ТҮРКІСТАН: 6 ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН САРБАЗ


Түркі дүниесінің жүрегінде орын тепкен Түркістан – сан ғасырлық тарих пен бүгінгі күннің болмысын бойына тоғыстырған қасиетті мекен. Осында, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген қатардағы жауынгер Шахбоз Сатыбалдиевтің тағдыры – ел рухын, достық пен бейбіт өмірдің жарқын мысалын айғақтайды.
Астанадан әскерге шақырылған жас сарбаздың ұлты – тәжік. Алайда оның жүрегі қазақ халқымен бірге соғып тұр. Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу барысында Шахбоз мемлекеттік тілді жетік меңгеріп қана қоймай, халқымыздың тарихы мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарап келеді. Жас жауынгер бүгінгі таңда қазақ, өзбек, тәжік, түрік, орыс және кәріс тілдерін еркін меңгерген.
— Әр тіл – тұтас бір халықтың рухани байлығы мен өмір салтының айнасы. Мен тіл арқылы ұлттың болмысын түсінуге тырыстым. Қазақ тілі – мен үшін жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол – менің құрметім мен ризашылығымның нышаны. Себебі мені жылы қабылдап, өз бауырына балап отырған ел – Қазақстан, — дейді Шахбоз.
Түркістан – мыңжылдықтар тоғысқан тарихи қала. Бұл шаһарға жыл он екі ай бойы шетелдік туристер көптеп келеді. Жергілікті тәртіпті қамтамасыз ету үшін қызмет атқаратын сарбаздар арасында бірнеше тіл білетін жауынгерлердің орны айрықша. Осы тұста Шахбоз Сатыбалдиевтің қабілеті ерекше бағаланып отыр.
— Түркістан – әлем туристері қызығатын тарихи нысандар мен киелі орындарға бай мекен. Мұнда тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Мен көшелерде қоғамдық тәртіпті бақылау кезінде жиі шетелдік қонақтарға жол көрсетемін, олардың сұрақтарына жауап беремін. Бірнеше тілді білу – бұл тұрғыда үлкен көмек, — дейді сарбаз.
Оның қызметке деген жауапкершілігі мен тиянақтылығы 5574 әскери бөліміндегі офицерлер мен командирлер тарапынан жоғары бағаланып келеді. Жас сарбаз – өзге ұлттың өкілі болса да, көптілділігі мен патриоттығы арқылы бірліктің қандай болатынын дәлелдеп жүр.
5574 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл басынан бері Түркістан қаласы аумағында 300-ден астам құқық бұзушылықты анықтап, қоғамдық тәртіпті сақтауда табандылық танытып келеді. Қатардағы жауынгер Шахбоздың да бұл үлеске қосқан еңбегі елеусіз емес.
Иә, Шахбоз сынды білімді, жігерлі, көптілді жастар – ел болашағының тірегі. Олар – ұлттар арасындағы татулықтың темірқазығы, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың алтын арқауы. Түркістан төріндегі сарбаздың бір ғана тағдыры – Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы достықтың, түсіністік пен патриоттық тәрбиенің айғағы. Оның өнегесі — ертеңгі буынға үлгі, ел бірлігіне сенім ұялататын шынайы өмір сабағы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы