ТҮРКІСТАН: ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК — ӘДІЛЕТТІЛІКТІҢ ТІРЕГІ — 2

– Азаматтық қоғамды құқықтық мәдениеті қалыптасқан деңгейде құру жүйелі шаралар мен идеологиялық жұмысты талап ететіні анық. Бұл бағыттағы жұмыстарға прокуратура қандай үлес қосып отыр?
– «Тақыр жерге шөп өспейді» деген сөз бар. Бұл тәмсіл құқықтық сана саласына да тікелей қатысты. Егер қоғамда не дұрыс, не бұрыс екені туралы түсінік болмаса, онда адамдар ақ пен қараны ажырата алмайды. Сондықтан заңға деген құрметті қалыптастыру – мемлекет саясаты мен жалпыұлттық идеяның ажырамас бір бөлігі. Кез келген табысты мемлекет белгілі бір құндылық¬тар жүйесіне сүйенеді, ол жүйе тәрбие мен мінез-құлық ережелерін айқындай¬ды. Идеология қоғамда әділет, тәртіп пен даму туралы біртұтас көзқарас қалыптастыруға көмектеседі. Заңға құрмет сезімі қалыптасып, мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігі, азаматтардың идеологиялық бірлігі нығаяды.
Бүгінде елімізде саналы, жауапты, адал, білікті азамат бейнесін қалыптастыруға бағытталған моральдық-адамгершілік негіз жасалып жатыр. Бұл – «Адал азамат» тұжырымдамасының басты мұраты. Мұндай негіздің сонау балалық шақта іргетасы қаланып, отбасында, мектепте қалыптасып, адамның бүкіл саналы ғұмырында тамыр жая түсетінін бәріміз білеміз. Ең бастысы заң мен тәртіпті ұстанатын жастардың жаңа тұлғасын ерте бастан қалыптастырудың негізін қалаған дұрыс. Осыны ескеріп, прокуратура оқушылар мен студенттердің құқықтық санасын арттыруға ерекше назар аударып отыр. Мысалы, «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясы аясында өскелең ұрпақ арасында құқықтық мәдениетті тәрбиелеу және заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыру мақсатында барлық өңірде жүздеген іс-шара өткіздік. Мемлекет басшысы отставкадағы судьялар мен құқық қорғау органдары зейнеткерлерінің қатысуымен мектептерде «құқықтық сағат» өткізу туралы бастамамызды қолдады. Мәселен, Талғар ауданында үш колледж және 20 мектепте 7-10 сыныптарда жалпыға бірдей құқықтық оқыту жобасы іске қосылды. Бұл тәжірибені ел аумағында кеңінен тарату жоспарда бар. Балалар үлгілі мінез-құлықтың артықшылықтарын түсіну үшін әртүрлі әдістер қолданудамыз: тақырыптық дәрістер, үйірмелер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Мәселен, Астанада 100 мектеп оқушысы арасында «Заң және балалар: қатесіз болашақ» атты қойылымдар байқауы өткізілді. Оларда балалар құқық, жауапкершілік, таңдау секілді маңызды ұғымдарды сахнада жеткізді. Алматы облысының 170 мектебінде «Прокурордың жас көмекшісі» клубтары ашылды.
Сонымен қатар біздің бастамамен Алматыда Tele2/Altel компаниясы баланы заңсыз контенттен, оның ішінде суицидті, есірткіні, қорлауды насихаттаудан қорғайтын алғашқы «SIM-Kids» балалар картасын шығарды. Ол ата-аналарға баланың орналасқан жерін анықтауға, айналасында не болып жатқанын тыңдауға, мессенджерлердегі хат-хабарларды көруге, уақытын қай қосымшада өткізетінін бақылау мен құрылғыда дыбыссыз режім қосылғанда хабарласу мүмкіндігін береді. Таяуда SIM карта жалпыға қолжетімді болады.
Жас азаматтар да заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға белсенді атсалысып отырғанын айта кеткім келеді. Мысалы, Абай облысында студенттер, болашақ заңгерлер, 5-10-сынып оқушыларымен кездесулер өткізіп, буллинг, нашақорлық және ақша бопсалау тақырыптарында профилактикалық әңгіме жүргізді. Кездесуге арналған материалдарды прокуратура өз тексерістері негізінде ұсынды. Қазіргі таңда біз елдегі 40 жоғары оқу орнымен меморандум жасадық. Шымкентте «Таңда! Өзгер! Жасампаз бол!» атты республикалық форум өтті. Онда мектеп оқушыларына болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңызы түсіндіріліп, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қауіпсіз әрі пайдалы жазғы демалысты ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Мұндай әр қадам, идея қоғамдық санаға «Заң мен тәртіп» идеологиясын, әсіресе, жас ұрпақ арасында терең сіңіруге ықпал ететініне сенемін.
– Сөзіңізден қылмыспен күресте заманауи технологиялардың рөлі зор екенін аңғарып отырмыз. Заң мен құқық тәртібін қамтамасыз етуде цифрлық технологиялар қалай қолданылады?
– Расында да, қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтарды, оның ішінде жасырын түрлерін анықтау және жолын кесу, жаңа қылмыстық қауіптерге жедел ден қою үшін жаңашыл шешімдер іздеп жатырмыз. Бізде бірегей ақпараттық-талдау жүйелері бар. БҚАРК ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бұл іздестіруде жүрген адамдарды анықтап, ұстауға көмектеседі. Жүйе мемлекеттік органдар мен бейнебақылау камераларының дерекқорлары арқылы адамдардың «цифрлық іздерін» табады. Іздестіруде жүрген адам камераға түскен немесе мемлекеттік қызметке жүгінген сәтте ұсталады. Жыл басынан бері іздеуде жүргендердің саны 2,5 мыңға азайды.
Көшелердегі және ашық жерлердегі құқық бұзушылықтарды анықтау үшін БҚАРК жүйесіне қосылған дрондарды қолданамыз. Мәселен, дронның көмегімен Абай облысының прокуратурасы заңсыз жер қойнауын өндіру фактісін анықтады. Бұзушылықтар бойынша кінәлілер жауапқа тартылды.
БҚАРК базасында қылмыстық-атқару жүйесінде жасанды интеллект элементтері қолданылады. Пробациядағы адамдарды бейнекамералар арқылы бақылау тәжірибесі жүріп жатыр. Егер бақылаудағы адам жүріс-тұрысына және қоғамдық орында болуға қатысты шектеулерді бұзса, жүйе сигнал береді. Бұл бұзушылыққа дер кезінде ден қоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар біздің бастамамызбен пробациядағы адамдар туралы ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Цифрлық отбасы картасы» платформасымен интеграцияланған. Бағдарлама қай мемлекеттік орган қандай көмек көрсету керектігін анықтайды. Осы форматта 200-ден аса қызмет көрсетілді. Жоба бірнеше өңірде іске қосылған.
Жалпы, цифрлық технологияларды енгізу тәжірибеміз шетелдік әріптестер арасында үлкен қызығушылық туғызып отыр.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы