ТҮРКІСТАН: ӘСКЕР АДАМДЫ ТӘРТІПКЕ ҮЙРЕТЕДІ — 2


– Әскердегі бір күніңіз қалай өтеді?
– Күн сайын сағат таңғы 6-да ұйқыдан тұрамыз. Төсектерімізді жинап, кейін жуынамыз. Содан соң таңғы жаттығуға кірісеміз. Белгіленген қашықтықта жүгіреміз. Сағат 8-де таңғы асқа отырамыз. Ас ішіп болған соң түскен дейін әскери жарғы аясында жауынгерлік сабақтар өтеміз. Кейін түскі тамақтану уақыты болады. Ары қарай тағы да сабақтар жалғасады. Оған қоса әскери бөлімше аумағын қардан тазалау деген сияқты ішкі шаруаларды атқарамыз. Бұл жерде айта кетейін, егер сарбаз күзетке түсетін болса, онда ол түскі уақыттан бастап тынығып алу үшін босатылады. Ал кешкі уақытта қызметке шығады. Біздің әскери бөлімше Атбасардағы түзеу мекемесіне жақын орналасқандықтан біз сол мекемені күзетеміз. Күзетке кезекпен түсеміз. Кестеге сай бекітілген бірнеше сарбаз әр үш сағат сайын ауысып, бір тәулік сол жерді күзетеді. Келесі күні кезек ауысады.
Сәрсенбі, бейсенбі күні жаттығу жұмыстарына қосымша жүктемелер беріледі. Турникке тартылу, темір көтеру деген сияқты қосымша жаттығулар жасаймыз.
Кешкі сағат 7-де кешкі ас ішеміз. Сағат 22.00-де ұйқыға жатамыз. Ал оған дейінгі уақытты өз қажеттілігімізге жұмсаймыз. Алдымен киімдерімізді реттеп, жуынуға түсеміз. Содан соң теледидардан елде болып жатқан жаңалықтарды көреміз. Ара-тұра кино қараймыз. Сағат 21.30-да ротада жаппай тексеру-бақылау жүргізіліп, кейін ұйқы уақыты басталады. Ал сенбі мен жексенбі күндері әскердегі режим өзгереді. Ұйқыдан ояну мен ұйқыға жату уақыты солай қалғанымен, бұл күні сарбаздарға демалыс беріледі. Гитарада ойнаймыз, түрлі концерт қоямыз. Оның барлығы акт залында өтеді. Керек заттарымызды алу үшін әскери бөлімше маңындағы дүкенге барып келуге рұқсат беріледі.
– Әскерде медициналық алған біліміңіздің көмегі тиіп жатыр ма?
– Ант қабылдамас бұрын оқу-жаттығу өттік деп айттым ғой. Сол кезде қатарлас жауынгерлер шағымдарын айтып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп жүрдім. Қазір де осы жердегі медицина мамандарына қолдан келгенше көмек көрсетіп жүрмін.
– Сағынышты қалай басып жүрсіз? Жалпы әскерге келгеннен кейін қанша уақыттан соң үйдегілерді сағындыңыз?
– Алғашында бәрі қызық, білгің, үйренгің кеп жүреді. Оқу-жаттығудың соңғы күндерінде, яғни ант қабылдау рәсімі жақындаған сәтте ата-анама, бауырларыма, туыстарыма деген сағыныш сезімі байқала бастады. Ант қабылдайтын кезде ауылдан әкем келіп, қасымда болды. Командирлерден рұқсат алып, екі күн әкемнің қасында болып, сағынышты бастым (күліп). «Жақсы қызмет атқарып, аман-есен орал. Уайымдама, нағыз еркек боп шығасың» деп ақыл-кеңестерін айтты. Шыны керек, асқар тау әкемнің сол сөздерімен еш алаңсыз жүрмін ғой. Тіпті телефон арқылы әр сөйлескен сайын әкем мотивациялық тұрғыда жігерлендіріп отырады.
– Ата-анаға баласын әскерге іздеп келіп, демалыс уақытын алу үшін қаншалықты жиі рұқсат беріледі?
– Туыстармен кездесуге шектеу жоқ. Командирлер сенбі, жексенбі күндері ата-анаң, бауырың, ата-әжең деген сияқты жақын туыстарың келіп тұрса болады деп айтқан. Еш алаңсыз рұқсат беріледі. Сыртқа шығып, күні бойы солардың қасында жүруге де рұқсат. Бастысы, кешкі сағат 5-6 шамасында ротада болу керек.
– Туыстарыңызбен телефон арқылы сөйлесуге аптасына неше рет рұқсат беріледі?
– Әскерде ұялы телефон қолдануға тыйым салынған. Сол үшін бөлімшеде таксофон құрылғылары орнатылған. Қателеспесем, бізде қазір 8 таксофон бар. Сол арқылы сенбі, жексені күндері кез келген уақытта туыстарымызбен сөйлесе аламыз. Ал аптаның өзге күндері сабақ пен жаттығудан тыс, бос уақытта хабарласуға рұқсат.
– Естуімше, сарбаздар әскерден қайтатын күнді тағатсыздана күтетіні соншалық, тіпті күнтізбе алып, «қайтуға осынша күн қалды» деп белгілеп жүреді екен. Сіз де солай жасап жүрсіз бе?
– Бізде бар ондай сарбаздар, бірақ аз. Өзім күн санап жүрген жауынгер емеспін. Бізге сержанттар уақытты санауға болмайтынын, бастысы бар күш-жігерді қызметке, ортаға жұмсау керектігін үнемі ескертіп отырады. «Сол кезде уақыттың қалай тез өтіп кеткенін байқамай қаласыңдар» дейді. Расымен де солай сияқты. Күні кеше ғана ант қабылдаған сияқты едім. Алла қаласа, осы жылдың желтоқсанында үйге қайтамын.
– Командирлеріңіз қатты қатал ма?
– Қатал емес, адами тұрғыда біздің бәрімізді түсінеді. Бастысы, тәртіпті талап етеді. Егер тәртіп болмаса, әрине, қаталдық танытуы керек.
– Әскерде болған қызықты бір оқиғамен бөлісіңізші…
– Мұндағы әр күннің өзіндік орны бар. Ондай сәттер жиі боп тұрады. Осы жақында Халықаралық әйелдер мерекесіне орай біз концерт ұйымдастырдық. Оған әскердің іс-қағаздарымен жұмыс істейтін, асханада еңбек ететін және жақын маңдағы түзеу мекемесіндегі қыз-келіншектерді арнайы шақырдық. Бұл мерекеге біз қатты дайындалдық. Бәріміз өнерлерімізді ортаға салдық. Біріміз гитарада ойнадық, енді біріміз жанды дауыста ән шырқадық. Ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқып, тіпті биді де биледік. Өте әсерлі кеш болды. Нәзік-жандылар қатты таң қалып, Ұлыстың ұлы күні мерекесінде дәл сондай концерт күтетіндерін айтты. Ол мерекеге де санаулы күндер қалды. Дайындықты бастаймыз.
– Қатарлас жауынгерлер арасында жан-дүниеңізді түсінетін достар тауып үлгердіңіз бе?
– Иә, көптеген достар таптым. Арасында өзге ұлттардың өкілдері де бар. Барлығымен тез тіл табысып кеттім. Бәріміз әскерге бір мақсатпен келдік қой. Сондықтан жан дүниемізді жақсы ұғамыз. Әскерден қайтқан соң да арадағы байланысты үзбеуге, Алла қаласа, бір-біріміздің үйлену тойымызға баруға ниеттеніп отырмыз. Негізі әскер – елдің түкпір-түкпірінен достар табуға мүмкіндік беретін орын екен.
– Қай өңірден келген сарбаздармен тіл табысу оңайға түсті?
– Барлығымен жақсы қарым-қатынастамын. Бірақ әскерге келе сап Ақтөбе, Атыраудан келген батыстың жігіттерімен бірден жақсы араласып кеттім.
– Алдағы уақытта өміріңізді әскери саламен байланыстырғыңыз келе ме? Мәселен, келісімшартпен әскери қызметші болып қалу…
– Ондай ой жоқ. Себебі бала күнгі арманым – медицина маманы болу. Ол үшін кәсіби білім де алдым. Енді сол мамандық бойынша жұмысымды ары қарай жалғастырғым келеді. Оған қоса әскерге келгенге дейін фельдшерлік қызметтен бөлек бос уақытта тойларға шығып, асабалық қызметті қосымша табыс көзі ретінде атқарып жүрдім. Бұйыртса, сол саланы да қатар алып жүрсем деймін.
– Соңғы сұрақ, әскерге барғысы келмейтін дені сап сау жігіттерге не айтар едіңіз?
– Иә, ондайлар бар. Негізі кез келген ер азамат елі, жері, өзі үшін әскерге барып келгені дұрыс дер едім. Біріншіден: бұл Отан алдындағы борышты өтеу болса, екіншіден: дисциплинаға үйренеді. Армияда тәртіп бар, бастысы. Сондықтан жас жігіттерді еш қорықпастан келіп, әскери борышты өтеуге шақырар едім. Тәртіпке бағынсаң, болды. Ешкім ешкімге тиіспейді. Әскерге бармаған адам әскердің қандай екенін білмейді. Сондықтан оны өз көзімен көру керек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы