ТҮРКІСТАН: 2 ШІЛДЕ ӘСКЕРИ-ӘУЕ КҮШТЕРІНІҢ ҚҰРЫЛҒАН КҮНІ


1998 жылы 2 шілдеде ӘҚК Әскери-әуе күштерін құру туралы директиваға қол қойылды.
Қазақстанның Әскери-әуе күштері – маңызды бағыттарды, аудандар мен объектілерді әуе қарсыласының соққыларынан қорғауға арналған негізгі маневрлік әскер тегі. Олар қазіргі заманғы ұшу аппараттарымен, оның ішінде көпфункционалды жойғыш ұшақтармен, екпінді, көліктік-жауынгерлік тікұшақтармен және әскери-көліктік авиация ұшақтарымен жабдықталған.
Ұшқыштарды жауынгерлік даярлау жүйесі үнемі жетілдіріліп отырады. Бұл ретте қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі барынша ескеріліп, талданады. Бұл іс жүзінде жеке құрамды ұрыс жүргізудің жаңа әдістері мен тәсілдеріне үйретуге, олардың жауынгерлік даярлық курстары мен бағдарламаларының мазмұнын түзетуге мүмкіндік береді.
Ұшу және инженерлік құрамның, тыл және байланыс мамандарының, авиациялық бөлімдердің азаматтық персоналының күнделікті қажырлы еңбегі қазақстандық авиацияның жауынгерлік әзірлігін арттыруға бағытталған.
«Қазақстанның әскери-әуе күштері – маңызды бағыттарды, аудандар мен объектілерді әуе қарсыластарының соққыларынан қорғауға арналған негізгі маневрлік атыс әскері. Олар әуе кемелерінің заманауи түрлерімен, соның ішінде көп функциялы жойғыштармен және соққы беруші тікұшақтарымен жабдықталған. Ұшқыштардың жауынгерлік даярлық жүйесі де ұдайы жетілдіріліп отырады. Сонымен қатар, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың тәжірибесі де ескеріліп, талданады. Мұның бәрі іс жүзінде жеке құрамды әуеде соғыс жүргізудің жаңа әдіс-тәсілдерін үйренуіне мүмкіндік береді», делінген ҚР Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Ведомство әскери-әуе күштерінің ептілігі «Жусан» гуманитарлық акциясы кезінде көрінгеніне назар аударады. Ұшқыштардың Сирияға рейстер жасап, азаматтарды елге жеткізгеніне тоқталады.
«2021 жылдың тамызында аса күрделі әрі қауіпті жағдайларда әскери-көлік авиациясының экипаждары Кабулдан келген отандастарды эвакуациялау операциясын жүзеге асырды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Елшілігіне көмек сұрап келген Қырғызстан, Ресей және Литва азаматтары да Ауғанстаннан гуманитарлық операция кезінде шығарылды», деп толықтырады баспасөз қызметінен.
«Біздің басты міндетіміз – еліміздің әуе шекарасын күзету және қорғау, мемлекеттік, әкімшілік және әскери насындарды әуе шабуылынан қорғау. Сонымен қатар, бізге, Қарулы Күштердің басқа түрлері мен Қарулы Күштердің бөлімшелерін әуеден қамтамасыз ету, арнайы және антитеррорлық операцияларға қатысу бойынша жауынгерлік тапсырмаларды орындау жүктелген», — деді генерал-майор Дәурен Қосанов.
Әуе қорғанысы күштерінің әскери бөлімдері мен бөлімшелерінің 90% Қазақстанның әуе кеңістігін күзету үшін тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады. Үстіміздегі жылы Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамы барлық оқу-жаттығуларға қатысты. Жаңа техника алынды, жас ұшқыштар қатарға қосылды, инженерлік-техникалық қызметкерлерді оқыту жалғасты.
«Егжей-тегжейлі айтатын болсақ, біз басқа да күштік ведомостволармен бірлесіп, армияны дамыту мен кәсібилендірудің, әскери қызметтің мәртебесі мен беделін арттырудың әскерлердің жауынгерлік даярлығы мен техникалық жарақтандырылуының сапасын арттырудың барлық аспектілері бойынша кешенді шараларды жүзеге асырудамыз, әскердің қоғамдағы, сондай-ақ халықаралық және әскери ынтымақтастық аясында беделін көтеруді іске асырудамыз», — деді генерал.
Бұл әскер тегіне мамандарды Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында дайындайды.
Әскери-әуе күштері ұшу экипаждарының кәсібилігі әртүрлі халықаралық, түраралық жаттығулар мен армия ойындарында бірнеше рет дәлелденді.
Бүгінгі таңда Қазақстан әуе шебін қорғаушылар әскери-әуе күштерінің даңқты дәстүрлерін лайықты түрде жалғастырып келеді. Олар ұшу шеберлігін жетілдіріп, күрделі оқу-жауынгерлік міндеттерді шешуде дайындығы айқын көрсетуде.

Әлбетте, тәуелсіз ел болудың басты шарты — сол мемлекетті қорғайтын айбынды әскерінің болуымен тікелей байланысты. Кез келген мемлекет өзінің қалыптасуын да ұлттық әскерсіз, қауқарлы армиясыз құра алмайтыны, тіпті елестете де алмайтыны айқын. Сол үшін ұлттық армия құруды Тәуелсіз ел іргетасының бірден бір мәселесі деуге де болады. Мысалы, қазақтың ілгерідегі тарихына үңілсек, бір кездері бодандық бұғауынан құтылудың, азат ел болудың мүмкіндігі байқала бастаған тұста дербес елдікті көксеген Алаш қозғалысының қайраткерлері де ең алдымен ұлттық әскер құруды кезек күттірмейтін мәселе ретінде күн тәртібіне бірінші шығарғанын білеміз. Айталық, сол Алаш қозғалысындағы ардақты тұлғалардың бірі Міржақып Дулатов ұлт көсемсөзі саналған «Қазақ» газетінде «Қайтсек жұрт боламыз?» деген мақала жазады. Сол мақаласында ойын түйіндей келе, Міржақып Дулатов: «Жауап біреу-ақ, біз әскеріміз болса ғана жұрт бола аламыз» — деп қайырады. Шындығында да бұл сол кезде ғана емес, әрқашанда солай маңызды һәм өзекті болатын дүние.

Ал Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан тұста Қазақстанның жағдайы қалай еді? Бұл тұста да мемлекеттілікті баянды ету үшін шапшаң шешімді қажет ететін көптеген міндеттердің ең негізгісі — Тәуелсіздікті қорғайтын, шекарамызды мызғымай ұстайтын, Отанымыздың қалқаны боларлық өз әскерімізді құру болды. Айта кетерлігі, 1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстанның Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы конституциялық заң қабылданып, онда «Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын күзету мақсатында өз Қарулы Күштерін құруға құқылы» деп айқындалған болатын. Кейіннен егемен елдің дербес Армиясын құрудың заңды құқығы 1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» тарихи Жарлыққа қол қоюымен жүзеге асты. Кейіннен, нақтырақ айтқанда 1998 жылдан бастап осынау күн Отан қорғаушылар күні аталып, әскерилердің кәсіби мерекесі ретінде айқындалды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы