ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРДЕГІ ДОСТЫҚ БЕЙНЕСІ


Достық адамзат атаулыға берілген ең асыл қасиеттердің бірі. Оның қадір-қасиетіне жете білген жан шынайы бақытты. Достың саны да, сапасы да көп. Бірақ сол жақыныңның ішінен сенің жан дүниеңді көз жанарыңнан-ақ мүлтіксіз түсінетін, қиын сәтте қолдау болатын жанашыр саусақпен санарлық. Сол сияқты достың да өзіндік деңгейі, мәртебесі болады. Бірі бала шақтан бар қызықты бірге көріп, бір үзім нанды бөлісіп келе жатқан дос болса, енді бірі өмір ағысымен жолдан қосылған жолдас та кездеседі. Ең бастысы өзіңізге жақынның ара-жігін дұрыс ажырата білу. Басыңа іс түсіп өмірдің түрлі сын сәттерінде сағы сынбай сені жетелей білсе онда серігіңнің сенімді болғаны. Ал, әлдебір қызығушылыққа бағытталған мақсаты болса онда ойлағаныңның орындалмағаны деп білеміз.
Әскер достарды бір-бірімен жақындастырады. Қатардағы Дінәсілов Абылай мен Усманалиев Рахат екеуі қазір Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Екеуі де Шымкент қаласының тумасы. Мектеп қабырғасынан бері бірге дос болып кейіннен жоғары оқу орнына түседі. Университет қабырғасында студенттік кезеңнің ең қызықты шақтарын өткеріп, оқуларын оқып он сегізге тола салысымен алдымен Дінәсілов Абылай әскер қатарына шақырылады. Абылай, әскер әрбір ер азаматтың Отан алдындағы борышы, міндеті екенін жете түсінеді. Сөйтіп өзімен бірге досын алып кетуді жөн санайды. Осылайша, адал достар келісіміге келіп, серттесіп оқуларын уақытша тоқтатып 1-2023 жылғы шақырылыммен Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөліміне түседі. Қызығы, қатардағы қос жауынгер бір уақытта бірінші жедел мақсаттағы батальонға бірінші ротаға тап болады. Қызмет кезінде де ең алғашқы жасаққа да бірге түскен.
Бір қалада өсіп, бір әскери бөлімге түскен екенсіздер. Бізбен бөлісер қандай қызықты жағдайларыңыз бар?
– Біздің басымыздан өткен қызықтар ең алғашқы оқу-жаттығу кезінен бастау алды. Осы жерге келіп біздің достығымыз одан сайын нығая түсті. Бір рота болғаннан кейін күніге уақытты бірге өткіземіз.Кәдімгі бір үйдің баласындай етене –жақын араласып кеттік. Уақытты та өте пайдалы әрі қызықты өткізуге тырысып жүрміз. Әсіресе, әскердегі естеліктер бізге өте қызық, өзімізге қатты ұнап жатыр. Бір- бірімізге қолдау көрсетіп жүргеннен кейін де уақыттың қалай тез өтіп жатқанын аңғармай қалдық. Ойлаңызшы, әскерге келгенімізге де тоғыз айдан да асыпты. Санаулы күндерден кейін үй-ішімізбен, ағайын-туғанмен қайта қауышамыз дейді қатардағы Рахат Усманалиев.
Рахаттың адамгершіклік қасисеттері өте көп. Ол өте ақылды. Кез келген нәрсені дұрыс пайдалана алады. Әр ситуацияны басқара біледі. Ақкөңіл, жанашыр. Ортада абыройлы, адал. Тіл байлығы да жақсы. Менің көңіліме ең жақын тартқан қасиеті ол өзі айтқан сөзінде тұрады. Сенімді серік. Сол үшін де мен досымды ерекше бағалаймын. Сондықтан да мен досым үшін барлығына дайынмын. Ақтық демім қалғанша адал болуға, кез келген жағдайда көмек беруге дайынмын дейді Абылай Дінәсілов.
Абылай, Рахат өздеріңіз де жоғарыда айтып өткендей әскер сіздердің достық қарым-қатынастарыңыздың нығая түсуіне сеп болды. Ал, осы Ұлттық ұланға келгелі өздеріңіздің жеке қасиеттеріңізде өзгеріс бар ма? Әскер нені үйретті?
– Бізге әскер шыдамдылықты, төзімділікті үйретті. Үлкен жауапкершілікті сезіндік. Бұған дейін әр үйдің баласы болсақ, қазір халықтың баласы екенімізді жақсы түсінеміз. Отан үшін, адал, абыройлы қызмет етіп жүргенімізге өзімізді мақтан тұтамыз. Дәл осы бөлім командирлеріне де алғысымыз шексіз. Бізді нағыз ер азамат ретінде өсіріп, жастарға патриоттық тәрбиенің дәнін сеуіп ықпал етіп келеді. Біз өз Отамыздың патриотымыз!
Қазақ ерте кезден –ақ, қасыңдағы серігіңе қарап сенің қандай адам екеніңді бағалаған. «Досыңды көрсет, мен сенің кім екендігіңді айтамын»,-деген қанатты сөз осыдан шықса керек-ті. Қатардағы Абылай Дінәсілов пен Рахат Усманалиев екеуіне қарап тәнті боласың. Бір-бірінің кем- кетік жерлерін түгендеп,толықтырушы. Расымен, әскер олардың достық қарым-қатынастарын нығайта түскен. Жақындарынан жырақта жүрген қос сарбаз борыштарын өтеп, туған жерге барғаннан соң үлкен жоспарлар құрып қойған. Болашақта да отбасылық достар болуды армандайды екен.

Барлығымыз білетіндей, отанды қорғау бұл абыройлы қызмет. Алайда отан алдында абыройлы қызмет атқару үшін әрбір адам психологиялық тұрғыдан мықты болуы қажет. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскер қатарына отан алдында борышын өтеуге келген әрбір азаматқа психологиялық тұрғыдан көмек беру үшін, әскери психологтар қызмет атқарады. Бүгінгі біздің мақаламызда тамыры тарихқа терең жайылған бұл салаға өз өмірінің он бес жылдай уақытын арнаған Қазақстан Республикасы Ұлтты ұланы әскери психологы капитан Халилова Айнура Закарияқызы туралы сөз қозғайтын боламыз.
Кейіпкеріміз Айнура Закарияқызы 1983 жылы 11 қарашада дүниеге келген. Кейіпкеріміздің әкесі Закария көптеген жерлерде қызмет етіп отбасын адал еңбекпен асыраған ардақты әке. Ал анасы Унзира жеке кәсіппен айналысып қана қоймай, ұлы мен қызын мәпелеп өсірген асыл ана. Ал біздің кейіпкеріміз осы бақытты отбасының кенжесі, ерке қызы болып өскен. Закария әкеміз бен Унзира анамыз, өз балаларын кішкентайынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, бір-біріне бауырмал болуға тәрбиелеп өсірген. Айнура Закарияқызы мен әңгімелесу кезінде ол қасиеттерді бірден байқауға болады. Мектеп қабырғасында жүргенде кейіпкеріміз көптеген жетістіктерге жетіп, оқу үлгерімі де жақсы болған. Сабақпен қатар өнер мен спортты бірге алып жүрген кейіпкеріміз үстел теннисімен және би өнерімен айналысқан. Бастауыш сыныптан бастап бала Айнура өзінің болашақ мамандығын ойластыра бастаған екен. Сондықтанда, мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ, кейіпкеріміз психолог маманы боламын деп нақты шешім қабылдаған. Он бір жылдық мектепті аяқтаған кейіпкеріміз, өзінің болашақ мамамандығы мен оқу орны туралы көп ойланбапты.
Психолог мамандығында оқып жүрген шағында, болашақтағы жұмыс орны туралы көп ойланған кейіпкеріміз. Өзінің ойын әскери психология саласына аудара бастаған. Бұл ойдын пайда болуының жалғыз бір себебі бар, кейіпкеріміз жоғарғы оқу орнында оқып жүргенде, үйінің жанында полиция бөлімшесі болған екен.
— Күн сайын таңғы уақытта оқуға қарай бет алғанымда, үйімнің жанында тұрған полиция бөлімшесінің алдынан өтетінмін. Сол кезде бөлімшеге кіріп-шығып жүрген қызметкерлерді көріп, өзімде осы салада жұмыс істесем ғой, иығыма пагон тағып жүрсем деген ойлар мені өзіне қатты баулитын деп – жастық шағына көз жүгіртіп күліп есіне алды кейіпкеріміз Айнура Закарияқызы.
Алғашында қарапайым қызметкер болып қызмет атқарған кейіпкеріміз араға жарты жылдай уақыт салып, әскери бөлім сарбаздарымен бірге әскери ант қабылдап Ұлттық ұлан әскери қызметшісі атанады. Жалпы 2010 жылы әскери бөлім табалдырығын аттаған Айнура Закарияқызы он төрт жыл ішінде капитан шеніне дейін жетіп отыр. Кейіпкеріміз өзінің алғашқы офицерлік шеніне 2016 жылдың желтоқсан айында қол жеткізген. Қызметте жүрген он төрт жыл ішінде кейіпкеріміз көптеген әскери қызметкерлерге психологиялық-моральдық тұрғыда қолдау көрсетіп, қол ұшын созып, жас сарбаздарға өз көмегін беріп, оларға әскери салада бағыт-бағдар беріп, дұрыс жолға салып жүр.
— Мен өзім әскери салаға келген сәттен бастап, әскери психология ұғымына терең ене бастадым. Алғашында әскери терминдерді жаттап әскери саланың қыр-сырын меңгердім. Әрине, адам баласының жұмыс орнындағы негізгі әсер етуші ортасы ол ұжымы екені анық. Менде өзімнің әріптестерімнің арқасында әскери қызметке бірден сіңісіп кеттім. Әскери қызметте өткізген он төрт жыл ішінде, әскерге шақыртылған жас сарбаздармен қоса, сержанттармен және офицерлерменде жұмыс жасағанмын. Алайда менің әскери саладағы негізгі жұмысым әскерге келген жас сарбаздарға психологиялық тұрғыда демеу беру. Себебі әскери салада, әскери қызметкерлердің психологиялық-моральдық жағдайы өте маңызды екені бәрімізге мәлім. Мен қызметте ең алдымен әскерге келген жас сарбаздардың психологиялық-моральдық жағдайын тексеремін, олардың көптеген қылықтарын зерттеймін, әскери өмірге деген көзқарасын сұрап ғана қоймай, бір айлық адаптациядан өткіземін. Жас сарбаздарға алғашқы психологиялық көмек көрсеткен соң, сарзбаздардың психологиялық жағдайын арттыру мақсатында, арнайы тренингтер, психологиялық ойындар ұйымдастырып жас сарбаздарды тек дамытып қана қоймай, оларға жақсы көңіл күй мен жағымды әскер сыйлауға тырысамыз. Сонымен қатар, әскердегі әрбір қызметкерді психологиялық тұрғыда дамыту мақсатында, әскери психолог ретінде арнайы кездесулер, тақырыптық сағаттар ұйымдастырамын. Әскери психологтың көзімен қарасам, қазіргі таңда әскерге келген сарбаздардың психологиялық жағдайы өте жақсы, отанға деген ыстық ықыласы жоғары, жалпы айтқанда әскерге келетін жас сарбаздардың сексен пайызы отан алдындағы борышын өтеймін деп талпынып келеді. Иә, әрине бізде әлі қалған жиырма пайызда бар, бұл сарбаздар көп жағдайды қауіпті топқа жатады. Қауіпті топқа жататын сарбаздар мен жеке жұмыс жасап, оларды психологиялық тұрғыда дамытуға бар күш жігерімізді саламыз. Жұмыс барысында мен өзіміздің батыр атамыз, Бауыржан Момышұлының қолданған әдістерін қолданамын. Себебі, әскери сала қызметкері болған шағымнан бастап мен көбінесе Бауыржан атамыздың шығармаларын оқып, өзімде сол дара тұлғаның салып кеткен дара жолымен тәрбиелеуге тырысамын. Сол себепті Бауыржан Момышұлын мен өзімнің әскери саладағы жетекшім деп білемін деп – кейіпкеріміз бізге өзінің өмірлік жетекшісі мен әскери қызметте атқаратын жұмыстарын сонымен қатар өз жұмысының қыр-сырын ашып баяндап берді.
Әйел заты нәзік болады емес пе? Бүгінгі таңда өз отбасының кенжетайы еркесі болған кейіпкерімізді, болмысы жағынан нәзік болсада, Әлия мен Мәншүк апаларымыз секілді батыл әрі қайсар қазақтың қызы ретінде көруге болады. Иә, әрине қыз баласы үшін әскери сала қиын болғанымен Айнура Закарияқызы өзінің қызметке деген адалдылығымен әскерге келген сарбаздармен қатар көптеген жас офицерлерге үлгі болып келеді. Бүгінде өзінің демеуімен көмегінің арқасында көпке үлгі боп отырған кейіпкеріміз өзінің бақытты отбасында аяулы жар, ал мәпелеп өсіріп отырған қызына үлгілі ана болып келеді. Осылайша нәзік жанды кейіпкеріміз осындай қиын бағытта қызмет жасап жүрсе де, көптеген әскери қызметшілерге психологиялық тұрғыдан қол ұшын созып, өзінің қызметін абыроймен атқарып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы