Отанды қорғау ердің ісі деп жатамыз. Солай десек те, туған жерін қорғаудағы ақ жаулықты аруларымыздың да қосқан үлесін жасыра алмаймыз. Тарихтағы Томирисіміз, Бопай ханым, күні кешегі сұрапылдағы Әлия мен Мәншүкті ауыз толтырып айта аламыз. Бүгінде бейбіт күннің Мәншүктері арамызда жетіп артылады. Олар әскери жолды таңдап, мамандығымен мақтанады.
6637 әскери бөліміне іс-сапармен барған сәтімізде штабтың аудармашысы сержант Ботакөз Құлбаевамен танысқан болатынбыз. Әскери бөлімдегі тәжірибелі мамандардың бірі. Әскери қызметі биыл аяқталуға шақ қалғанымен жұмысқа жаңа келген әскери қызметкердей талпыныспен қызмет атқарады. «Мұның сыры неде?» дейтін сауалымызға кейіпкеріміз былай деп жауап берді.
– Жалпы тағдырыма дән ризамын. Әскер – менің тағдырым. Саналы ғұмырымды осы салаға арнадым. Қызықты да күрделі күндерім құқықтық тәртіп әскерінде өтті. Биыл бұйырса құрметті еңбек демалысына шығамын. Алдымда қызықты сәттер көп күтіп тұрғанына кәміл сенемін. Өйткені, адамға берілген мүмкіншіліктер көп. Адам әскери қызметті лайықты өткеруі тиіс деп білемін. Ол үшін өмірге дұрыс көзқараспен қарағаны жөн. Менің балалық шағым молда Сейітбаттал атамның қолында өтті. Әкем Қазбек физика-математика пәнінің ұстазы болды. Өкінішке орай, мен бала кезде өмірден өтті. Атам мен әжем мені өз қолдарына алды. Жоғарыда айтып өткендей, Сейітбаттал атам иманы күшті адам болатын. Құдайға сиынып, үнемі дұғада болатын. Осы үлкен кісілер маған ұлттық дәстүрге негізделген лайықты тәрбие берді. Адам баласы жаратқанға сыйынып, өз болашағынан ешқашан күдер үзбеуі керек. Ол қиыншылықтарды жеңу арқылы дамиды, жетістіктерге қол жеткізеді. Үнемі бір орында тоқырап қалмай еңбектену, ізденуі тиіс. Сонда ғана өмірі жақсарады. Әскери қызметте жүріп те, қай жерде болмасаң да бақытты болуға болады, — дейді ол.
Кейіпкеріміздің арғы атасы Құлбай Майлыбаев заманында озық ойлы сауатты адам болған. Қызыл қасірет жылдары репрессияның қынабына ілініп, жазықсыздан атылып кеткен. Ұлы Сейітбаттал Кеңес өкіметі қанша қысым жасағанымен діннен бас тарпай, бес уақыт намазын қаза қылмаған жан. Осындай зиялы аталарынан тараған ұрпақ өздерінің өмірін әскери саламен байланыстырған. Аталас бауырлары Құлбаевтардан төрт полковник шығыпты. Олар – Еркеш, Жеңіс, Марат, Азамат Құлбаевтар. Оның екеуі Ұлттық ұлан қатарында қызмет атқарған. Қалғандары Қарулы Күштерде Отан алдындағы борышын өтеген.
– 2007 жылы өз өмірімді әскери саламен байланыстыруға бел будым. Ағайындардың барлығы әскери салада. Полковник Жеңіс Құлбаев «Орталық» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары қызметінде еді. Мен әскери адам болатынымды білдім. Ағаларым маған әскери саланың оңай емес екенін түсіндірді. Тіпті алғашқы қызметімді «жылы» кабинеттен емес, сонау Қостанай облысы Құсмұрын елдімекеніндегі ҚАЖ мекемесіндегі қарауылдан бастадым. Жеті жыл жауынгерлік қызметтің алдыңғы шебінде тұрдым. Болған адамдар біледі, ол жердің ауа райы қандай екенін. Ауылдан жұмыс орнына дейін тас жол жоқ. Қыстыгүні борандатып, барлығымыз бірге жұмысқа шығамыз. Кейде бірге үйге жұмыстан қайтамыз. Тылдық қамтамасыз ету жағы әлсіз. Соған қарамастан қызметімізді үлгілі атқардық. Нағыз жауынгерлік жанұя болдық. Сондағы бар ойым сенім білдірген ағайынның сенімін ақтау, ешкімді сөзге келтірмеу, қызметімді лайықты атқару еді. Осылайша жеті жыл қарауылда қызмет атқардым, – дейді кейіпкеріміз.
Ботакөз Қазбекқызы сынақтардан сүрінбей өтіп, Қостанай қаласындағы 6697 әскери бөліміне ауысты. Ол жерде үлгілі қызметімен көзге түсіп, Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөліміндегі бүгінгі
қызметіне тағайындалады.
Қызметтің ыстық-суығына әбден ысылған кейіпкеріміз бір саламен шектеліп қалған жоқ. Қалада өтетін әр түрлі тренингтер мен сабақтарға қатысып, қосымша білім алады. Жаңа мамандықтар мен кәсіптерді үйренеді. Адам ретінде және жалпы маман ретінде де ізденіс жолында. Өз күшімен қаражат жинап, Петропавл қаласынан көптен күткен пәтерді де сатып алды. Болашақта ел жүрегі –Астана қаласына барып тұрақтасам дейді. Құрметті еңбек демалысындағы қалған ғұмырын осы бір қалаға арнағысы келеді. Ұлы Асанәлі болашақта үлкен азамат болып өсуіне бар күш-жігерімді жұмсасам дейді. Асанәлі анасының айтқанын тындайтын тәрбиелі бала. Өзі каратэмен айналысады. Болашақта әйгілі Мұстафа Өзтүрік атасы секілді қара белбеуді иеленгісі келеді. Ботакөз Қазбекқызы үйінде аяулы ана, қызметте сенімге селкеу түсірмейтін қарулас дос.
– Әскери қызметте үйренгенім – тәртіп. Адам баласының өмірінде тәртіп бірінші кезекте. Барлық жақтан тәртіп болуы керек. Әскери қызметте де, жеке өмірде де барлығы тәртіпке бағынғаны абзал. Қызметте басшылық бар, ол жауынгерлік қызметке жауапты тұлғалар. Онымен шектелмей адам өз бақытын өзі жасауы керек.
Былайша айтқанда, өз бақытыңның сәулетшісі өзің болуға тиіссің. Менің ойым осындай. Мемлекет межелеген мерзімді лайықты атқарып шық та, қалғанын өз қолыңа ал. Ендігі арманым –Астана қаласында үйлі болып, сол қаланың тұрғыны атану. Жаңа мамандықтарды игеру. Адам баласы бір орында тұрмай, жаңашылдыққа ұмтылғанда ғана қажетті, жаңа мүмкіндіктерді пайдаланғанда ғана қоғамға пайдалы, жалпы бақытты болады. Ең бастысы арманға адал болу, – дейді ол.
Иә, көзі қарақты оқырман, әлеуметтік желі белең алған заманда біреудің жалт етіп шыққан сәтіне куә боламыз. «Неге?» дейтін сауалға да берілеміз. «Бұл қалай, қандай жолдан өтті?» дейтін сауалдардың тереңіне «неге?» бойлай бермейміз. Кезкелген сәттіліктің артында төгілген тер мен ерең еңбек жатыр. Өмірге құштар жандар бақыттың кілтін табар. Нәзік жанды кейіпкеріміз осының нақты дәлелі.