Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесудің алғысөзі өңір басшысының баяндамасымен басталып, аймақтағы сан саладағы серпінді жобалар сөз болды. Сондай-ақ, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов былтыр кенді шаһарда атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасап, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі көрсеткіштер мен алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, жергілікті халықпен ашық әрі тиімді диалог орнатудың маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта облыс көлемінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сұрақ-жауап кезеңінде кентаулық тұрғындар инфрақұрылым, жұмыс орындары, жол жөндеу, білім беру мен денсаулық сақтау дәне туризм салаларына қатысты өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Өңір басшысы көтерілген әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын, кейбір мәселелерді жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп жедел шешу бойынша тапсырмалар берілетінін айтты.
Сапар аясында Нұралхан Көшеров қаладағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жағдайына да тоқталды. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыру мен өмір сүру сапасын жақсарту басты міндет екенін атап өтті.