– Қылмыспен күрес – прокуратура үйлестіретін құқық қорғау саласының бүкіл жүйесіне қатысты міндет. Осы саладағы жетістіктерге тоқталсаңыз.
– Үйлестіру шаралары қылмыстың алдын алуды тұрақтандыру мәселелерін кешенді шешуге мүмкіндік береді. Бұрын да айтқанымдай, кейінгі жылдары қылмыс деңгейінің тұрақты төмендеуі байқалады. Әсіресе зорлық-зомбылық қылмыстары айтарлықтай қысқарды, яғни елімізде өмір сүру қауіпсіздігі артты. Бұл – барлық мемлекеттік органдардың, азаматтар мен ұйымдардың жүйелі әрі кешенді еңбегінің нәтижесі. Шетелдік сарапшылар да бұған оң баға беріп отыр. 2024 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексінің мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан Еуразия аймағындағы ең бейбіт ел ретінде танылды. Бұл біздің бағытымыздың дұрыс екенін білдіреді. Алайда бүгінгі таңда бүкіл әлем, оның ішінде Қазақстан киберқылмыстың жаһандық өсуімен бетпе-бет келіп отыр.
Біз қылмыстың жаңа түрлеріне қарсы күрес мәселелерін үйлестіру кеңестерінде тұрақты түрде талқылап, оларға қарсы тәсілдер мен әдістерді әзірлеп, күштік құрылымдар ғана емес, басқа мүдделі органдар және шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет етуді қамтамасыз етеміз. Олардың жағдайды өзгертуге әсері байқалады. Мәселен, қазіргі уақытта болжамды-талдамалық функциясы бар ІТ-технологияларды кеңінен қолдануға көшіп, озық халықаралық тәжірибені енгізе бастадық. Есірткі бизнесіне қарсы күресте бірқатар инновациялық әдіс сынақтан өткізілді. Газ хроматографының көмегімен ауа ағындары бойынша, сондай-ақ кәріз сулары үлгілерін талдау арқылы есірткі зертханаларын анықтап жатырмыз. Интернеттегі есірткі дүкендері Tелеграмм арналарын, QR кодтар мен онлайн аударымдарды пайдаланатыны құпия емес. Сондықтан ең алдымен олардың қаржылық ағынына кедергі жасаймыз. Биылдың өзінде 20 мыңнан аса «дропперлік» шоттар мен 2,4 млрд теңгеге есірткі кірісі бұғатталды.
Прекурсорларға бақылауды күшейту мақсатында шетелдік тәжірибені зерттеп жатырмыз. Биылдан бастап АҚШ пен Литва тәжірибесіне сүйене отырып, біздің Құқықтық статистика жөніндегі комитетінің базасында прекурсорлардың тасымалы мен ішкі айналымы туралы ақпарат жинау және талдау үшін пилоттық Таргетинг-орталығы жұмыс істей бастады. Бұл химиялық прекурсорлардың айналымын толық бақылауға алуға мүмкіндік береді, оларды кім және қалай пайдаланып жатқанын көре аламыз.
Кибералаяқтыққа қарсы күресте де жаңа әдіс-тәсілдер енгізіліп жатыр. Атап айтқанда, шетелден анонимді қоңырау шалуға мүмкіндік беретін SIP-телефониямен күресіп, SIM-бокстарды жойып жатырмыз. Кибертоптарды әшкерелеу және алаяқтарға банк карталарын беретін адамдарды – «дропптарды», сонымен қатар алаяқтық жасауға септігін тигізетін қаржы ұйымдары, байланыс операторлары мен ХҚО қызметкер¬лерін анықтап, қылмыстық жауаптылық¬қа тарту әдістемесі жасалды. Кейінгі екі жылда прокуратураның үйлестіруі¬мен азаматтарымызды алдап жүрген 10 халықаралық байланыс орталығының қызметі тоқтатылды.
Сонымен қатар мемлекеттік органдармен бірге заңнамалық деңгейде зардап шеккендерді қорғауды күшейтіп, тергеу практикасын қалыптастырып жатырмыз. Өткен жылы қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» заңға енгізілген түзетулерге сәйкес тергеу жүргізу кезінде 2,5 мыңнан аса зардап шеккен адамның 3,4 млрд теңгеден аса қарыздарын өндіріп алу тоқтатылды. Бұған қоса қосымша қорғаныс шаралары да енгізіліп жатыр. Мысалы, байланыс операторларының мәліметтері Ұлттық банктің Антифрод-орталығымен интеграцияланып, алаяқтық транзакцияларды және жалған қоңырауларды бұғаттайды.
Үйлестіру кеңестерінің форматы тұрақты емес, ол қоғамның талаптары мен азаматтардың құқықтық белсенділігіне сәйкес өзгеріп отыратынын айта кету керек. Біз азаматтарымыздың осындай қоғамға жат құбылыстардың алдын алу мәселелеріне саналы әрі жауапты қарауын қолдап, ынталандырамыз. Жақында барлық өңірде Үйлестіру кеңестері аясында жұртшылықтың, бизнес-қауымдастық пен жасөспірімдердің қатысуымен «Заң мен тәртіп» идеологиясын насихаттау бойынша форумдар өтті. Осы шараларда оқушылар бірқатар қызықты жобасын таныстырды. Мәселен, Шымкент оқушылары есту және көру қабілеті төмен жандарға көмек көрсететін жүйелер жасап, қауіпсіз жүріп-тұруды қамтамасыз етуді ұсынды. Ал Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарының оқушылары мектептердегі жанжалдар мен буллингтің алдын алу жобаларын көрсетті. Біз жастардың мұндай бастамаларын үнемі қолдауға мүдделіміз және бұл бағыттағы жұмысты жалғастыра береміз.
– «Заң мен тәртіп» тұжырымда¬ма¬сын жүзеге асыруда бірінші кезекте не тұр? Азаматтардың құқықтық санасы ма, әлде институттар мен заңдардың тиімділігі ме?
– Бұл тұжырымдама мемлекеттің күші үкімдердің санымен емес, халықтың сенімімен өлшенетін болашаққа апаратын жол екенін баса айтқым келеді. Ал қоғамдық сана қолдамаса, ешбір заң тиімді жұмыс істемейді. Сондықтан бірінен бірін ажыратып қарауға болмайды. Заңды сақтау – жазадан қорқу емес, әр адамның ішкі сенімі. Заңды барлығы құрметтесе, қоғамда әділдік пен қауіпсіздік сезімі пайда болады. Әркім кез келген заң бұзушылыққа лайықты жауап беруі, мүлдем төзбеушілік танытуға тиіс. Себебі азамат болу – тек құқық емес, міндет екенін тағы бір мәрте айта кеткім келеді.
Заң барлығына ортақ, ал құқықтық сана әр адамның табиғи қасиеті болуы қажет. Иә, бұл жол – оңай емес. Дегенмен көп жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа азаматтардың құқықтарын қорғау институттарын нығайтты. Прокуратура тек құқық қолдану саласында емес, жұртшылықпен өзара іс-қимыл жасауда да өзгеру жолына түсті. Біз кері байланысты нығайтып, тек қадағалау шараларымен айналыспай, құқық бұзушылықтарды алдын алуға баса назар аударып отырмыз. Аталған іске өз үлесін қосып жатқан азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Бұл қоғамның кемелденіп келе жатқандығын көрсетеді.
Жалпы алғанда, «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыруға әрбір азамат, әр ұйым және барлық мемлекеттік орган тартылуға тиіс. Әр қадамды мықты институттары мен жауапты азаматтары бар құқықтық мемлекет құруға салынған инвестиция ретінде қабылдау қажет. Сондықтан алда әлі атқарылар іс көп. Мұнда ең бастысы – іс-қимылдардың бірлігі, ортақ көзқарас пен өзара жауапкершілік. Біз бұл жұмысты табанды әрі жүйелі түрде жалғастырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ.