ТҮРКІСТАН: ӨМІРІН ӘСКЕР ӨЗГЕРТКЕН ЖАС


Бұл жігіт бала күнінен тұрмыстың қиыншылығына арқа тосып, еңбекке ерте араласты. Өзгелер ойын алаңында уақыт өткізіп жүргенде, бұл мақта мен жүгері жұлып жүрді. Ата-анасына қолғабыс, бауырларына қамқоршы болды. Қалай Ұлттық ұлан сапына қосылды, солай еңсе тіктей бастады. Сондықтан әскер оның өмірін өзгерткен жаңа арна іспетті. Біз бүгін оқырман қауымды әскери өмірдің бастапқы қадамын байыппен басып келе жатқан cержант Шахрухқожа Абдуразаковпен таныстырмақпыз.
3660 әскери бөлімінің 2 атқыштар ротасы 4 взвод 2 бөлімшесінің командирі cержант Шахрухқожа Абдуразаков 2001 жылы 8 желтоқсанда Түркістан облысы Мақтарал ауданы Береке ауылында өмірге келген. Сол жердегі мектепте білім алған.
Шахрухқожа бұғанасы қатқан сәттен бастап мақта алқабында жұмыс істейді. Сондай күндердің бірінде оның қолына әскерге шақыру қағазы тиеді. Кейіпкеріміз көпке созбай әскери комиссариатқа барады. Сөйтсе, оны бірнеше күн ерте шақырып қойған. Әскерге шақырылушылардың жасына толуы үшін әлі бірнеше күн бар. Амал жоқ, кері қайтады. Жағдайдың бұлай өзгеруіне Шахрухқожаның шынай туған күні мен құжаттағы туған күнінің сәйкес келмеуі әсер етсе керек. Бірнеше күннен кейін оны қайта шақырады. Әскерге барамын деп бел буған жас жігіт бұл жолы дос-жарандары мен қоштасып, әскери комиссариатқа қайта келеді. Екінші талпынысы да сәтсіз аяқталады. Тек үшінші мәрте келгенде ғана аудандық әскери комиссариаттан Шымкент қаласының әскери комиссариатына жіберіледі. Міне, сол жақта оның жолы болып, Талдықорған қаласындағы Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің 3 ротасына қосылады.
– Мектеп қабырғасында арманымыз жайлы шығарма жазған кезде үнемі әскери адам болғым келетінін қағазға түсіруші едім. Оқу үлгеріміме байланысты айтса керек, ұстазым менің болашағыма күмәнмен қараушы еді. Оқушы кезімде мүлде кітап бетін ашпайтын, оқуға ынтасыз адам болған жоқпын. Десе де үздік сыныптастарымның қатарын толықтыра алмағаным рас.Өйткені, маған жаратылыстану бағытындағы кейбір пәндер қиындық тудырған еді. Мені спорт көбірек қызықтырды. Абырой болғанда, әскер қатарына қабылданып, әскери салада қызмет етудің сәті түсті, — деді сержант.
Осылайша, оның арманы орындала бастады. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып шықты. Қызмет барысында ерлік әрекеттерімен де көзге түскен. Уақыт өте өз ісіне мұқият, шаруаға тиянақты қарайтын маман болып қалыптаса бастады.
– 9 сынып оқып жүргенде ағам мен қарындасым, інім және әке-шешем бар — бәріміз өзімізге үй сала бастадық. Сол кезде қаражат жағынан мәселелер туындады. Cондықтан үйдегі төрт адам жұмысқа шықтық. Бір күндік жұмысқа жалданатынбыз. Ақшаға жүгері алқабында жұмыс істеуімізге тура келді. Сондай күндердің бірінде жүгері арасында отырып, бүгінгі хәлімізге налыған едім. Ыстық күннің астында әке-шешем, бауырларыммен жұмыс істеп, күн көріс қамын күйттеп жүргенімізге кейіп кеттім. Сол сәтте жаныма анам жақындап, жабырқаулы жүзіме сұраулы жүзбен қарайтын. «Үйіміздің шаруасы болса тұралап қалды. Ағам оқуға түссе, оған да ақша керек. Әне-міне дегенше мен де оқу бітіретін уақыт таяп қалды. Мұның бәріне шамамыз жетпесе қайтеміз?» деп мұң шаққаным есімде. Сонда шешем: «Бұл құдайдың бізге берген сынағы болар. Алла сынақты көтере алатын құлдарына ғана береді. Жақсылықтан үміт үзбейік, балам» деп жұбататын. Сол сөзіне сендік. Адал жұмыс істедік. Адалдық дегеннен шығады. Сол күні жұмыстың бәрін аяқтап, үйімізге кеткен едік. Кешкісін үйге жұмыс берушіміз келіп тұр. Ащы судан аздап ішіп алғаны білініп-ақ тұр. Әкемді іздеп келген екен. «Шермат, ала таңнан атқарған еңбектеріңнің ақысын алып келдім» деп қолына 40 мың теңге ақшаны ұстатты. Негізі біз 20 мың теңгеге келіскен едік. Әкем артық ақшаны жұмыс берушіге қайтарып берді. Ол кісі болса, «ал да ал» дейді. Оны көрген мен де әкемді иландыруға көштім: «Өз ықтиярымен беріп тұрған ақша ғой. Ала берсеңізші, әке» деп сөзге киліктім. Бірақ ол сөзіме құлақ асқан жоқ. «Қой, балам! Құдай көріп тұр!» деген әкеміз жарты ақшаны ғана алды. Сол 20 мың теңгеге шешеміз үйдегі төрт балаға киім-кешек, оқу құралдарын алып берді. Бір-біріміздің киімімізді киіп, бір-біріміздің құралымызды қолданып, мектепке барып жүрдік. Туыстарымыз да қол ұшын созып тұрды. Әке-шешеміздің осындай жанашырлығын сезініп, әлгіндей адал тәрбиесін бойымызға сіңіріп өстік. Бұдан жаман болған жоқпыз деп ойлаймын. Отбасымызбен жұмылып жұмыс істедік. Жиналған ақшаны үйіміздің құрылысына жұмсай бастадық. Тәуба, өзіміз есейген сайын, тұрмысымыз да түзеле бастағандай болды, — деді өткен күндерді еске алған Шахрухқожа Шерматжанұлы.
Оның спортқа деген қызығушылығын байқаған әкесінің досы үнемі бокспен шұғылдануға шақыратын. Өкінішке қарай, спорттың бұл түрімен айналысуына әке-шешесі қарсы болған. Баласының кемтар болып қалуынан қорықса керек. «Мертігіп қалсаң, мына жұмыстың бәрін кім істейді?» дейтін. Деуін десе де әке жүрегі ұлының спортпен шұғылданғанын іштей жөн санайтын. Кей кездері рұқсат та беретін. Бокс үйірмесі көршілес Көкарал ауылында болатын. Кейіпкеріміз тиіп-қашып болса да спортпен де шұғылдануға тырысты. Бірақ анасы қарсылық танытудан тайынбады. Жүйрік жылдар жүйткіген сайын тұрмыстық қиыншылыққа қарамастан оқуын да бітіріп шықты. Сосын әскерге аттанды. Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімінің сарбазы атанды. Осы жерде оның жұлдызы жанды десе де болады. Өйткені, мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіндік пайда болды. Нәтижесі де жаман болған жоқ. Әскери бөлімде жекпе-жек ұрыстан өткен жарыста ІІ орын иеленді. Осыдан кейін оның спорттағы жетістіктері көбейе бастады.
– Үйдегілерге ауыртпалық түспесін деген ниетпен Әскери ант беретін ресми шараға ата-анамды шақыртпадым. Дамир есімді қарулас жігіттің анасы сыртқа шығарып, қыдыртып әкелгені бар…
Әскерден кетерімде аға лейтенант болып жүрген рота командирі Керей Ержан бізден келісімшарт бойынша қызмет етуге ниеттілер бар-жоғын сұрады. Бірден қалғым келетінін айттым. 5514 әскери бөлімінде жұмыс істегім келген. Бірақ ол жерде қызмет ету бақыты бұйырмады. Мені Заречный кентіндегі әскери бөлімге бағыттап жіберді. 3660 әскери бөліміне келгенде мен РХБЗ ротасының бөлініс бастығы, көлік басшысы лауазымына тағайындалдым. Бірнеше айдан кейін батальон сержанты аға сержант Ыхтияр Жалалов бөлімше командирі болып қызмет етуді ұсынды. Осыдан соң мені Қаракемерге оқуға жіберді. 2 айдан соң оқуымды ойдағыдай аяқтап келдім, – деді бөлімше командирі.
Бүгінде оның ағасы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жақын күндері шетелге шығу үшін визасын күтіп жүр. Ал інісі Жетісайдағы медициналық колледжде фельдшер мамандығы бойынша студент. Қарындасы болса үйде қалған ата-анасына қолғабыс етіп жүр.
Сержант Шахрухқожа Абдуразаков болашақта арнайы жасақ қатарына қосылғысы келеді. Қазіргі уақытта сол бағытта талаптанып жүр. Мақсаты айқын азаматтың бұл жоспары да жүзеге асары сөзсіз.
Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
Астана — Алматы облысы — Астана

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы