ТҮРКІСТАН: ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫ – ОРТАҚ МІНДЕТ

Қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықтың басты кепілі – заңның үстемдігі мен азаматтық жауапкершілік. Құқықтық тәртіп сақталмай, бейбіт өмір баянды болмақ емес. Бұл – билік пен құқық қорғау органдарынан бастап, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Осы орайда Ордабасы ауданының Қажымұқан ауыл округіне қарасты Ынталы елдімекенінде қоғамда құқықбұзушылықтың алдын алу және тұрғындарды құқықтық сауаттылыққа баулу мақсатында мазмұнды әрі маңызы зор жиын өтті.
Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен кездесуге ауыл округінің ардагерлер ұйымының төрағасы, округ аппаратының заңгер маманы, Т.Кәлпе мешітінің имамы және жергілікті тұрғындар қатысты. Жиын барысында өзекті әлеуметтік мәселелер ашық талқыланып, қоғамда алаңдатарлық сипат алған кейбір келеңсіз құбылыстардың – әсіресе өз-өзіне қол жұмсау, алаяқтық және жастар арасындағы құқықбұзушылық әрекеттердің алдын алу жолдары нақты мысалдармен түсіндірілді.
Жан ауыртар жайттар – ортақ жауапкершілік
Кездесу басында ауыл округінің заңгері соңғы жылдары ел ішінде белең алып келе жатқан алаяқтық әрекеттер, әлеуметтік желі арқылы арбау, онлайн несие рәсімдеу сынды құқықбұзушылықтардың түрлері мен оларға қолданылатын жаза түрлері туралы жан-жақты мәлімет берді. Құқық қорғау органдарына түсіп жатқан арыздардың көбісі дәл осындай оқиғаларға байланысты тіркелетінін, сондықтан әрбір азамат заң тұрғысынан сауатты болуы қажет екенін атап өтті.
– Соңғы жылдары қылмыстың сипаты өзгерді. Бұрын қарақшылық, ұрлық, бұзақылық сынды қылмыстар көш басында болса, бүгінде интернет алаяқтығы, жалған құжат арқылы несие рәсімдеу, телефон арқылы алдау секілді «ақылды қылмыстар» белең алып тұр. Бұған тосқауыл қоюдың жалғыз жолы – құқықтық білім мен сақтық. Күдікті сілтемеге өтпеу, белгісіз адамға жеке деректерді бермеу сынды қарапайым қағидалар баршамыздың өмірлік дағдымызға айналуы керек, – деді заңгер.
Діннің діңгегі – тәрбие мен тұтастық
Жиын барысында сөз алған ауыл имамы қазіргі таңда кей жастардың дінге бет бұрғанымен, діни сауатының төмендігі себепті түрлі теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын ашына жеткізді.
– Шариғат бойынша, өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Мұндай қадамға барған адамның жаназасы шығарылмайды, артынан дұға оқылмайды. Бұл – тек дінге ғана емес, ұлттық болмысқа да жат әрекет. Қоғамда кездесіп отырған осы іспеттес жағдайлардың көбі – рухани жұтаңдықтың салдары. Сондықтан ата-аналар мен ұстаздар жастардың ішкі дүниесіне үңіліп, олармен ашық тілдесуі қажет. Дін – адамды тәртіп пен тазалыққа тәрбиелеуі тиіс, – деді мешіт имамы.
Ол сонымен қатар бүгінгі қоғамда күмәнді уағызшылар мен интернеттегі жалған діни платформалардың көбейіп кеткенін айтып, тұрғындарға сақ болуға шақырды.
Ардагерлер үн қосқан өнегелі кеңес
Ардагерлер кеңесінің төрағасы болса, жастарды тәрбиелеудегі ата-ана мен мектептің рөліне тоқталып, ұлттық тәрбиенің бастауы отбасы екенін еске салды.
– Ата-бабаларымыз «Жақсы тәрбие – жан азығы» деп бекер айтпаған. Қоғамдағы әр азамат өз орнын білсе, заңды құрметтеп, үлкенге ізет, кішіге үлгі бола білсе, мұндай жиналыс өткізуге де, қауіптенуге де негіз қалмас еді. Бүгінгі қоғам – ұрпақ санасына сіңірілген тәрбие мен жауапкершіліктің нәтижесі. Балаға тәртіпті үйрету – ең алдымен үлкендердің парызы, – деді ол.
Жиыннан түйген ой: алдын алу – ең дұрыс амал
Қоғамда құқықбұзушылықты болдырмаудың ең тиімді жолы – алдын алу. Қай уақытта да профилактикалық жұмыс – қылмыспен күрестің басты тетігі саналған. Ынталы ауылындағы бұл жиынның да мақсаты – ел ішінде құқықтық мәдениетті арттыру, діни тұрақтылықты сақтау және тұрғындарға қажет ақпаратты ашық әрі түсінікті жеткізу.
Басқосу соңында жиналғандар мұндай шаралардың жүйелі түрде өтуі қажет екенін, әсіресе жастармен жеке кездесіп, мектептерде және мешіттерде құқықтық сауат ашу жұмыстары күшейтілуі тиіс деген ұсыныстарын жеткізді.
Ордабасы аудандық әкімдігі мен жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатыны жеткізілді.
Заң мен тәртіп – берекелі қоғамның негізі. Ал сол тәртіптің сақталуына әрбір азаматтың үлесі қажет. Бейбіт елдің болашағы – өз болмысын таныған, заңын сыйлаған, тәрбиесін тереңнен алған халықта.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы