ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДЕГІ ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ ҚАРҚЫНДЫ


Былтырғы жыл қорытындысымен өңірдегі 832 елді мекеннің 739-ы немесе 88,8 % ауыз сумен қамтамасыз етілген. Оның ішінде, қалаларда қамту деңгейі 99,8 % (7 қала, 518,4 мың адам), ауылдық елді мекендерді қамту дңгейі 97 %-ды (732 елді мекен, 1 546,6 мың адам) құрайды. Сонымен қатар облыс елді мекендерін 100 % ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімдігімен «Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары» бекітілді. Жоспарға сәйкес, облыстағы 113 елді мекен, яғни 90,6 мың халық 2025 жылы толық сапалы ауыз суға қол жеткізеді.
Түркістан өңірінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы салаларын арнайы техникамен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Таяуда, яғни жыл басында Түркістан қаласында «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне арнайы техникалар тапсырылды.
Арнайы іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы, «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшысының орынбасарлары Анвар Каримов, Урун Озген және облыстық басқарма басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары су саласына жауапты мекеме жетекшілері қатысты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан халқына арналған Жолдауында су тапшылығы мәселесіне ерекше тоқталды. Осы орайда, облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен «Тұран су» мекемесіне қолдау көрсетілуде. Су нысандарын қалпына келтіру, шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету, су басу жағдайларының алдын алу мақсатында аталған мекеме техникалық жарақтандырылды. Нәтижесінде жұмыстарды мерзімінде атқаруға қол жеткіздік. Тәжірибе көрсеткендей, бұл мемлекеттік кәсіпорын жұмысының экономикалық тиімділігі басқа жеке ұйымдарға қарағанда 1,5 – 2 есе жоғары болып отыр. Үнемделген қаржы есебінен былтыр 17 арнайы техника сатып алынып, коммуналдық меншіктегі 680 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Міне, бүгін «Тұран су» мекемесіне – 15, аудан, қалаларға 14 арнайы техника тапсырылып жатыр. Бұл ретте қолайлы келісім жасаған «Eurasian Machinery» компаниясы басқарма басшылығына алғысымды айтамын. Енді аудан, қалалардағы су саласына жауапты мекемелер осы техникаларды тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосады деп сенемін, – деді Ермек Кенжеханұлы.
«Тұран су» мекемесіне 1,3 млрд. теңгеге 15 дана «HITACHI» экскаваторы тапсырылса, аудан, қала әкімдіктеріне құны 756,4 млн. теңге құрайтын 14 дана арнайы техника табысталды. Атап айтқанда, Сауран, Қазығұрт, Сарыағаш, Келес, Сайрам, Бәйдібек, Созақ аудандары мен Арыс қаласына техникалар берілді.
Өңірде 2024 – 2025 жылдары 938 шақырым каналға механикалық тазалау жұмыстары атқарылады деп жоспарланып отыр.
Бұл орайда, Түркістан облысында жалпы егіс алаңы артып, 873,6 мың гектарды құрады. Өңірде көктемгі дала жұмыстары белсенді жүруде. Егістікті әртараптандыруға басым бағыт берілген. Оған сәйкес дәнді дақылдардың егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 15 мың гектарға артып, 335 мың гектарға жеткізілді. Биыл жүгері мен маш өсіруге ниет білдірушілер саны өскен. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің тапшылығын тудырмау мақсатында биыл ерте пісетін қырыққабат, сәбіз пияз бен картоп, бақша дақылдары артты.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды дала жұмыстарын барлық ауданда күшейтіп, өңірде мақта – тоқыма кластерін дамытуға басымдық беруді тапсырған болатын. Жұмысты жандандырып, шаруаларға берілетін көмектердің жылдам әрі жүйелі түрде үйлестірілуі бақылауда болуын ескертті.
Сонымен қатар, шаруаларға берілетін мемлекеттік қолдау көлемі артты. Минералды тыңайтқыштарға 7 млрд.теңге бөлінеді. Қаржыландыру арқылы 10 мың тонна жүгері, 222 гектар жылыжайлар субсидияланады. Қосымша республикалық бюджеттен 8,5 млрд.теңге қаржы бөлу ұсынылды. Мақтаның 1,7 мың тонна шитін, 85 мың тонна жүгері мен 1,6 мың тонна бидайдың элиталы тұқымы субсидияланады. Қаржыландыру арқылы 462,6 млн м3 ағын су арзандатылған бағамен жеткізіледі. 22 мың тонна жуық жанармайға өтінім тапсырылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласын несиелендіру 2024 жылы 13,4 млрд.теңгені құрады.
Өткен жылы 201,7 мың га күздік егіс жиналды. 300 мың гектар егістікке жер жырты жұмыстары жүргізілді. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысының басшысы Нұрбек Бадырақовтың баяндауынша, көктемгі дала жұмыстарына техника толық дайын. 2023 жылы 1382 комбайн, тракторлар мен қосымша құрал – жабдықтар сатып алынды. Облыста 24 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы бар.
Өткен жылдан бастап барлық мемлекеттік қолдаулар субсидиялаудың жаңа ақпараттық жүйесі gosagro.kz веб порталы арқылы тегін жүргізіледі.
Президент өз Жолдауында елдегі су тапшылығының зардабын азайту үшін тиісті сараптамалар мен талдаулар қажет екенін жеткізген болатын.
«Шаруалар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек. Бұл талдаулар әр жылы және орта мерзімді кезеңде судың мөлшері қандай болатынын да қамтуы қажет. Сондықтан бәрін алдын ала жоспарлаған жөн. Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет. Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу», – деді Тоқаев.
Бұл орайда, жаз айында облыс әкімінің төрағалығымен өткен отырыста Түркістан және Кентау қалаларын Мырғалымсай жер асты су кен орнынан ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жан-жақты талқыланған болатын. Оған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Геология комитетінің басқарма басшысы, осы салаға жауапты басшылар, ұңғымаларды бұрғылау жұмыстарын жүргізетін сарапшылар қатысты.
Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, Түркістан облысында барлығы 7 топтық су құбыры және жергілікті су құбыры бар. 608 елді мекеннің басым бөлігі ауыз суды жер асты су көздерінен (ұңғымадан) пайдаланады.
Су құбырымен қамтамасыз етілген 720 елді мекеннің 215 елді мекеніне ауыз су кестемен беріледі. Соның ішінде, облыстың оңтүстік аймақтарда ауыз суға тапшы. Оған жер асты сулары деңгейінің түсуі себеп. Нәтижесінде су қоры азаюда.
Елді мекендерге орталықтандырылған ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін ең алдымен су көздеріне іздеу-барлау жұмыстары жүргізіледі. Уәкілетті органдар, яғни Геология комитеті мен «Оңтүстікқазжерқойнауы» департаменті тарапынан су қоры бекітіліп, жер асты су қорларының көлемі көрсетіледі. Алайда, эксплуатациялық ұңғымаларды бұрғылау кезінде, жеткілікті көлемде су шықпай қалу фактілері орын алуда, дейді мамандар.
Өңірдегі бірнеше қалалар Мырғалымсай жер асты сулары кен орнынан магистральдық су құбырымен қамтамасыз етілуде. 2021 жылы «Геотерм» ЖШС тарапынан жете барлау жұмыстары жүргізіліп, жер асты су қоры бекітілді. Осылайша жылына 40 млн.м3 көлемінде су алу көзделген. Ауыз су 130 метрге дейінгі тереңдікте орнатылған 4 дана су сорғысы арқылы тартылады. Еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс – бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Мемлекет басшысының халықты таза ауыз сумен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлуі түсінікті. Өйткені ауыз судың сапасы ел тұғындарының денсаулығына тікелей әсер етеді. Жалпы, елімізде халықты таза әрі сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы, одан соң 2011-2020 жылдарға арналған «Ақ бұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды. Ал 2021 жылдан бастап бұл мәселе «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының аясында шешімін тауып келеді.
Түбі адамзат баласы таза су тапшылығымен бетпе-бет келуі мүмкін. Яғни ғаламшар тұрғындарының тіршілік нәріне деген сұранысы уақыт өткен сайын еселеніп отыр. Жоғарыда айтып өткеніміздей, облыста халықты ауыз сумен қамтуда кезең-кезеңімен жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олай болса, 2025 жылға қарай облыс тұрғындары толықтай сапалы ауыз суға қол жеткізетін болады деп сенеміз. Бастысы – қолға алынған шаралардың нәтижелі жүзеге асуы маңызды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы