ТҮРКІСТАН: ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ – ҚАУІПСІЗДІК ПЕН ӘДІЛЕТКЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ҚАСИЕТТІ МІНДЕТ


Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы Күштерінің басты мақсаты – елдің егемендігі мен тыныштығын күзету ғана емес, сонымен қатар сарбаздардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету. Бұл бағытта жүйелі түрде жүргізіліп жатқан кешенді реформалар – әскери қызметтің заманауи талаптарға сай қайта құрылып жатқанын айғақтайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, «Әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау – барлық деңгейдегі қолбасшылық жұмысының басым бағыты болуы тиіс».
Әскери тәртіп – тек жарғы мен бұйрықтардан тұратын ресми жүйе ғана емес, ол ең алдымен адам тағдырына, адам өміріне деген құрметке негізделуі тиіс. Осы ұстаным аясында Қазақстанда әскери ортадағы тәртіп пен қауіпсіздікті арттыру бағытында ауқымды екі жоба қолға алынып отыр: «Әскердегі заң және тәртіп» және «Цифрлық профилактика». Бұл бастамалар – еліміздегі әскери қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадамдар.
«Цифрлық профилактика» – жаңа дәуірдің қажеттілігі
Жоба аясында ең алдымен әскери бөлімдерге заманауи IT-технологиялар енгізілмек. Әсіресе, бейнебақылау жүйелері мен жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы жеке құрамның қауіпсіздігін автоматты түрде қадағалау көзделуде. Бұл шешім оқу-жаттығулар мен атыс сабақтарында, далалық жаттығулар кезінде туындауы мүмкін қауіп-қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, командирлер мен жауынгерлік кезекшілік атқарып жүрген сарбаздарға бейнежетондар берілу жоспарлануда. Бұл құрал әскери қызметті өткеру барысын нақты әрі үздіксіз бақылауға мүмкіндік береді. Яғни, сарбаз қандай жағдайда болмасын бақылаусыз қалмайды, ал командирдің әрекеті мен шешімі нақты жүйемен тіркеліп отырады.
Сарбаздың даусы – енді естілмей қалмайды
Цифрландырудың тағы бір тиімді тетігі – http://armia.kz сайты арқылы іске қосылған «Цифрлық кеңесші». Бұл онлайн сервис арқылы сарбаздар өздерін толғандырған мәселелер бойынша анонимді түрде сұрақ жолдай алады. Жүйе әрбір сауалға жауап беріп қана қоймай, шағым мен өтініштің орындалу барысын да тіркеп отырады. Сонымен қатар, әрбір сарбаздың қайда жүгінуі керектігі нақты көрсетіліп, олардың құқықтық сауаттылығы да артады.
Ашықтық – әділет кепілі
Мемлекеттік деңгейде қолға алынған маңызды тағы бір өзгеріс — әскери шақыру және медициналық комиссия отырыстарын аудио-бейне тіркеу жүйесін енгізу. Бұл бастама азаматтарды әскери қызметке шақыру кезінде әділетсіз шешімдер қабылданбауын, сондай-ақ медициналық қарсы көрсетілімдері бар азаматтардың әскерге заңсыз алынбауын қамтамасыз етеді. Құжаттар цифрлық форматта рәсімделіп, шақырылушыларға қашықтан қолжетімді болады.
Мұндай өзгерістер – әскери жүйеде ашықтық пен жауапкершілікті арттыру арқылы халық сенімін нығайтудың нақты жолы.
ТӘРТІП ПЕН ТЕҢДІККЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ӘСКЕР
Әскери орта – қатаң тәртіп пен талаптың ордасы ғана емес, сонымен бірге әділет пен сенімнің де ұясы болуға тиіс. Президент тапсырмасымен қолға алынған жаңа реформалар – Қазақстан Қарулы Күштерінің сапалық тұрғыдан дамуына негіз болады. Бұл – әскери қызметшінің өмірін қорғау, қауіпсіз жұмыс ортасын құру және моральдық-психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды бетбұрыс.
Сарбаз – Отан қорғаны ғана емес, мемлекет қамқорлығындағы тұлға. Әскери қызмет – әр адамның ерік-жігерін шыңдайтын, тәртіпке баулитын әрі ел алдындағы адал қызметтің мектебі. Ендеше, әскери өмірдің де жаңа стандарттарға сай болуы – уақыт талабы.
Жаңа реформалар жүзеге асқанда, сарбаз өзін қауіпсіз сезінетін, ал командир кәсіби беделін әділет пен адамгершілікпен қалыптастыратын жүйе орнығады. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан Қарулы Күштерінің рухани әрі техникалық жағынан жаңаруының нақты көрінісі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы