Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында еліміздегі энергетика мәселесі туралы айтты. Жұмыс істеп тұрған 55 жылу көзін жөндеп, кемінде тағы 6,5 мың шақырым инженерлік желіні жаңғырту қажеттігіне баса назар аударды.
Осыған орай Қытай инвесторларының қатысуымен Түркістан облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту мақсатында жел және күн электр станцияларын салу бойынша бірнеше жоба жүзеге асырылады. Жалпы қуаттылығы 1260 МВт электр станцияларын салу үшін Сауран, Созақ, Бәйдібек, Ордабасы және Түлкібас аудандары қарастырылуда.
Осыған дейін Қытай еліне іссапармен барған облыс әкімі Дархан Сатыбалды инвесторларға бірқатар жоба ұсынған болатын. Бүгін өңір басшысы бұл елдің ең ірі компанияларының бірі «Energy China International» вице-президенті Ма Йингин ханым бастаған қытай делегациясымен кездесті. Тараптар бірқатар жобаларды талқылады.
Жел энергиясы ең серпінді дамып келе жатқан жаңартылатын энергия көздерінің бірі екенін алға тартқан инвесторлар бұл бағытта бірнеше сынамалар жүргізілетінін атап өтті.
– Баламалы энергетика – бұл стратегиялық маңызды бағыт, оны дамыту Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ол үшін біздің климат өте қолайлы. Бұл жобалар біздің өңір үшін өте маңызды. Сондықтан жан-жақты қолдау көрсетіледі, – деп атап өтті облыс әкімі.
Шетелдік компания өңірді сумен қамтамасыз ету мақсатындағы ұсыныстарды да қолдады. Облыс әкімі оның ішінде әсіресе ағын су мәселесі өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ Кентаудағы жылыту орталығынына қосымша балама ретінде жаңа жылыту стансасының құрылысын жүргізуге қатысты мәселе жан-жақты талқыланды.
Инвестор жаңа жобалалардың жұмысына жергілікті мамандардың жұмысқа тартылатынын атап өтті және бұл жобалардың уақыт создырмай жүзеге асуына қызығушылық танытты.
Президент Жолдауында энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешу қажеттігі айтылған болатын. Қолдан келгенше өз ресурстарымызға арқа сүйеген абзал екені ескертілді.
Түркістан облысының жері баршамызға ортақ екені жасырын емес, жер халықтың игілігі үшін. Осы орайда Сауран ауданына көршілес аудан ретінде Төлеби ауданындағы энергия мәселесі қалай шешімін тауып жатқандығын аудан тұрғындарына насихаттау мақсатында маңызды мағлұматты бөлісіп отырмыз. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде Төлеби ауданында 1000 МВт құрайтын бу-газ қондырғысы базасында электр станцияның құрылысы басталмақ. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ жүзеге асыруда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Төлеби ауданынан 100 га жер бөлінді. Жаңа жобаның құрылысы 2024 жылы басталып, 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылады. Ал жоба толық іске қосылғанда, 200-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Қуаты 1000 МВт бу-газ қондырғысы базасында электр станциясы негізгі алаңын салу жобасы бойынша «дайын күйінде тапсыру» кешенді жұмыстарды сатып алуға ашық тендер өткізу қорытындысы бойынша Doosan ENTERBILITY CO. LTD LTD және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы жеңімпаз деп танылды. Маневрлік генерациялау режимімен қуаты 1000 МВт болатын бу-газды қондырғы құрылысын «ПГУ Түркістан» ЖШС жүргізеді. Газ құбырының магистральдық желілеріне қосуға қажетті техникалық шарттары мен «KEGOC» АҚ электр желілеріне қосуға қуат беру схемасы негізге алынып, алдын ала техникалық-экономикалық негіздемелері дайындалған.
Жаңа электр орталығы іске қосылған жағдайда, өңірдегі энергия тапшылығын жойып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Сайрам ауданында да заманауи 1000 МВт бу-газ қондырғысы электр станциясы салынбақ. «Түркістан БГҚ» ЖШС-нің маневрлік генерациялау режимі бар бу-газ қондырғысы базасында электр станциясының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған нысанда өткен жылдың қараша айында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен бу-газ қондырғысының естелік капсуласы салынған болатын. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асыруда.
Бас мердігері – Корей мемлекетінің «Doosan ENTERBILITY CО LTD» және «Bazis Construction» ЖШС консорциумы. Шетелдік мамандармен бірлескен жұмыс қазақстандық инженерлердің, жобалаушылардың, құрылысшылар мен энергетиктердің тәжірибесін шыңдайды.
Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді.
Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады.
Жаңа бу-газ электр станциясының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр станциясының негізгі жабдықтары европадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станцияның құрылысын 2024 жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарлануда.
ТМД елдерінде теңдесі жоқ электр станциясының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 га жер бөлінді. Аталған жоба арқылы өңірдегі энергия тапшылығы реттеліп қана қоймай, өзге аймақтарды да сапалы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндірісті дамытуға оң серпін береді деп күтілуде. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан астам уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Айта кетейік, бу-газ қондырғылы электростанцияның бірқатар артықшылықтары бар. Бұл қондырғылар өндірілген электр энергиясының бірлігіне суды аз тұтынып, сәйкесінше, көп электр қуатын дайындайды. Қоршаған ортаға зиян келтірмейді. Сондай-ақ электростанция жұмыс істеуі үшін оған қажетті отынды темір жол арқылы тұрақты тасымалдауды қажет етпейді. Бұл электр желілері мен электр энергиясын тасымалдау құнын төмендетеді