ТҮРКІСТАН: ӘСКЕР САЛАСЫНА ЦИФРЛЫҚ ЖОБАЛАР ЕНГІЗІЛУДЕ — 2


Әскерге шақыру маусымына бірнеше құзырлы мемлекеттік органдар қатысады. Атап айтқанда Ішкі істер министрлігі әскерге шақырылушыларды жинау және жеткізуде полиция қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін жүзеге асырады.
Көлік министрлігі запасқа шығарылған мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мен әскерге шақырылушыларды тасымалдауды қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Қорғаныс министрілігі, Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарды, сондай-ақ запасқа шығарылған әскери қызметшілерді тасымалдаушыларды республикалық бюджетте көзделген қаражат шоттары негізінде тасымалдауға арналған шығынды өтейді.
Айта кетсек, 2025 жылы 915 запастағы офицер әскери қызметке шақырылады.
Осы ретте былтыр Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев отандық әскер саласында енгізіліп жатқан цифрлық жобалар туралы айтқан болатын.
«Күзгі әскерге шақыру бойынша 400 мыңнан астам адам міндетін өтеуді кейінге қалдырды. Ал көктемгі әскерге шақырумен қоссақ барлығы 700 мың адам әскери міндетін өтеу кейінге қалдырылды. Олардың қатарында студенттер, мүгедек жандар, үйленген, балалары бар азаматтар бар. Одан бөлек, депутаттар мен дін қызметшілердің де әскери міндетін өтеуді кейінге қалдыру құқығы бар, бірақ олардың саны аз», – деген еді Дархан Ахмадиев елордада өткен Digital army day іс-шарасы барысында.
Оның айтуынша, депутаттар мен дін қызметшілері әскери міндетін өтеуді кейінге қалдыру процесін eGov порталы арқылы онлайн рәсімдейді.
«Ал әскерге шақырылатын қалған санаттағы азаматтарға бұл қызмет проактивті форматта қолжетімді. Сонымен қатар енді әскерге шақыру sms-хабарлама (1414) арқылы жіберіледі, дегенмен қағаз түрінде әскери шақырту қолданыстан алынбайды, себебі кейбір азаматтардың ұялы телефон нөмірі базада тіркелмеген. Дегенмен алдағы уақытта толықтай цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр», – дейді ол.
Айта кетсек, бүгін елордада Digital army day 2024 іс-шарасы өтті, ол жерде Қорғаныс министрлігінің цифрлық трансформациясы таныстырылды.
Сонымен қатар министр әскери бөлімдерде бейнебақылау камераларының саны артатынын айтты.
«Бейнебақылау камералары тәуекелді азайтады, яғни жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз (суицид) санын азайту және жою үшін әртүрлі құралдарды қолданып жатырмыз. Бейнебақылау камераларын орнату әскердегі өлім-жітімді бірнеше есе азайтады. Қазір барлық бейнекамераны түгендеу жүргізілуде. Әсіресе жасанды интеллектінің көмегімен жұмыс істейтін бейне бақылау камераларға басымдық беріледі», – деді Дархан Ахмадиев елордада өткен Digital army day іс-шарасы барысында.
Бұған дейін министрдің орынбасары әскери тәртіпті бұзған немесе әскери жарғы талаптарын орындамаған сарбаздар жасанды интеллект арқылы анықталатынын айтқан еді. «Жасанды интеллект технологиясы аясында бейнежазбаға талдау жасау жүйесін енгізудің қанатқақты жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба арқылы әскери объектінің қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, бөгде адамдарды анықтау, автокөлік нөмірін тану, адамдар топталып жинала бастағанын анықтау, қару сақтау бөлмесінде бақылауды күшейту, әскери объекті мен қоймалардың периметрін қорғау қамтамасыз етіледі», – деді Д. Ахмедиев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Бұл тұрғыда тілшілер әскери бөлімдердегі дәретханаға жақын орналасқан дәліздерде қосымша бейнекамералар орнату мүмкіндігі туралы сұрақ қойған-ды. «Әскердегі тәртіпті бұзу әрекеттері жиі болып жататын орындарда қосымша камералар орнатыла ма?» деп сұрады тілшілер. Өз кезегінде Дархан Ахмедиев бейнекамерамен қамтылған аумақтарға қатысты тиісті зерттеу жүріп жатқанын айтты. Бұл ретте әскери полициямен бірлесе қосымша камералар орнатылатын орындар айқындалып жатыр.
«Тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізіліп, осыны әскери бөлімшелерде орындау міндеттеледі. Біз бейнекамералар мен техникалық қауіпсіздік құралдарын сатып алуды орталықсыздандырдық. Қазір әскери бөлім жоғары тұрған органға қарамастан өз бетінше қажет инфрақұрылым жабдықтарын сатып алып, жаңарта алады», – деді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, жасанды интеллект бейнебақылау жүйесі арқылы әскердегі заңсыздықты анықтайды.
«Дәретхананың ішінде ешкім камера орнатпайды, бірақ дәліздерде камералар болады. Сонымен қатар барлық түсіріліп жатқан бейнежазбаны зерттеу үшін жасанды интеллект енгіземіз. Сарбаздар топталып жиналса немесе адамдар белгілі бір уақыт аралығында назардан тыс көрінбесе, онда осы жүйе кезекшіге де, жоғары тұрған органдарға да сигнал береді. Мұнымен қоса, бұл жүйеге әскери полиция өкілдері қосылады», – деді Дархан Ахмедиев.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы