Түркістан облысында халықтың құқықтық сауаттылығы мен мәдениетін арттыру, толеранттылықты қалыптастыру – әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызды кепілі. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, жаңа мазмұнмен толықтырылады.
Құқықтық білім беруді барлық жерлерде қолға алып, оған ерекше мән беру жастардың әлеуметтік-құқықтық белсенділігін арттыруға, жастарды құқықтык-патриоттық рухта тәрбиелеу ісінің табысты болуына және жалпы халықтың құқықтық санасын оятуға жәрдемдесері күмәнсіз. Бұл салада халықты құқықтық ақпараттандыру, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша жұмыс жасайтын жергілікті атқарушы органдардың жанындағы үйлестіру-әдістемелік кеңестер мен жоғары оқу орындарының заңгерлер, болашақ құқық пәні мұғалімдерін даярлайтын факультеттермен арадағы байланыстың жоқтығы, олардың ортақ құқықтық насихат жүргізу қызметтерінің әлсіздігі айқындалады. Қазіргі кезде қоғамда адамгершіліктің азайып, адамдар арасындағы қарым-қатынастың дөрекіленіп, адамгершілік жүгінен адамдардың босанып алғанын, қоғамның барлық салаларында адамгершіліктің құны төмендеп бара жатқанын, т.б. баспасөз құралдары жиі көтеріп жүр.
Жоғарыда айтылған ойлар құқықтық тәрбиенің көпшілік болып, жұмыла атқарылатын қоғамдық іс екендігін айқындап отыр, яғни, құқықтық мемлекетті құруда азаматтардың құқықтық тәрбиесіне аса көңіл бөлу мемлекеттің басты назарында болуы қажет. Құқықтық тәрбие мәселесінің шешілу мақсаты, міндеті, мазмұны бар ғылыми тұжырымдаманы қажет етеді. Сондықтан жастардың құқықтық тәрбие мәселесі тек қана теориялық емес, практикалық сипат алғанда ғана өз нәтижесін береді. Құқықтық мемлекет құру мен қоғамды демократияландыру – қайшылықты, ұзақ та күрделі процесс. Бұл біздің жас мемлекетіміздің аяғынан қаз тұру жолынан да жақсы байқалады. Тоталитарлық жүйеден демократиялық қоғам өміріне өту қажеттілігі айқын болған күннен бастап-ақ Қазақстан тұрғындарының алдында ең алдымен Қазақстан мемлекетінің егемендігі мен тәуелсіздігін қорғау міндеті тұрады.
Бұл орайда демократияны дамыту – меншік қатынастарын реформалау мен нарықтық экономикаға өту экономиканы тығырықтан алып шығудың, ұлттық мемлекеттің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызудың толассыз жолы. Саяси саладағы басты мақсат – жас егеменді мемлекетті қуатты президентті республика етіп қалыптастыру. Біздің мемлекетімізде барлық азаматтардың теңдігі барлығының заң алдындағы бірдей жауапкершілігі, кімнің қай ұлтқа жататындығына қарамастан, бірдей екендігі әуелден-ақ нақты көрсетілген. Әрине, кейбір жағдайда жергілікті ұлт – қазақтардың мүддесі ерекше ескеріледі. Мұндай жағдайға ұлттық мәдениетті, тілді өркендету, қазақ диаспорасының рухани-мәдени және басқа да байланыстарын қалпына келтіру, олардың өз Отанына қайтып оралуына қолайлы жағдайлар туғызу жатады.
Басқа елдер деңгейімен салыстырмалы түрде алғандағы экономикалық байлыққа қол жеткізудің алғышарты – бүкіл қоғамдық өмірді демократияландырған тұрақты құқықтық мемлекет құру болып саналады.Құқықтық демократиялық мемлекетте Конституция, яғни біздің қоғам өмірінің Негізгі Заңы аса жоғары мәнге ие. Конституция жобасы Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бастап жасалына бастады. Конституция қабылдаудан бұрын бүкілхалықтық талқылаудан өтті.Біздің Конституциямыз бойынша Қазақстан халқы егемендіктің иесі, республикадағы мемлекетік биліктің жалғыз қайнар көзі болып табылады. Республикада тек қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкілдері де тұрады. Сондықтан саяси ымыраға келу қажет болғандықтан қазақ халқы өз қамын күйттеумен қатар, жас мемлекетіміздің тыныштығын, оны одан әрі нығайтуды ойлауы керек. Құқықтық мемлекет құру, қоғамдық өмірді демократияландыру, жалпыұлттық келісім мен ынтымақ Қазақстан Республикасының әлемдік қауымдастықтың лайықты толық мүшесі болып енуінің басты шарты болып табылады.
Адам тумасынан өзіне қажетті құқықтар мен бостандықтарға ие. Ал ол өз мемлекетінің азаматтығын алғаннан кейін азаматтық құқықтарға ие болып, тиісті міндеттерді қоса атқаруға тиіс. Конституцияда адамды қастерлеу, құрметтеу, адамгершілік сезімдеріне үлкен маңыз берілген. Әркімнің өзінің жеке басының бостандығы заң жүзінде қорғалған. Заң бойынша адамның жеке басының қадір-қасиетіне қол сұғылмайды.
Конституцияның 19-бабында “Әркімнің өзінің қай ұлтқа, қай партияға және қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы” деп жазылған. Адамдардың ар-ождан бостандығына заң жүзінде толық кепілдік берілген.Республика азаматтарының заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстауында, оны мұраға қалдыруына конституциялық кепілдік жасалған.Конституцияның 39–бабында адамдардың құқықтары мен бостандықтарына қоғамдық тәртіпті, адамның құқығы мен бостандығын, халықтың денсаулығын қорғау мақсатында ғана шектеу қойылуы мүмкін екендігі көрсетілген.39 баптың 3 пунктінде азаматтардың құқықтарын, яғни азаматтық құқығы, өмір сүру құқығы, жеке өміріне, өзінің және жанұясының құпиясына қол сұғылмауына, мемлекет органдары мен лауазым иелерінің кінәсінен шеккен зиянды қайтарып алуына т.б құқықтарын тіпті ең төтенше жағдайлардың өзінде де шектеуге рұқсат бермейтіні айтылған. Конституцияда жеке, азаматтық және саяси құқықтарға, осы құқықтардың кепілдігіне айтарлықтай көңіл бөлінеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 13 бабында әр адамның өзінің бостандығы мен құқығын сот арқылы қорғай алатыны көрсетілген. Әр адамның заң мамандарынан көмек алуға, үкімді Жоғары сотқа қайта қаратуға, жазаны жеңілдетуді сұрауға құқығы бар.Азаматтардың медициналық көмек алуына, мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік беріледі. Ал орта білім алу Конституция бойынша міндетті деп табылған.Республика азаматтарының құқығы мен міндеттерін сөз еткенде, екі мәселені ерекше атап өтуге болады. Бірі – заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады, екіншісі – Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті парызы және міндеті. Азаматтардың құқығы мен міндетін сөз еткенде бұл талаптардың адамдардың өз құқықтарын көбірек біліп, міндеттерін орындауға келгенде ұмытшақтық танытатыны жиі кездеседі.