ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ


Түркістан – тек тарихи мұралар мен мәдени байлықтың емес, болашаққа бағытталған елдік идеялардың тоғысқан мекені. Бұл қасиетті мекенде ел ертеңін ойлайтын, Отан алдындағы борышқа адал азаматтарды тәрбиелеу – күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Түркістан қаласында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мәселесіне арналған мәжіліс өтті. Елдің қорғаныс қабілетін арттыру, жас буынды отаншылдыққа баулу, олардың бойына мемлекетке адал қызмет ету рухын сіңіру – жиынның негізгі өзегі болды.
Жиынға Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары Қуанышбек Кулумбаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Сатыбалды, облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Ермек Өсербаев, сондай-ақ «Жастар ресурстық орталығының» директоры Ернар Бектаев қатысты. Олар жастарды әскери қызметке дайындаудағы өз салаларының рөлін талдап, баяндама жасады. Сонымен қатар, мәжіліске аудан және қала әкімдері бейне-селекторлық байланыс арқылы қосылып, өңірлердегі жағдай туралы мәліметтер ұсынды.
Мемлекетшіл рух – тәрбие арқылы қалыптасады
Жиынды ашқан Ертай Кенжебекұлы жастармен жұмыс істеуде жаңа деңгейге шығу қажеттігін қадап айтты. Әсіресе, әскери-патриоттық бағыттағы жобалардың сапасын арттырып, жастарды жаппай осы бағытқа тарту қажеттігін тілге тиек етті:
– Жастарды әскери-патриоттық рухта тәрбиелеу – бұл тек білім беру ісі емес, бұл – ұлттық қауіпсіздіктің негізі. Қазірден бастап осы бағыттағы барлық жұмыстарды жүйелеуіміз керек. Аудан, қала әкімдіктері бұл мәселеге ерекше назар аударып, нақты жобалар әзірлесін. Әскери қызметке шақыру пункттері заманауи компьютер, интернет, медициналық құрылғылармен толық жабдықталуы тиіс. Ал Жастар ресурстық орталықтары белсенділік танытып, жүйелі шаралар ұйымдастыруы қажет, – деді ол.
Әскери қызмет – ерлік мектебі
Кездесу барысында қорғаныс істері жөніндегі департамент, денсаулық сақтау және полиция басқармалары өкілдері әскери борышты өтеуге даярлық, жастарды медициналық іріктеу, құқықтық тәртіпті сақтау және олармен патриоттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелері жөнінде егжей-тегжейлі баяндады.
Баяндамада атап өтілгендей, қазіргі кезде жастар арасында әскери қызметке қызығушылық артқанымен, олардың сапалы дайындықтан өтуі үшін инфрақұрылымдық қолдаулар қажет. Жинақтау пунктерінде заманауи техника мен интернеттің жеткіліксіздігі, кей өңірлерде жастарды қамтитын жобалардың мардымсыздығы – шешімін күткен мәселелердің бірі.
«Жастар ресурстық орталығының» басшысы Ернар Бектаев патриоттық клубтардың жұмысын жандандыру, әскери-патриоттық форумдар, оқу-жаттығу жиындары мен ерлік сағаттарын жиі өткізу қажеттігін алға тартты.
Бір мақсат – бір ұлттың болашағы
Кеңес соңында облыс әкімінің орынбасары барлық жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарды тек маусымдық шара ретінде емес, тұрақты жүйеге айналдыруды тапсырды. Ол:
– Біз болашаққа жол бастайтын жастарды тек кәсіби емес, рухани, патриоттық тұрғыда да тәрбиелеуіміз керек. Елін сүйетін, ерлікке бейім ұрпақ тәрбиелеу – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Бұл бағыттағы барлық жұмыстар үйлестірілген түрде, нақты нәтижеге бағытталған жүйемен жүзеге асуы тиіс, – деді Ертай Алтаев.
Бұл мәжіліс – облыстағы әскери-патриоттық тәрбиенің жаңа кезеңге аяқ басқанының көрінісі. Жастардың бойына ел мен жерге деген сүйіспеншілікті, жауапкершілік пен адалдықты дарыту – бүгінгі күннің ең өзекті міндеті. Түркістан жастары бұл бағытта да елге үлгі болары сөзсіз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы