ТҮРКІСТАН: ӘСКЕР АДАМДЫ ТӘРТІПКЕ ҮЙРЕТЕДІ


Әскер қатарына қабылданып, Отан қорғау – саналы, дені сау әрбір азаматтың борышы. Әскери антты орындау – үлкен жауапкершілік. Осы бір жауапкершілікті сезініп, өзіне міндет санағандардың бірі – түркістандық Ділмұрат Сәлібеков.
Жас сарбаз әскер қатарына қабылданбас бұрын Түркістан облысындағы Қазығұрт ауданында фельдшер маманы болып еңбек етіп келген. Бүгінде Ұлттық ұланның «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5510 әскери бөлімінде борышын өтеп жүр. Осы ретте біз жас сарбазбен сұхбаттасып, әскердегі өмірі туралы сұрап білдік.
– Алдымен өзіңіз, отбасыңыз туралы аз-кем мағлұмат бере кетіңізші…
– Мен 2002 жылдың 28 мамырында Өзбекстан Республикасының Жоғары Шыршық ауданында дүниеге келгенмін. 10 жасымда отбасымызбен атамекеніміз – Қазақстанға қоныс аудардық. Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Сырлысай ауылына көшіп келдік. Сол жақта өстім. Біздің ауыл Сарыағаш ауданымен шекаралас. Сондықтан сол Сарыағашқа қарасты Ғани Мұратбаев атындағы жалпы орта мектепте білім алдым. 11-сыныпты бітіріп, 2020 жылы Шымкент қаласындағы жоғары медициналық колледжге «Емдеу ісі»мамандығы бойынша оқуға түстім. 2023 жылы оқуды бітіріп, қолыма диплом алған соң қыркүйек айында Қазығұрт аудандық орталық ауруханаға қатардағы фельдшер маманы болып жұмысқа тұрдым. Медицина саласын таңдау – өз қалауым болды. Өзімнің атам талай жылдар бойы фельдшер болып жұмыс жасаған. Бала күнімнен осы саланың қыр-сырын естіп, көріп өстім десем болады. Атам арқылы осы салаға қызығушылығым оянды. Отбасыма келер болсам, ата-анам, үш інім және екі қарындасым бар. Үйдің тұңғышымын.
– Әскер қатарына қосылу – өз еркіңіз болды ма? Әлде жалпақ тілмен айтқанда «военкомат» деп жатамыз ғой. Сол жақтан шақыру келген соң баруға тура келді ме?
– Әрине, әскерге өз еркіммен келдім. Отан алдындағы борышты өтеу – кез келген азаматтың парызы деп білемін.
– Негізі медициналық колледжде білім алғандарға дипломмен бірге әскери билет те беріледі деп естуші едік…
– Бізге тек қыздарға беріледі, ал ер балаларға әскери билет берілмейді деп айтты. Ал жігіттер барлық ер азаматтар секілді әскерде борышын өтеп, қолдарына билет алады. Шынымды айтсам, мен өзім әскерге шақыру қашан келеді деп күтіп жүргенмін. Колледжде оқып жүргенімде бір рет шақыру келген болатын. Бірақ ол кезде оқуымды тастап кете алмадым. Сосын еш хабар болмады. Оқуды бітірдік. Бір топта оқыған курстарымның біразы әскерге кетіп қалды. Жұмысқа тұрдым. Бір күні 1414 нөмерінен әскерге шақыру бойынша СМС келді. Ол кезде кезекшілікке түсетін күнім еді. Бара алмадым. Содан соң «военкоматтағылар» жұмысқа келіп, сұрап алып кетті. «Барасың ба?» деп сұрады. Бірден баратынымды айттым. Тұрақты түрде жұмыс істеп жүрген соң әскерге бару немесе бармау деген сияқты менде таңдау болды. Бірақ еш ойланбастан шешім қабылдадым.
– Үйіңіздің тұңғыш ұлы екенсіз. Ата-анаңыз сіздің бұл шешіміңізді қалай қабылдады? Райыңыздан қайтарғысы келмеді ме? Себебі жасыратыны жоқ, соңғы жылдары көптеген ата-анана балаларын әскерге жіберуге қарсы болып, алып қалудың түрлі жолдарын іздеп жататынын естіп те, көріп те жүрміз.
Ділмұрат Сәлібеков: Жоқ, ата-анам «Таңдау – өз еркіңде» деп бірден айтты. Ол кісілер балаларының кез келген шешімін әрқашан қолдайтын жандар. Дегенмен әкем «Балам, барып қайтқаның дұрыс. Ол сенің — Отан алдындағы борышың» деп әкелік кеңесін берді. Осылайша ата-анамның ақ батасын алып әскерге аттандым.
– Әскер қатарына қашан қабылдандыңыз?
– Былтыр 11 желтоқсан күні жолға шықтық. Бірден Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімнің 3-ротасы 9-взводына келдік. Осында бір ай оқу-жаттығудан өттік. Биыл қаңтардың 20-сында ант қабылдап, сол бөлімшенің Атбасардағы 4 атқыштар ротасына қабылдандым. Қазіргі таңда сонда әскери бөлімде борышымды өтеп жүрмін.
– Әскери өмірге үйренісу қиын болған жоқ па?
– Алғашында кішкене басқаша сезім болды. Не дегенмен бөтен қала, оның үстіне Көкшетауға бұрын-соңды келмегенмін. Әскери қалашықты, біркелкі формадағы әскерилерді көріп ертерек солардың қатарына қосылуға асықтым. Командир, сержант, аға сарбаздарға, барлығына рахмет. Жас сарбаздарды жақсы қабылдап, бірден үйренісіп кетуімізге сол кісілердің үлкен көмегі тиді деп айта аламын. Әрине, мұнда келгендердің барлығы бірден үйренісіп кетті дей алмаймын. Ол әр адамның өзіне байланысты ғой. Мәселен, түске дейін ұйықтап үйреніп қалған үйінің ерке балалары алғашында аздап қиналуы мүмкін.
– Осы ретте әскердегі «дедовщина» туралы сұрағым келіп отыр. Бұл ұғым әлі де бар ма?
– Әскерге келер алдын менде де «қалай болар екен» деген сияқты қорқыныш болды. Енді түрлі оқиғаларды естіп жүрміз ғой. Ауылда әскерге бармаған екі сыныптасым бар еді. Сенесіз бе «военкоматтағы» кісілер екі досымды алып, үшеуміз әскерге бірге барып келуге болатынын айтты. Бірақ екеуінің де ата-анасы қорқатындарын алға тартып, рұқсатын бермеді. Осылайша олар әскерден қалып қойды. Қазір екеуі де жұмыс істеп жүр. Негізі өзім де әскерде аға сарбаздар кейінгі келгендерге тиіседі, әлімжеттік көрсетеді деп ойлап келгенмін. Бірақ шүкір, ондайды көрген жоқпын. Қайта біздің взводтағы аға сарбаздар кішілеріне ақылдарын айтып, бар білгендеріп үйретіп жүрген жайы бар. Негізі «дедовщина» деген бұрынғы заманнан қалып қойған ұғым деп айтар едім. Өз басым ондайды көрмедім.
– Армия адамды өзгертеді деп жатады. Келісесіз бе?
– Иә, толықтай келісемін. Әскер адамды тәртіпке, тазалыққа, түзу жүруге, артық қылықтан аулақ болуға үйретеді. Қысқасы, бойыңа нағыз ер азаматқа тән қасиеттерді сіңіріп, тәрбиелеп шығаратын, өмір ағымына сай қалыптастыратын мектеп деп айтуға болады. Әрине, бірінші кезекте елге, Отанға деген сүйіпсеншілікті оятып, нағыз патриот етіп тәрбиелейтін орта.
– Әскердегі тамақтандыру жағы қалай?
– Тамақтары өте жақсы. Барлығы дәмді, әрі ыстық күйінше беріледі. Мәселен, күні кеше кешкі асқа қуырылған балық, шұжық пен ірімшік және негізгі ас ретінде бір порция тамақ берілді. Ал түскі уақытта екі түрлі тамақ. Күнделікті бір тағам емес, ас мәзірі ауысып тұрады. Қысқасы, әскерде қарнымыз аш жүрген жоқ.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы