ТҮРКІСТАН: АУЫЗ СУМЕН ҚАМТУ — АУҚЫМДЫ ЖҰМЫС


Жалпы Түркістан облысында елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту жұмыстары қарқынды. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей бақылауымен «сақалды құрылыстардың» мәселесін шешу жұмыстары өз нәтижесін беруде. Өткен жылы 70 нысанның құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен қаржы бөлініп, 38 нысанның құрылысы аяқталды. Қалған 32 нысан осы жылы пайдалануға беріледі. Қазіргі уақытта 27 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 120,5 мың халық ауыз сумен қамтылды.
“БҰҰ алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деп болжам жасап отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін. Сондықтан, біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек. Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл аса маңызды міндет. Үкімет су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуге тиіс. Су нысындарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісеміз. Ақмола, Алматы БҚО, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынады. Бұл ауқымды жоба, бірақ біздің қолымызда қажетті ресурстың бәрі бар. Атырау және Маңғыстау облыстарының аудандарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Астрахан Маңғыстау» су құбыры жаңғыртылады және Кендірлі кентінде су тұщытатын жаңа зауыт салынады. Жалпы ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін жоқ. Сондықтан өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықты 100% таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл Үкіметтің алдында тұрған басты міндеті”, – деді Мемлекет басшысы.
«Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай халықты 100 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Бұл меже – мемлекет басшысының сайлау алды бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қуатты аймақтар мен дамыған инфрақұрылым қалыптастыру ісі біртіндеп жүзеге асып жатыр. Себебі Ауыз су мәселесі шалғайдағы ауылдарда ғана емес, ірі қала мен мегаполистерде де өзекті.
Биыл жалпы құны 22,4 млрд теңгені құрайтын 62 сумен жабдықтау және су бұру жобасы жүзеге асырылуда, оның ішінде жыл ішінде 43 жобаны аяқтау жоспарланса, 19 жоба 2024 жылға өтуде. Нәтижесінде қалаларда сумен жабдықтау қызметіне қолжетімділік 96%, ауылдық жерлерде 92,5% болады. Сондай-ақ 15 мыңға жуық тұрғын қосымша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ 31 мың тұрғынды сумен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін 14 миллиард теңгенің 19 жобасы әзірленген. Бұдан бөлек су құбыры желілерін салуға тағы 30 жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Елордалық аймақты сумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы