрдісі жалғасуда. Елімізге келетін туристердің, жиһанкездердің айтуынша, Алматы, Астана, Көкшетау, Ақтау және қаншама мың жылдық тарихы бар Түркістан – Қазақстандағы ең керемет туристік қалалар қатарына жатады.
Облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан бар. Олар — ЮНЕСКО биосфералық нысандарының тізіліміне енгізілген «Ақсу-Жабағылы» және «Қаратау» қорықтары, сондай-ақ «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі мен «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі.
Өткен жылы облыс аумағында орналасқан ерекше қорғалатын табиғи объектілерге келушілер саны 80 000 жуық адамды құрап, 2022 жылмен салыстырғанда едәуір артқан. Ал, биылғы жылдың 5 айының қорытындысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 40 000 астам адам келген. Одан бөлек, Түркістан облысы таулы және тау бөктерінде орналасқан алуан түрлі табиғи нысандарымен ерекшеленеді. Мұнда қайталанбас табиғатымен туристерді қызықтыратын Қазығұрт тауы, Ақбура бұлағы, Қырық Шілтен жырасы, «Жылақата» әулие, Машат шатқалы, «Жылаған ата», «Қырық қыз» секілді аңызға негізделген әсем мекендер көп.
Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, орналастыру орындарымен көрсетілген қызмет көлемі өткен жылы 5 млрд. теңгеге жеткен, биылғы 1-тоқсанының қорытындысымен 1 млрд. теңгені құрап отыр. Туристік қызмет саласының негізгі капиталына салынған инвестиция 2022 жылы 68,9 млрд. теңге болса, биыл 5 айда 10,8 млрд. теңгеге жеткен.
Басқарма тарапынан аталған бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп, туризмді 3 бағытта кластерлік дамыту ұсынылды. Біріншісі – Түркістан қаласындағы, Отырар, Сауран және Бәйдібек аудандарында орналасқан тарихи нысандарды қамтитын тарихи-танымдық туризм кластері. Екіншісі – ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Түркістан қаласы маңындағы Жетікөлді қамтитын экологиялық белсенді туризм кластері. Үшіншісі – Сарыағаш, Арыс, Манкент курорттық аумақтарын қамтитын емдік туризм кластері. Сонымен қатар, облыс орталығы Түркістан қаласына келушілер ағынын арттыру және туристердің болу ұзықтығын ұлғайту мақсатында қаланың төңірегіндегі 60 шақырым радиуста орналасқан туристік нысандарды дамыту және қала аумағында аталған нысандар бойынша ақпараттар орналастыру керек.
Нысандардың инфрақұрылымын жетілдере отырып, жаңа туристік бағыттар ашу жоспарлануда. Ақмешіт үңгірін туристификациялау да маңызды мәселе. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде үңгір жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілді. Қазіргі таңда үңгір орналасқан жер телімін мемлекет мұқтаждығына қайтару мәселесі қарастырылуда.
Қазіргі таңда облыс аумағында 72 емдеу-сауықтыру орны жұмыс істейді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағындағы емдеу-сауықтыру орындарында 142,4 мың адамға қызмет көрсетілген. Жалпы Түркістан облысындағы емдеу-сауықтыру туризмі әлеуетінің басым бөлігі Сарыағаш ауданы Көктерек ауылында орналасқан.
Біздің елді «ашық аспан астындағы мұражай» деп бекер атамайды. Табиғат аясына саяхат пен белсенді демалыс жасау, табиғатқа зиян келтірмей, флорасы мен фаунасын сақтай отырып, ішкі туризмді дамытуды қолға алса, халық шетелге емес, өзіміздің көрікті жерлерде демалар еді. ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген көлдеріміз, өзеніміз, киелі мекендеріміз баршылық. Дүнижүзінде ел бюджетіне түсетін қаржы мұнайдан кейін туризм саласынан түсетінін естігенде, бізде неге туризм дамымай отыр деген сұрақ туады. Қазақстанның табиғаты еш мемлекеттен кем емес. Бізде бір жақсысы – жыл мезгілінің төртеуі де бар. Мұның өзі – үлкен артықшылық. Демек еліміздегі демалыс орындарын маусым таңдамай, қысы-жазы жұмыс істетуге болады.
Елімізде мақтанып көрсетуге тұрарлық көрікті мекендер өте көп. Шығыстағы Марқакөлді, Көкшетаудың Бурабайын, Аралдағы Қамбашты, Каспий мен Алакөлді айтпағанда, бір Алматының айналасында қаншама табиғаты әсем жерлер бар. Көркем табиғатты көргісі келетін туристердің саны көп. Қаланың у-шуынан, тар ауасынан шаршаған адамдар көбіне қаланың сыртына шығып, тау-тасты, өзенді жағалап кетеді. Оған қоса атпен серуендеу, түйеге мінуді қосып қойса жақсы. Сауықтыру туризмі ретінде қымыз терапиясын, емдік-сауықтыру орындарды кеңінен танытуды қолға алса болады. Шетелдік туристерді де осынау әдемі табиғатымызға шақыру көп мәселені шешер еді. Дегенмен ондай жерлерге жету оңай емес, жолымыз сын көтермейді. Ішкі туризмнің өзі дұрыс дамымай отыр. Сарапшылардың сөзіне сенсек, соңғы жылдары ішкі туризм 10-15%-ға ғана өскен. Оған себеп те жоқ емес. Осы орайда Сауран ауданының тұрғындарының назарына еліміздің туризм саласына серпін беріп жүрген туризм кешендері жайлы ұсынып отырмыз. Халықтың әлеуметтік жағдайы сын көтермейді, ал қалтасы қалыңдар шетел асып жатыр. Республикамыздағы баруға болатын демалыс орындарына өз халқымызды тарту керек.
Бурабай – Қазақстанның Швейцариясы деп бекер айтпаған. Көкшетаудың бетке ұстар ең көрікті жерінің бірі. Жаз айында көлге суға түсіп, санаторийінде жатып, орманында серуендеп, түрлі ем алуға өте керемет жер. Бурабай көлі, Жұмбақтас, Оқжетпес, Көкшетау ұлттық паркі – бәрінде жақсы демалуға болады. Қыста да бұл жақ әсем болады, тап бір таңғажайып ертегі әлеміне еңгендей әсерде боласыз.
Алакөл – бүгінде халық ең көп баратын жер. Суы мен лайы ем бұл көлге түскен адам қыста ауырмайды деп айтады. Кезінде ғарышкерлерді ғарыштық сапардан келген соң осы Алакөлге суға түсірген екен. Шипалы суға түсуге арнайы шетелдік туристер де жиі келеді. Бұрын Алакөлге бару мұң еді, ал қазір жаз маусымында ұшақпен, пойызбен баруға мүмкіндік туғызуда. Қазіргі таңда автокөлік магистралы жөнделуде. Алакөлдің жағасы бұрынғыдай емес, демалыс орындары көбейді.
Республикамыздың тұнып тұрған тұмса табиғаты мен ұлттық құндылықтарымызды паш етудің бірден-бір жолы – ауыл туризмін дамыту. Халқымыздың 40 %-ы ауылда тұрады екен. Бір жағынан туризм арқылы тұралап қалған ауылдардың әлеуметтік мәселесін шешудің бір жолы десек те болатын шығар. Адам аяғы баспаған жерлерімізді, жергілікті халықтың салт-дәстүрі мен мәдениетін таныстыру арқылы елдімекендердің экономикасын көтеруді қолға алудың мүмкіндігі жоғары. Бүкіләлемдік тәжірибеге сүйенсек, ішкі туризм елдің экономикасына өте жақсы әсер етеді. Себебі үлкен инвестицияны қажет етпейді. Табиғаты ерекше Жетісу өңірінің өзінен таудың етегінде орналасқан мекендерде ауыл туризмін дамытуға болады. Көздің жауын алар табиғат аясында киіз үйдің ішінде халқымыздың тарихы мен мәдениетін, қолөнерін, ұлттық салт-дәстүрімізді паш етіп, киімдерімізді, тағамдарымызды, сусындарымызды таныстыру, көрсету аса көп қаржы талап етпесі анық. Жергілікті халыққа сұлу табиғатты көрсете отырып, күнделікті тұрмыс-тіршілігімен-ақ туристерді тартуға мүмкіндігі барына ынтасын туғызу жұмыстарын жүргізген абзал. Қаланың қарбалас тіршілігінен бір сәт демалып, таза ауада тынығып, мал бағып, жеміс-жидек теріп, қол еңбегімен аз да болса айналысқысы келетін қала тұрғындары үшін таптырмас демалыс орындары көбейіп келеді. Мысалы Алатаудың бөктерінде киіз үй тігіп, бие сауып, саумал терапиясын ұйымдастырып отырған «Тау қымыз» сауықтыру орталығы – денсаулығын нығайтқысы келетін адамдарға таптырмас мекен. Сонымен бірге атқа міну, садақ ату, тауда серуен жасауды да енгізіп қойған.
Ауыл туризмі кеңінен таралған Еуропаның тәжірибесін зерттеп, зерделеп, өз еліміздің ішкі аграрлық мүмкіндіктеріне сай, агротуризмін дамытуды қолға алған жөн секілді. Туризмнің бұл түрі Еуропада кеңінен таралған. Италия, Испания, Франция секілді мемлекеттер жыл сайын миллиондаған туристі осы агротуризм арқылы тартып отыр. Ауылдық жерде тұратын фермерлер егін жинау, мал бағу, азық-түлік дайындау секілді жұмыстарды көрсетіп, ақша тауып отырғанын естігенде, таң қалмасқа шара жоқ. Ауылдық туризмнің көшбасшысы Италия жыл сайын 2 миллионнан астам агротуристерді қабылдайды екен. 10 мыңнан аса шаруашылықпен айналысатын ауылдарының негізгі табыс көзі – осы агротуризм саласы. Бізде де дәл осылай ауылшаруашылық саласын агротуризмге айналдырсақ, ауылдың қаржылық-экономикалық әлеуеті көтерілер еді. Мысалы түйе, жылқы шаруашылығымен айналысатын ауыл адамдары шұбат, қымызбен өндірісімен қоса, атпен, түйемен серуендеуді қосып, туристерді барынша қызықтырып, тартуға болады. Келген саяхатшыларға киіз үйді тігіп, таза табиғи өнімдердің, қолөнер бұйымдардың жасалуын көрсетсе, үйретсе, темір, ағаш ұсталары темірден, ағаштан бұйымдар жасаудан шеберлік сыныптарын өткізуді ұйымдастырса, туристердің көңілінен шығар еді. Тамылжыған табиғатымызды осындай ұлттық құндылықтарымызбен бірге үйлестіре отырып ұсынсақ, агротуризм саласы біраз дамитынына күмән жоқ. Әрі ауыл халқының экономикалық, әлеуметтік әл-ауқаты көтеріліп, жұмыссыздық сияқты мәселелер де шешімін табатыны сөзсіз. Бір агробизнес арқылы тарихи-мәдени құндылықтарымызды да бүкіл әлемге паш етуге үлкен мүмкіндік. Халқымыздың тарихы мен мәдениетін кеңінен насихаттаудың сан түрлі жолдарын қарастырған жөн. Ондай тарихи мекендер Қазақстанның қай аймағына барсақ та табылады. Осы орайда Алматы облысы әкімдігі «Боралдай сақ қорғандары» сақ мәдениет орталығының, «Сақ қорғаны» және «Райымбек батыр» мұражайларының, «Қазақфильм» аумағында «Ethnoland» этно-мәдени кешенінің құрылысын жүргізіп жатыр.
Түркістан облысында бұған дейін де ауқымды іс-шаралар өткізілген және бұл іс-шаралар өңіріміздің туристік әлеуетін арттырады және бұдан кейін де жыл сайын өтіп тұратын ауқымды іс-шаралар қатарын толықтыру жоспарланған. Жыл сайынғы іс-шаралар экономиканың түрлі салаларында мультипликативті әсер береді, өңірдің туристік әлеуетін арттырады және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етпек.